Таным • 07 Қазан, 2020

Созақ көтерілісінің қасіреті

1959 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бұл қазақтың басынан не өт­педі?!. Халқымыз талай қиян-кескі соғысты да, ашар­шы­лық­ты да көрді, нәубет жылдарды бастан өткерді. Тарихшы мамандардың айтуы бойын­ша, 1929-1931 жылдары елі­мізде кеңестік-тоталитарлық саясатқа қарсы 350-ден аса бұқаралық бас көтеру болыпты. Бұл қан жоса қылып басылған көтерілістер туралы деректер еліміз егемендік алғанға дейін аса құпия сақталды.

Созақ көтерілісінің қасіреті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

­­­­­­­Жарты ғасыр бойы айтылмай, тарихы жазылмай келе жатқан қанды оқиғаның ең ірісі 1930 жылы ақпан айының 7-16 жұлдызы аралығында Созақта болған халық наразылығы еді. Адам шығыны мен қатысқандар саны жағынан ең ауқымды бұл көтерілістің тұтануына халықтың қолындағы мал-мүліктің заңсыз тәркіленуі, зорлық-зомбылық, қолындағы соңғы сауын малына дейін тартып алынуы, «жүн салығы», «мақта салығы» т.б. түрлі салықтардың салынуы себеп болды. Оның үстіне осы заңсыз істерді асыра сілтеумен шегіне жеткізген коммунистер мен комсомолдардың, түрлі уәкілдер мен шолақ белсенділердің бассыздығы отқа май құя түсті. Күй­зеліп, әбден жұтаған халық, намысы тап­талған бұқара амалы таусылып, атқа қонуға мәжбүр болды.

1928 жылдың тамызында Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің «Ауқатты байлардың мал-мүлкін тәр­кілеп, жер аудару» жөніндегі қаулысы шыққаннан кейін Қазақ өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекин елді неғұрлым қысқа мерзім ішінде отырықшылыққа көшіруге пәрмен берді. Күштеп, зорлықпен тігерге тұяқ қалдырмай малды ортаға салды, ал «орта болмаймыз, колхозға бірікпейміз» дегендер түрмеге жабылды. Орталық биліктің жергілікті жердегі шаш ал десе, бас алатын бел­сенділері ойына келгенін істей бастады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков «Созақ көтерілісіне жергілікті белсенділердің жасы келген адамдарды апанға салып, қыс айларының қар аралас жаңбыр кезінде азаптауы түрткі болған», дейді. Кім біліпті, 1930 жылдың қысы кетпей жатып орта шаруалардың үлкен тобын «бай-құлақ» деп айыптап, Созақ пен Шолаққорғанның жанында қазылған апанға салмаса, бұл көтеріліс дәл осылай лап етіп басталмас па еді?!.

Ақпанның аласапыранында әр ауылдан бас көтеріп шыққан нара­зы жігіттер жиналып, қолдарына қару алды. Атқамінерлері бас қосып, ал­қа кеңес құрды. Дәстүр бойынша толқыған жамағаттың басын қоса­тын, жөн сілтейтін ханы болуға тиіс­ті. Халық бірауыздан Тама руынан шыққан Сұлтанбек Шалақұлын хан көтеріп, көтеріліске жетекші етіп сай­лапты. Сол жылдардан халық жадына жатталып, ел аузында сақталған толғау-жырда:

 «Хан сайладық қарадан,

 Азғантай ауыл Тамадан.

 Шалақтың ұлы Сұлтанбек,

 Хан болып шықты арадан...», – делінеді.

