Қоғам • 06 Қазан, 2020

Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам маман даярланды

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің Қарулы Күштерінде "Қуатты армия – ел тірегі" ұранымен өткен кезекті оқу жылы аяқталуда, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам маман даярланды

Қарулы Күштерде әскерлерді қорытынды тексеру басталды. Екі апта ішінде әскери қызметшілер саптық, мемлекеттік-құқықтық, кәсіби, арнайы, атыс және дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақтар тапсыратын болады. Бұдан бөлек, жалпыәскери жарғылар бойынша білімдері тексеріледі. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жөніндегі нормативтер орындалады. Әрбір бөлімше дайындық деңгейіне сәйкес баға алады.

Осы жылы коронавирустық инфекция пандемиясы жеке құрамды оқытуға белгілі бір өзгертулер енгізді. Әскери қызметшілердің төтенше жағдай және карантин режимін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі іс-шараларға қатысуын ескере отырып, іс-шараларды өткізу мерзімдері мен олардың форматы өзгерді.

Коронавирустық пандемияның өршуі кезінде армия төтенше жағдайды қамтамасыз ету шараларына қатысты. 10 мыңнан астам әскери қызметшілер тосқауыл бекеттерінде қызмет атқарды. Елді мекендерді патрульдеуге қатысып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды өңдеді. Сонымен қатар, бірқатар әскери медициналық мекемелер КОВИД-стационар ретінде қайта бейінделді. Әскери госпитальдер мен лазареттердің дәрігерлік-мейірбикелік бригадалары жергілікті денсаулық сақтау органдарының қарамағына жіберілді.

Соған қарамастан армияның жауынгерлік әзірлігін қолдау жөніндегі барлық іс-шаралар толық көлемде орындалуда. Қойылған мақсаттарға жету үшін 200-ден астам түрлі жаттығулар, атыс дайындығы аясында 20 мыңнан астам жауынгерлік атыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ жауынгерлік машиналар мен автомобиль техникасын жүргізу бойынша 16 мыңнан астам сабақ өтті. Бұл ретте сабақтар тәулік бойы өткізілді. Бір жыл ішінде Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам маман даярланды.

Еліміздегі карантин шараларының жұмсаруына байланысты әскерилер ауқымды іс-шараларға кірісті.

Қарулы Күштер үшін маңызды оқиға "Мәтібұлақ" полигонындағы "Алдаспан-2020" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы болды. Әскерлер оқу-жаттығуды өткізу орнына марш жасап, арнайы әскери операцияны дайындау және өткізу бойынша міндеттерді пысықтады. Айта кету керек, оқу-жаттығудың ерекшелігі қазіргі қарулы қақтығыстарда соғыс жүргізу тәжірибесін енгізу.

Сонымен қатар Әуе қорғанысы күштері "Таза аспан-2020" жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты. Оқу-жаттығу барысында әскери авиация және Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері шартты әуе қарсыласын көрсету бойынша міндеттерді пысықтады. Оқу мәселелеріне әуе шабуылына қарсы қорғаныс бойынша жауынгерлік кезекшілік күштерін қолдану, ӘШҚҚ әскерлері топтарының жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуі бойынша міндеттер кірді.

Әскери-теңіз күштері Каспий акваториясында теңіз экономикалық қызметі нысандарын қорғау және теңіз жағалауын қорғау бойынша оқу-жаттығу өткізді.

Қазіргі уақытта Тілендиев кентіндегі оқу-жаттығу полигонында ел тарихындағы алғашқы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуы жалғасуда. Онда жеке құрам дағдарысты ауданда бейбітшілікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияны дайындау және жүргізу жөніндегі міндеттерді пысықтауда.

Еліміздің барлық өңірлерінде "Алтын Жебе" арнайы операциялар күштері құрамдастарының күштері мен құралдарын кешенді тексеру жүргізілуде. Бір ай ішінде әскери қызметшілер күштер мен құралдарды қолдануды ұйымдастыру мәселелерін пысықтайды, сондай-ақ арнайы оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын болады.