Экономика • 07 Қазан, 2020

Тауарларды таңбалау көлеңкелі айналымды төмендетеді

4 рет көрсетілді

Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәлімдеуінше, халықаралық практикаға сәйкес тауарларды таңбалау – тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендетуге бағытталған құралдардың бірі. Тауарларды таңбалау тұтынушыларды контрафактіден қорғап, оның сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ мемлекет сату тізбегін қадағалап, бизнеске делдалдардың санын азайтуды ұсынады, жосықсыз кәсіпкерлердің үстеме пайда алуына жол бермеуге және тауар құнын реттеуге мүмкіндік алады. Халықаралық тәжірибе де осы тетікті енгізу тауарлардың өндірістен немесе импортты әкелуден бастап түпкілікті сатуға және айналымнан шығаруға дейінгі циклін қадағалауға ғана емес, бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға да мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Мәселен, Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша тері бұйымдарын таңбалауды енгізудің нәтижесінде тері бұйымдарын сатудан бюджетке салықтар мен кеден төлемдерінің түсуі 2019 жылдың жеті айы ішінде 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 55%-ға өсті (2018 жылдың ұқсас кезеңі ішінде – 249,4 млн теңге, 2019 жылдың жеті айы ішінде – 385,3 млн теңге).

Nielsen зерттеуінің деректері бойынша Қазақстанда темекі өнімдерінің заңсыз айналымының көлемі 2017 жылы 1,8%-ды, 2018 жылы 2,8%-ды және 2019 жылы 2,3%-ды құрады және заңсыз айналымның көлемі 2020 жылы 3%-ға дейін артады деп күтілуде. ДДҰ бағалауы бойынша темекі өнімдерінің заңсыз айналымы орташа есеппен бағаны 4%-ға төмендетеді және дүниежүзілік темекі тұтынудың 2%-ға өсуіне ықпал етеді, бұл өз кезегінде жылына шамамен 164 мың адамның өліміне әкеледі.

Міндетті таңбалау тері бұйымдарына қатысты енгізілді. Сондай-ақ темекі өнім­дерінің заңсыз айналымына қарсы күрес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында 2020 жылғы 1 қазаннан бастап елде сигареттерге, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің өзге де түрлеріне міндетті таңбалау енгізіледі («Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына сәйкес).

Бүгінде 3 тауар тобын міндетті таңбалауды енгізу жоспарлануда. Бұл алкоголь өнімдері, аяқкиім және дәрі-дәрмектер. Сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіптің кейбір тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобаларды жүргізу пысықталуда. Қанатқақты жобаны жүр­гізу орта есеппен 1 жылдан 2 жылға дейін созылады. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалау бойынша жоба 2018 жылдан 2020 жылға дейін созылды.

2018 жылғы 2 ақпандағы Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссияны өз аумағында одақ шеңберінде таңбалау туралы шешімі жоқ сол немесе өзге бір тауар тобын таңбалауды енгізу ниеті туралы алдын ала хабардар ету алгоритмі (ЕАЭО елдерінде тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің 7-бабы) көзделген. Бұл ретте, таңбалауға бастамашы мемлекет те және одаққа қатысушы қалған елдер де ішкі ұлттық экономиканың мүдделерін басшылыққа алады және қандай да бір тауар позициясын таңбалауды енгізудің өзіндік орындылығын негізге ала отырып, дербес шешім қабылдайды.

ЕАЭО шеңберінде тауарларды таңбалау мен оның қадағалануының ұлттық операторын таңдау туралы норма «Аяқкиім тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» ЕЭК Кеңесінің 2019 жылғы 8 тамыздағы №72 шешімінде көзделген. ЕЭК Кеңесінің көр­сетілген шешімінің 2-тармағына сәйкес мүше мемлекеттер таңбаланған аяқкиім тауарларының сәйкестендіру құралдарымен кедергісіз айналымын қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылғы
1 наурызға дейінгі мерзімде ұлттық оператор­ларды (әкімшілерді) айқындайды немесе тағайындайды.

Ұлттық заңнамада «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 6-бабының 11-2-тармағына сәйкес конкурс қорытындылары бойынша тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторын айқындау Үкіметтің құзыретіне жататыны айқындалған.

Өз кезегінде, Бірыңғай операторды айқындау қағидалары Үкіметтің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №672 қаулысымен бекітілді, соған сәйкес Сауда және интеграция министрлігі ашық 3 кезеңдік конкурс өткізді және сегіз орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары мен орынбасарлары қатарынан конкурстық комиссия бекітілді. Байқау қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ жеңімпаз болып танылды. Үкіметтің 2020 жылғы 3 наурыздағы №95 қаулысымен Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып «Қазақтелеком» АҚ белгіленді.