 Ел намысын ту қылған есіл ерлер Сұлтанбек Шалақұлы мен бас мерген Салықбай Аралбайұлы бастаған халық батырлары мұздай қарулы қызыл өкі­мет жасағына, ел-жұртын қан қақ­сатып, сатқындық жасаған шолақ белсенділерге қасқайып қарсы тұрды. Азаптың апанына тасталған аяулы ұлдарын тыныш жатқан елге тиісіп, зорлық-зомбылық жасағандардан арашалап алу үшін аянбай күресті. Әбден аяусыз қаналған, кеңестік жүйенің озбырлығын мейлінше тартқан ха­лық күші «Алла! Алла! Алла!» деп ұрандатып, Созақ абақтысында жат­­қан­дарды босатып алды. Атқа қон­ған, арқасы қозған, ашынған топ қам­ба, дүкендердегі азық-түлікті тонап, бұқара халыққа таратып берді. Аудандық атқару комитетінің кеңсе­сі өртеніп, хатқа түскен байлар тізімі жо­йылды. Балта, айыр, орақпен қару­­ланған көтерілісшілердің жалпы саны екі мың адамнан асты. Бұрын-соңды бұл аймақта болмаған бұқара халықтың наразылық үні «Аллаху! Аллаху! Аллаху!» деп Созақ аспанын кернеп тұрды... Осы ұран, «Аллаху!» атауы атадан балаға жетті. Созақ то­пы­рағынан таралғандардың қай-қай­сысының да «Аллаху!» десе елең етпейтіні жоқ. Өйткені бұл – қанды көтерілістің ұраны һәм сол кезеңнің жан жарасы, көтерілісшілердің ұрпақ­тарының маңдайына басқан замана ен-таңбасы...

 Көп ұзамай сүйреткен зеңбірегі бар от қарулы жазалаушы отрядтар келіп жетті. Бірен-саран шошайған білте мылтығы бар көтерілісшілер қор­шауға алынды. Қан қасап қырғын болды. Қайнар елді мекенінің жа­нын­дағы Дуана деген жерде қазір де жазалаушы әскердің лагерінің орны сақталған. Көтерілісшілер қырылып біткен соң кезек бейбіт халыққа келді. Амал жоқ, аталарымыз кір жуып, кіндік кескен жерін тастап босып кетті. Сол бір «Үр­­кіншілік» жылдарын­да созақтық бейбақтар сияқты жалпы қалың қазақ­тың миллионға жуық жан басы көрші мемлекеттерге ауа қашып, оның жарты миллиондайы ғана жат жұртқа аман жетіп, бас сау­ғалағаны бүгінде белгілі жайт. Ел­ден безе қашқан біздің аталарымыз көп ұзамай Қырғыз елінің Ош елді мекеніне қоныс тебеді. Менің Асқар атам тумасынан кең пейілді, мінезі жаймашуақ жайлы жан еді. Бауырлас қырғыздармен өз туысындай аралас-құралас болып кетеді. Олар да азған-тозған, босқан қазақ бауырларын бауырына басып, жан сақтап, ел ретінде түтіндерін түзу ұшыруға көмек қолын созады.

Атамекен, атажұрт аңсатпай қоя ма, аталарымыз жылда елге жасырын жаушы жіберіп, туған жерден хабар үзбейді. Бірақ қылышынан қан тамған «күн көсем» тірі тұрғанда, ста­линдік озбырлық тоқтамай, елді зарлатып тұрғанда олардың қопарыла қайта көшуіне батылдары бармайды. Тек 1954 жылы ғана Ошта ошағын өшірмей, бала-шағасын аман сақтап қалғандар туған топыраққа оралады. Әулетіміз ең алдымен әулиелі Түркістанға тұрақтайды, осылайша менің кіндігім Қырғызстанда кесіліп, ал балалық шағым туған елімнің құ­шағында өтті.

Менің әкем Әбжаппар Шалқарұлы 1920 жылы Созақ ауданының 11-ші ауылында дүниеге келіп, балалық шағы сол жерде өтеді. Жеті жас шамасында анасы, сегіз жасында әкесі опат болып, әкесінің інісінің қолында болады. Кейін ата-анасыз тұлдыр же­тім есебінде Түркістандағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Осылайша ол Созақ көтерілісін өз көзімен көре алмағанын, бірақ барша бауырларынан естіп-білгендерін, «Аллаху!» тарихын там-тұмдап айтып отыратын.

