Медицина • 06 Қазан, 2020

Дәрігерлер тегін жолдамаға ие болды

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Індет кезінде ілгері шепте жүрген дәрігерлердің еңбегін елі ескерусіз қалдырмауда. Пандемия кезінде ақ халатты абзал жандар өздерінің кәсіби борышын абыроймен орындады. Жұқпалы аурумен күресуде ештеңеге қарамай жеке бастарын қауіп-қатерге тігіп, жұмысын жалғастырған барлық ақ халаттыларға қанша алғыс білдірсек те жеткіліксіз. Кәсіподаққа COVID-19-бен күресуде алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерінің өз күштерін қалпына келтіруі өте маңызды, дейді тұрғындар.

Дәрігерлер тегін жолдамаға ие болды

Дәрігерлерге құрмет көрсетуде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы да қалыс қалып жатқан жоқ. Кеше ғана індет жұқтырып қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 3 млн теңге қаржы бөлген олар енді COVID-19 індетін жұқтырып, ауырған медицина қызметкерлерін тегін жолдамалармен қамтамасыз етуде. Яғни «SENIM» кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы медицина қызметкерлерін қолдауға және оларға денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беруге шешім қабылдады. Өз міндеттерін орындау кезінде індетті жұқтырған және коронавирустық инфекциямен ауыр немесе орташа түрде ауырған кәсіподақ мүшелері кәсіподақ қаражаты есебінен еліміздің емдік шипажайларында тегін емделе алады.

Бұл бағытта кәсіподақ пен шипажайлар арасында келісім жасалып, жолдамалар сатып алынды. Бүгінгі таңда өңірдегі медициналық ұйымдарға 100 пайыздық төлеммен 50 жолдама бөлінді.

Қиын кезде бірін-бірі қолдап, қорғаған халқымыздың қандай қиындықтан да қаймықпай шығары анық.

 

Маңғыстау облысы