Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Қарағандыда орталық көшелердің біріне хакімнің есімі берілді

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылдың басында, нақтырақ айтқанда 13 қаңтар күні Қарағанды қаласында көше атауларын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау өткен болатын. Тартысты болған сол жиында қоғам белсенділері кеншілер астанасындағы бірнеше көшенің мән-мағынасы ескірген атауларын өзгертудің күн тәртібінде өткір тұрған мәселе екендігін айтып, бастама көтерген еді.

Қарағандыда орталық көшелердің біріне хакімнің есімі берілді

Өзгерту қажет деп саналған көшелердің қатарында Ленин көшесі де аталған-тын. Енді міне, сөз іске асып, Қарағанды қаласындағы орталық көшелердің бірі – Ленин атындағы көшенің атауы келмеске кетіп, заман талабына сай «Абай көшесі» болып өзгертілді.

Айта кететін бір жайт, бұл өзгертуге жергілікті бюджеттен көк тиын да жұмсалмады. Жаңа атау жазылған тақтайшаларды ауыстыруға кеткен барлық шығынды жеке кәсіпкер Ерлан Әшім көтеріп алған екен. «Ленин көшесінің атауын Абай көшесіне ауыстыруға байланысты барлық шығынды  қаламыздың патриоты, жанашыр кәсіпкер, «Nәtige» сүт фабрикасы» ЖШС-нің директоры Ерлан Әшім өзі көтеруде. Көше атауын ауыстыруға бюджеттік қаражат бөлінген жоқ», деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.

Еске салар болсақ, жоғарыда айтқан қоғамдық тыңдауда болған айтыс-тартыс кезінде «Бюджеттің қаражатын босқа шашқанша, ақшаны басқа да шешімін күткен мәселелерге неге жұмсамасқа?», деген сарындағы пікірлер де айтылған болатын. Міне, сол кезде осындай пікір иелеріне қарата жеке кәсіпкер Ерлан Әшім көше атауларын өзгертуге кетер шығынның бәрін өзі көтеруге даяр екендігін мәлімдеген еді.

Қарағанды қаласының тұрғындары орталық көшелердің біріне кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының есімі берілгенін зор қуанышпен қабыл алды. Мұндай игі істі олар хакімнің биылғы 175 жылдық мерейтойына арналған лайықты тарту деп есептейді.

 

 

Қарағанды облысы