Өз сөзінің басында, Біржан Нұрымбетов, бүгінгі таңда әлемнің 18 елінде ғана әлеуметтік кәсіпкерлер қызметін реттейтін жекелеген заңдар қабылданғанын жеткізді. 20-ға жуық ел қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізуді жөн көрді.
«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік жеке нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Жалпы кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілген. Бұған қарамастан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (әрі қарай - ЕХӘҚМ) басқа ведомстволармен және халықаралық ұйымдармен серіктестікте, халықтың әлеуметтік осал топтарын кәсіпкерлік қызметке тарту бойынша 5 бағыт аясында жүйелі жұмыс жүргізуде», - деді министр.
Бірінші бағыт «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдау болып, оның шеңберінде аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасылардың мүшелері, жұмыссыздар, мүгедектігі бар тұлғалар және тағы басқа тараптар кәсіпкерлік қызметке белсенді тартылуда. Бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде 2 миллионға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды.
«Биылдың өзінде 769 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгені құрайтын жеңілдетілген шағын несие берілді. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 9 мыңнан астам адам мемлекеттік грант алды, 10 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Екінші бағыт әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Осы мақсатта ЕХӘҚМ «БҰҰ-Әйелдер» бейінді агенттігімен бірлесіп, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жобасын жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бүкіл республика бойынша Нұр-Сұлтандағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мен Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталықтары тәжірибесі тарауда.
«Бүгінде елімізде 31 орталық, оның ішінде 19-ы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ашылды. Бұл орталықтарда 225 адам жұмыс істейді және оның 31-і белсенділер қатарынан және көпбалалы аналар мен мұқтаж аналар. Осы уақытқа дейін орталықтарда 170 мыңнан астам адам қызмет алды. Орталықтар тек жұмысқа орналастыруға ғана емес, әйелдер кәсіпкерлігіне басымдық береді», - деп толықтырды ЕХӘҚМ басшысы.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда аз қамтылған әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған 8 орталық ашылды. Олардағы жұмыс шағын бизнес-инкубаторлар сипатына негізделген. Тиісті орталықтарда 100-ден астам көпбалалы және аз қамтылған ана өз бизнесін бастады.
Үшінші бағыт - арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін әртүрлі жеке медициналық-әлеуметтік мекемелердің, дағдарыс орталықтарының жұмысын жақсарту.
Қазіргі кезде Қазақстанда арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын 931 ұйым бар, оның ішінде 180-ге жуық мемлекеттік емес ұйым өз қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы да жүзеге асырып келеді.
Төртінші бағыт - әлеуметтік кәсіпкерлікті тұрақты негізде көтермелеу және танымал ету.
2013 жылдан бастап, ЕХӘҚМ, қоғамдық бастамаларды қолдауға және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық көрмесін өткізіп келеді. 7 жыл ішінде байқауға 1192 жоба қатысты, оның ішінде 171 әлеуметтік жоба түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз деп танылды.
Бесінші бағыт мүгедектігі бар кәсіпкерлерді, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтыған, сондай-ақ мүгедектерге арналған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіретін кәсіпорындарды қамтитын «Scaleup» бизнесті қаржылай емес қолдау бағдарламасын іске асыруды көздейді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп таңдаған тізімге 76 ұйым кіреді. Осы компаниялармен бірге даму мен қызмет ауқымын кеңейтудің жол карталары әзірленді.
Өз сөзінің соңында, Біржан Нұрымбетов, ЕХӘҚМ мүгедектігі бар тұлғаларға арналған заңнамаға түзетулер легін әзірлегенін айтты. Олардың бірі осы санаттағы азаматтарға арналған жұмыс орындары квотасын іске асыруды ынталандыруға бағытталған. Осылайша, баламалы нұсқа – тоқсанына 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 42,5 мың теңге өтемақы жарнасын енгізу жоспарлануда. Бұл шара мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік жауапты кәсіпорындар арасында жұмысқа орналастыруға бағытталады.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын жеке HR-агенттіктердің қызметіне төленетін ақыны ұлғайту жоспарланып отыр.