Кәсіпқой бокс • 06 Қазан, 2020

Мәскеу «майданы»

300 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1989 жылдың 17 қыр­күйегі мен 1 қазаны ара­­­лығында КСРО-ның бас шаһары – Мәс­кеу­дегі «Олим­пий­ский» спорт кеше­нінде бокс­тан V әлем чем­пио­на­ты­ның жалауы жел­бі­реді. Айтулы жа­рыс­та 43 мемлекеттен келген 236 былғары қол­ғап ше­бері күш сынас­ты. Cо­лар­дың арасында ата­ғынан ат үркетін са­қа саңлақтармен қоса, жа­лын­дап өсіп келе жат­қан дарынды жас­тар да болды. Сол гүрзі жұ­ды­рықты жігіт­тер екі апта уақыт аянбай ай­қа­сып, 12 сал­мақ дә­ре­жесінің жүл­де­лерін өз­ара сарапқа салды.

Мәскеу «майданы»

Осыдан 31 жыл бұрын өткен дүбірлі доданы біз бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Оның өзіндік екі себебі бар. Біріншісі – дәп осы әлем чемпионатында КСРО құрамасы тұңғыш рет Куба боксшыларынан озып, командалық есепте көш бастады. Соған дейін өткен төрт бірдей байрақты бәсекеде Бостандық аралының өкілдері олардың алдын ораған болатын. Мәскеуде сан мәрте жіберген еселерін қайтарудың реті келді. Екінші себеп, Кеңес Одағының жұлдызды командасының сапында Қазақстанның екі бірдей өрені өнер көрсетті. Олардың екеуі де олжаға кенелді. Енді осы жайттарды рет-ретімен баян­дайық.

Бокстан әлем чемпионаты тұңғыш рет 1974 жылы Га­ванада ұйымдастырылған болатын. Сол жарыста аталған екі команда сегіз жүлдеден ол­жалағанымен, қоржынында 5 алтын, 1 күміс және 2 қоласы бар ринг қожайындары жалпы есепте көш бастады. 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальды иеленген КСРО екінші орынға тұрақтады.

1978 жылы Белградта куба­лықтар 5 алтын мен 3 күмісті қан­жығаларына байласа, Одақ­тың оғландары 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы еншіледі.

1982 жылы Мюнхенде 5 ал­тын, 1 күміс және 1 қола­ны олжалаған Кубаның қабыл­дан­дары қайта қара үзіп кетті. Бұл жолы 3 алтын, 2 күміс және 1 қо­ланы қанағат тұт­қан КСРО боксшылары басты қар­сы­ластарын айт­пағанда, АҚШ-тан да қалып қойды.

1986 жылы АҚШ-тың Невада штатындағы Рино қаласында өткен жарыс­та жоғарыдағы жағдай қайталанды. Бірінші орында Куба (7+2+2), екінші орында АҚШ (3+1+1) және үшінші орында КСРО (1+0+4).

Бесінші мәрте жалауы желбірген жарыста КСРО құрамасы өз тарихында тұңғыш рет командалық есепте көш бастады. Одақтың оғландары арасынан 54 кило салмақтағы Тимофей Скрябин ғана жеңіс тұғырына көтеріле алмады. 1/8 финалда ол ГДР-дың өкілі Дитер Берге есе жі­берді. Қалған боксшылардың барлығы да жартылай финалға жетіп, түрлі түсті медальдарды мойындарына ілді. Тарқатып айтсақ, Юрий Арбачаков (51 кило), Айрат Хаматов (57 кило), Игорь Ружников (63,5 кило), Исраел Акопкохян (71 кило) және Андрей Курнявка (81 кило) бас жүлдені олжаласа, Ев­гений Судаков (91 кило) пен Александр Мирошниченко (+91 кило) күміспен күптелді. Ал Ншан Мунчян (48 кило), Константин Цзю (60 кило), Вла­димир Ерещенко (97 кило) және Нұрмагомед Шанавазов (81 кило) қолаға қол созды. Барлығы 5 алтын, 2 күміс және 4 қола.

1

Екінші орынға жайғасқан Куба 4 алтын, 4 күміс және 1 қоланы иеленді. Бостандық ара­лының өкілдері арасынан Эн­рике Каррион (54 кило), Хулио Гонсалес (60 кило), Фе­ликс Савон (91 кило) және Роберто Баладо (+91 кило) тең­дессіз деп танылды. Қалған үш алтын­ды америкалық Эрик Гриф­фин (48 кило), румыниялық Франчиск Ваш­таг (67 кило) және гер­ма­ния­лық Генри Маске (75 кило) олжалады.