Бұл ретте, Бірыңғай оператордың функцияларын орындау қандай да бір мемлекеттік қаржыландыруды көздемейді, ол толығымен бірыңғай оператордың қаражаты есебінен жүргі­зілетін болады. Сонымен қатар ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет тауарларды міндетті таңбалауды енгізу кезінде отандық бизнесті қолдаудың өзіндік шараларын көздейтінін атап өту қажет.

 Мәселен, Қазақстанда тауарларды таңба­лау және қадағалау жөніндегі қанатқақты жобаларды жүргізу бойынша қаржылық шығындар «Қазақтелеком» АҚ атынан тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының иығына толықтай түседі. Ал «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі
№544 заңына сәйкес Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалану процестерін қамтамасыз ететін ресурстар, оның ішінде Қазақстанның шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне – тауар өндірушілерге мүліктік жалдау (жалға алу), лизинг және басқа да қаржы құралдары шарттарында берілетін материалдық жеткізгішке сәйкестендіру құралдарын басып шығаруға арналған жабдық болуға тиіс (заңның 7-4-бабы 2-тармағының 6) тармақшасы).

Сондай-ақ Қазақстан Республикасын индус­триялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1050 қаулысы) сәйкес­тендіру құралдарын немесе материалдық жеткізгіштерді жағуға арналған жабдықты сатып алуға және Қазақстанда тауарларды таңбалау кезінде сәйкестендіру құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ елімізде тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу Еуразиялық экономикалық одақта Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісіммен (2019 жылғы 29 наурызда күшіне енді), сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңымен реттеледі. Осылайша, заңмен үйлестіруші, сала­лық мемлекеттік органдардың және тауарлар­ды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай опера­торының ұғымдары мен құзыреттері айқындалған.

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта тауарларды өткізу еркіндігі еуразиялық бірлестікті құрудың негізгі мақсаты ретінде айқындалғанын назарға ала отырып, қабылданған Келісімшарттың негізгі қағидаттарына қайшы келмейді. Сонымен бірге Келісім біржақты таңбалауды енгізген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің өндірушілеріне де, одаққа қатысушы басқа елдердің жеткізушілеріне де қолданылады. Бұл ЕАЭО-ның барлық кәсіпкерлік субъектілері тең шарттарда жұмыс істейді және өз аумағында осы тауар тобын таңбалаудан бас тартқан одаққа мүше мемлекеттердің бизнесіне қосымша талаптар жасалмайды дегенді білдіреді. Сондай-ақ, мысалы, Ресей Федерациясында тауарларды таңбалау және бақылау жүйесін енгізу олардың бағасының инфляция деңгейінен жоғары өсуіне әкелмейді. Бақылау-сәйкестендіру белгілерінің құны реттеушілік әсерді талдау барысында қанатқақты жобалардың қорытындылары бойынша да айқындалатынын және Үкімет қаулысымен бекітілетінін атап өту қажет. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалауда қолданылатын БСБ құны ҚҚС құнын есепке алмағанда 2,68 теңгені құрайды. 2020 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша тиісті қаулы Үкімет отырысында қабылданды және тіркеуде.

«Сауда қызметін реттеу туралы» заңның нормаларына сәйкес белгілі бір тауар топтарына міндетті таңбалауды енгізу туралы шешімдер таңбалауды енгізудің орындылығын талдау, сондай-ақ әртүрлі тауар топтарын таңбалау жөніндегі қанатқақты жобалардың қорытындылары бойынша салалық мемлекеттік органдар жүргізетін реттеушілік әсерді талдау нәтижелерінің негізінде ғана қабылданатын болады. Қанатқақты жобалар барысында бизнеспен бірлесіп іске асырудың техникалық нұсқалары мақұлданады және бизнеске түсетін қаржылық жүктеме бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескере отырып талданады. Бұл жобалардың қорытындылары бойынша теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарлар тәуекелдері болған жағдайда, белгілі бір тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілмейді.

Қанатқақты жоба табысты аяқталған, оң қорытындылар болған және реттеушілік әсерге талдау жүргізілген жағдайда ғана тауарларды таңбалау тиісті тауар тобы бойынша міндетті сипатқа ие болады. Сондай-ақ қанатқақты жо­баларға қатысу ерікті негізде жүргізілетінін атап өткен жөн.

Реттеушілік әсерге талдау жүргізу кезінде «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қоғамдық тың­даулар өткізіледі. Қанатқақты жобалардың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар бол­ған кезде осы пилоттық жобаларды үйлестіретін салалық мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарын және қалың жұртшылықты тарта отырып, ел Парламентінде қоғамдық тыңдауларға бастамашылық жасауы мүмкін.

 

Соңғы жаңалықтар

Амманға аттанды

Спорт • Кеше

Қадір түнінің қасиеті

Руханият • Кеше

Алматы қаласында жер сілкінді

Аймақтар • 06 Мамыр, 2021

Ұқсас жаңалықтар