Әлем • 07 Қазан, 2020

Aspan Gallery алғаш рет Лондонда

422 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің заманауи өнер галереясы Aspan Gallery танымал суретшілер Алмагүл Меңлібаева мен Ербосын Мелдібековтің көрмесін Ұлыбританияда ашық деп жариялады. Лондондағы музейлер ауданының қақ жүрегінде орын тепкен арт-хабта өтіп жатқан көрме – өнер галереясының алғашқы жобасы.

Aspan Gallery алғаш рет Лондонда

Ербосын Мелдібеков, «Мутации», 2007

Кеңестік танымал авангард өкіл­дерінің бірі, қылқалам шебері Сер­гей Калмыковтың (1891-1967) «Әлем­де қозғалыссыз дүние жоқ: нүкте болу қиын, сызық болу оңай» деген сөздері көрменің атауы ретінде алынған. Калмыков – Орталық Азия­­ның заманауи өнерінің дамуы­на, жаңғыруына өлшеусіз үлес қос­қан тарихи тұлға. 1930-жыл­­­да­ры Кал­мыков Орынбордан Алма­тыға қоныс аударып, Кеңес Ода­ғы­ның ресми көркемсурет стилі – со­циа­листік реализм аясынан қиял-ға­жайып әлемді тудырған болатын. Сер­гей Калмыков өз-өзін «кәсіпқой данышпан» деп атағандай, осынау сөз тіркесі қос суретшінің екі түрлі танымын, екі түрлі болмысын ерекшелеп тұрғандай.

«Сызық – Алмагүл Меңлібаева­ның туындыларындағы әйел болмысындай бір күйден екіншісіне өтуді білдіреді және дәлме-дәл анықтаманың болмауынан мән­дер мен бейнелер әрдайым жаңа түрге көшіп отырады. Ал Ербо­сын Мелдібеков керісінше тарихи үде­рістерді айқын әрі нақ бейне­лейтіндігімен ерекше», дейді Aspan Gallery директоры Меруерт Қалиева.

Ербосын Мелдібековтің айтуынша, Кеңес Одағы кезінде «Ленин шыңы» аталған таудың атауы үш мәрте өзгертілсе, Ташкент қаласында айналдырған жүз жыл ішінде бір аймақта он ескерткіш бірінен кейін бірі ауыстырылып қойылған. Суретші осы мысалдарды Сергей Калмыковтың өмір жолымен салыстыра отырып, «Трансформер» (2013 ж) және «Конкурс» (2010 ж) атты туындыларында бейнелеген. «Орталық Азияда уақыт басқаша қарқынмен жылжиды, сол себепті бұл маңайдағы құбылыстар өзгеше көрініс береді», деген суретші өзінің көркемдік тәжірибесінде аталған құбылыстарды бейне, фотосурет, инсталляция және перформанс көмегімен зерделей көрсетеді.

– Ұлыбритания, Ресей және Қы­тай колониялары арасындағы күрес кезінде Орталық Азия аума­ғында стра­тегиялық маңызы бар бір қала болды. Азия құрлығының өн бойы­на қан жүгіртетін транспорттық то­­раптар қала орталығындағы бір нүк­теде түйісті. Бұл нүкте аумағы – 300 м2. Бұл орын жүрек соғысындай тұрақты импульстер жіберсе, кейде тіп­ті магниттік дауылдар да тудырды, – дейді суретші Ербосын Мел­дібеков.

Ал Орталық Азияның тәл­кек­ке толы тарихын зерделеп жүр­­­ген Алмагүл Меңлібаева өз жұмыстарында еркіндікке барынша назар аударады. Оның Exodus (2009 ж.) атты видео материалында қара киімді әйел рухтары бұрынғы конц­­лагерьдің қирандысының жа­нында шаштарын жалбырата жай­ған. Келер мезетте бұл көрініс киіз үй­лерді бұзып, тиеп, әбігерге түсіп жат­­қан өзге адамдардың бейнесімен ал­масады. Бұл өз халқын Мысырдан алып шыққан Мұсаны ғана емес, сонымен бірге бүгінгі көші-қон дағ­дарысының да жайын аңғартады.

1

Алмагүл Меңлібаева, «Exodus», 2009

Алмагүл Меңлібаева үшін әсемдік пен уақыт ағысы С.Калмыковтың «сызық» туындыларындағыдай әйел сипаттамаларымен сәйкеседі.

– Медианың ықпалы маған көп тиді. Фото, видео материал­дар ар­қылы менің қоршаған ортаға де­ген қатынасымды өзгертті. Мені шек­теусіз нақтылықтардың бақылау­шы­сына айналдырды. Маталар, киіз бен жіптер қозғалысты, қашықтықтарды жалғастыруды, кеңістіктер құруды үйретті. Бұл қабырғаға, кедергіге, қа­ра құрдымға айнала алатын, бұ­рыш­тарсыз кеңістіктерді сындыра алатын, арбап алатын шым-шы­тырық архитектуралық материал, – дейді Алмагүл Меңлібаева.

Cromwell Place орталығындағы 5 қазаннан бастап ашылған көрме­лердің көшін бастап тұрған Aspan Gallery көрмесі – инаугурациялық бағдар­ламаның бір бөлігі. Орта­азиялық суретшілердің мүддесін қор­ғап, қолдау көрсетіп жүрген Aspan Gallery өнер орталығының ұйым­дастырушылары шабытты шы­ғармашылық ой қабілетін дамытып, қоғам көкжиегін кеңейте түсетіндігіне кәміл сенеді.