Мәскеудегі жарыста жеңіс тұ­ғырына көтерілген Қазақ­стан­­ның екі боксшысы жайын­да айтар болсақ, 63,5 кило салмақтағы Игорь Ружниковқа жеребе өте қиын түсті. Ізгі ни­ет ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионы деген ата­ғы бар Теміртаудың тү­легі тұсау­кесер кездесуінде Сеул Олим­пиадасының күміс жүл­дегері, аустралиялық Грэм Чей­нимен қолғап түйістірді. Бұл бәсеке 19:7 есебімен Игорьдің пайдасына шешілді. Ширек финал­да әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Панамерика ойын­дарының жеңімпазы, кубалық Канделарио Дувер­хельді қапы қалдырды – 22:14. Жартылай финалда Юго­сла­вияның мықтысы Ву­­ка­шин Добрашиновичтің тас-тал­қанын шығарды – 16:3. Фи­налда ГДР-дың шебері Ан­дреас Оттоның осал тұсын тапты – 19:14. Осылайша, Игорь Руж­ников әлем чемпионы атанды. Сөз орайы келгенде 1986 жылы Мәскеуде өткен Ізгі ниет ойындары барысында жерлесіміз кейіннен кәсіпқой рингтің шоқ­жұлдызына айналған Рой Джонс­ты жеңгені жайында айта кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз.

Аса ауыр салмақтағы Алек­сандр Мирошниченко Қос­танай қаласында туып-өсті. Мәскеудегі жарысқа дейін ол Сеул Олимпиадасы мен Әлем кубогының және Еуропа чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанып үлгерді. Ізгі ниет ойындарының финалында ұтылды. Мәскеудегі додада Мирошниченко ГФР-дың дүлдүлі Андреас Шнидерсті екінші раундта ұрып жықса, чехословакиялық Ладислав Ху­сарикті оңдырмай сабады – 19:5. Бірақ ақтық айқаста жерлесіміздің Кубаның жас перісі Роберто Баладоға әлі жет­педі – 9:18. Сөйтіп, Алек­сандр күміс медальды иемденді.

Бір өкініштісі, алыптардың финалдық сайысында жұды­рықтасқан екі саңлақ та қазір арамызда жоқ. Мәскеуде алтын алған Роберто Баладо кейіннен сол белесті тағы екі мәрте бағындырды. Панамерика ойындарын ұтып, Барселона Олимпиадасының жеңімпазы атанды. Өзгелерді айтпағанда, дуалы ауыз мамандардың өздері «бұл жігіт келешекте Теофило Стивенсон мен Феликс Савон сынды әлемдік бокстың жарқын жұлдыздарының алдын орайды» деген болжам айтты. Бірақ Баладоға ондай бақ бұйырмады. Оның өмірі келте болды. 1994 жылдың 2 шілдесінде атақты боксшы тізгіндеген жеңіл кө­лік Гаванадағы темір жол өткелдерінің бірінде зымырап келе жатқан пойызбен соқтығысты. Ол сол жерде ол жантәсілім етті. Роберто небәрі 25 жаста еді...

Кезінде Александр Мирош­ниченко Леннокс Льюис пен Риддик Боуды жақсылап тұрып сабағанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Кейіннен олар кәсіпқой рингтің көкжалына айналды. Қостанайдың алыбы 29 жасында былғары қолғабын шегеге ілді. 2003 жылдың 19 мамырында ол жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ресми мәліметке сен­сек, Қостанай қала­сын­дағы өзінің тоғы­зыншы қабаттағы пә­теріндегі подъезге шы­ғады да, сол жерден төмен құлап кетіп, мерт болған. Бірақ өзі құлады ма, әлде басқа біреу құ­латты ма, ол жағы бей­мәлім. Осы жағдайға бай­ланысты ел арасында түр­лі сыбыс тарады. Тіптен «бұл тапсырыспен істелген қыл­мыс» деген де болжамдар айтылды. Қалай болғанда да, атақты боксшы 40 жасқа қараған шағында өмірден озды...

1991 жылы Сиднейде өткен әлем чемпионатында КСРО мен Куба құрамалары арасындағы тартыс қайта жалғасты. Бұл жолы аралдықтардың басым­ды­ғы айқын болды. Олар бас жүл­денің төртеуін алса, Одақ­тың оғландарына бір ғана алтын бұйырды. Бұл жолы олар Болгария мен Германиядан да қалып қойды. Көп ұзамай қызылдар империясы келмеске кетті. Бұрынғы «бауыр­лас» республикалар жеке-жеке отау тікті. Соның нә­ти­­жесінде бокс картасында Қазақстан, Украина, Ресей, Өз­бекс­тан секілді қатарға жаңа­дан қосылған алпауыт елдер пай­да болды. Бүгінгі таңда Ку­баның дүбірлі додалардағы бас­ты бәсекелестері дәп осы мемлекеттердің өрендері.