1957-58 жылдары мен әлі баламын, әйтсе де әкемнің немере ағасы Жуасбек атамның маған аса бір құ­пия­лап айтқан мына бір әңгімесін әлі күнге ұмыта алар емеспін. «Кө­теріліске қатысып, мергендер са­пын­да болдым. Қолымызда білте мыл­тық, жүзбасы мен онбасының тапсырмасымен ғана атамыз, өйткені оқ дәрі тапшы. Бейсауат оқ атуға тыйым салынған, атқан оғың қаңғып далаға кетсе, екінші оқты онбасы не жүзбасы өздері атады. Осылайша Созақтың тұсындағы Балықшытау асуын бақы­лауда ұстадық. Бірнеше күн Түр­кіс­тан жағынан келе жатқан қызыл әскерлерді тосқауылдап, алға жылжытпай қойдық. Арқа тұсымыздан, Шолаққорған жағынан келген қарулы отрядпен де атыстық. Бұлардың күші басым, қару-жарағы өзгеше болды. Қайта-қайта жер сілкінеді, мұндайды көрмеген біз абдырап қалдық. Сөйтсек олар зеңбірекпен топ атады екен, ол айналасын айран-асыр қылып жайратады екен. Тасаға байланған аттарымыз да шылбырын үзіп қаша бастады. Осылайша бұл соғыста жеңіліске ұшырадық. Тек ажалы жетпегендер, тақымы жүйрік атқа іліккендер ғана аман қалды.

Көтеріліс басылған соң жаппай тергеу-тексеру, шетінен тұтқындау басталды. Күніне бір-екі отбасы ізім-қайым жоқ болатын болды. Сон­­­­­дықтан бір түнде ағайындармен бір­­ге біз де Қырғызстанға ауа көше жөнелдік. Уақыттың тарлығы сонша, көрші ауылдағы Қарлығаш апама да, әкемнің інісіне де хабарласуға мұршам болмады. Сол жылдардағы бойға сіңген үрей Қырғызстанда жүр­генде де басылмады. Кеудемізде елге деген сағыныш оты лаулап жүрсе де, кейін қарай қайтуға батылымыз жет­педі. Тек 1954 жылы Сталин өлгеннен кейін ғана Қазақстанға келіп, Арыс қа­ласының маңына Қаражантақ деген жерге қоныстандым. Сен әлі ба­ласың, міне, арада отыз жылдай өт­се де Созақ көтерілісінің зардабы әлі тарқаған жоқ. Сенен өтінерім, бір жерде бұл туралы әңгіме болса, «Аллаху!» дегенді естісең, сол жерден үн-түнсіз сытылып шығып кете сал... Аш пәледен қаш пәле... Бәріне уақыт – төреші. Ақиқат қап түбінде жатпас, түптің түбінде айтылар уақыты да келер. Елім деп, мал-жаным деп еңіреген есіл ерлердің армандаған сәті де туар. Еркіндік қашан да қымбат қазына, қара басың бостан болғанға не жетсін?!. Осыны есіңнен шығарма, айналайын!..».

Осылайша маған ішіне сыймаған сырын ақтарған Жуасбек атам сонау 1960 жылы өмірден озды. Топырақ Түркістан қаласынан бұйырды. Бү­гінде ойлап отырсам, осы құпия та­рихтың шет-пұшпағын оңашалап ма­ған айтуының себебі сол кездегі біз­дің әулетіміздегі ұл балалардың ересегі мен екенмін, басқа інілерім – ол кезде әлі ойын балалары. Арада ондаған жыл өтсе де Жуасбек атамның сол бір жанын жаралаған оңаша әңгімесі са­намда сайрап тұр. Бұл салмағы зіл­батпан естелік ата-бабаның маған аманаттаған ғасырлық өсиеті екенін енді ғана ұғынып, жан жүрегіммен сезінгендеймін... Сірә, бұл жазықсыз жандары қиылған, нақақтан қандары төгілген аталарымның рухы шығар... Олар маған бізді ұмытпай, еске алып жүргенің азаматтығың, енді оны ұр­пақтарыңның құлағына құй, бізді елеп-ескерер ескерткіш орнат, дұға-тілегіңнен тастама деп тұрғандай... Ата-баба аманаты деген елес ұғым бүгінде нақты шындыққа айналып, санамды тырмалайды, жүрегімді сыздатады. «Жер басып осынша жылдар өмір сүргенің, ғалым атанып абырой-беделге ие болғаның, бақуатты өмір сүргенің, ұл-қызды, ұрпақты бо­­лып жапырақ жайғаның... бәрі біз­дің ар­қамызда екенін ұмытпа» деп тұр­ғандай... «Біздің сұраусыз төгілген қа­ны­мыз сенің бойыңды жылытып тұр, біздің кебінімізді киіп шығып, ар-на­мыс жолында құрбандыққа шалған ру­хымыз сенің төбеңде, еліміздің ас­па­нында қалықтап жүр... Ұмытпа бізді...» деп түнде түске енеді, күндіз күл­кіден айырады... Халайық, сол бір қа­ралы күн­дерді қалай ұмытуға болады?!.

Менің білуімше, тек Созақ кө­тері­лісі құрбандары ғана емес, жоғарыда айтылған сол кездегі билікке, режім­ге қарсы бас көтерген 350 толқу, көтерілістің қай-қайсысы да тарихи бағасын ала алмай келеді. Олар біздің санамызға «Бай-құлақтар мен дін басыларының кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтерілісі» деп ғайбатталып келді. Маңдайларына «Аллаху!» ен-таң­ба басылған ұрпағы ауыз ашуға қо­рықты. Ата-баба ерлігін еске алып, бас көтермек болғандары аяусыз қуда­ланды. Талай ұрпақ жалған тарих, дабыра мақтанмен тәрбиеленді. Тіптен отыз жылдық тәуелсіз тірлігіміздің өзінде «ақтаңдақтарды» толық ашып, ақ сөзімізді, шындықты толық айта алмай келеміз.

Өткен ғасыр халқымыз үшін қасі­ретке толы, зобалаңды, зұлматты заман болды. Ұлтымыз адам айтқысыз демографиялық апатқа, шын мәнінде геноцидке жолықты. Басқасын айтпа­ғанда, мәселен, Созақ ауданынан өсіп шыққан бірде-бір жергілікті кадр жауапты басшылық қызметке жоға­рылатылмады. Аудан басшысы 70 жыл бойы сырттан жіберілді.

Сонау 1990 жылы-ақ Қазақ­стан­ның «Әділет» тарихи-ағарту қо­ғамының Созақ аудандық бө­лім­шесінің басқарма жиыны «1930 жылғы Созақ көтерілісін «Алаш­орда­шылардың, байлар мен ишан­дардың басшылығымен кеңес өкі­метіне қарсы ұйымдастырылған контр­ре­волюциялық қарулы кө­те­рі­ліс» де­ген баға әділетсіз, қазақ ұлтына жа­былған жала, ендігі жерде бұны ста­линдік-тоталитарлық жүйенің зор­лық-зомбылығы, террорлық әре­кеті деп тұжырымдалсын» деген қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулының негізінде Созақ ауылында «Созақ кө­терілісіне – 70 жыл» және Сұлтанбек Шалақов атындағы көшелер пайда болып, мемориалдық тақта орнатылған еді. Көтеріліс құрбандарына орнатылатын ескерткіштің орны белгіленіп, тіптен тұғыры да құйылған еді. Еңселі ескерткіштің жобасын жасауға байқау жарияланған. Шейіт кеткен ата-баба аруағын құрмет тұту мақсатында еңселі мұнара мен көтеріліс басшы­сы Сұлтанбек Шалақұлына дербес ескерткіш орнатуға құлшыныс біл­дірілген. Ойына келгенін істейтін орыста «Уәде бергенді үш жыл күт» деген мақал бар ғой, ал біз, міне, отыз жыл бойы шешімі жоқ, жауабы та­былмаған сұрақтарға малданып отырмыз.

Бір шүкіршілігі, соңғы жылдары «Тама Қарабура» қоғамдық қорының төрағасы Орынбек Ибжанов «Созақ қасіреті» мемориалдық кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Азалы қасірет мемориалының тұрғызылуы – Созақ көтерілісі құрбандарының көз­сіз ерлігіне берілген халықтық баға, бүгінгі ұрпақтың өткен тарихқа тағзымы, тағлымды тәрбиенің, иманды игіліктің үлгісі болмақ. Баршамызды ата-бабамыздың намысты рухы қол­дап жүрсін! Тәуелсіздік жолында ше­йіт болған шаһид ерлердің ерлігі мен есімдері мәңгілік халық жадында жаң­ғырсын!

 

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,

профессор,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері