Руханият • 07 Қазан, 2020

«Мейірім» жобасы жүздеген балаға қолдау көрсетеді

749 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қайырымдылық жасау – қазақ халқының бойында сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлы қасиеттердің бірі. Қоғамдағы түрлі тағдыр иелеріне қолұшын созып, көмек көрсету де – адамгершіліктің белгісі. Бұл орайда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдау мақсатында осыдан он жыл бұрын Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында «Мейірім» жобасы жүзеге асқан болатын. Енді аталған жоба Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Әулиеата өңірінде де жалғасын тапты. Бұл жоба алдыңғы екі облыста да өзінің тиімділігін көрсетті.

«Мейірім» жобасы жүздеген балаға қолдау көрсетеді

Жобаны Жамбыл өңірінде де тиімді жүзеге асыру мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік өңірлік уни­вер­си­те­тінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында жиын өтіп, аталған жобаның тұсауы кесіл­ді. Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев, облыстық мәс­ли­хаттың хатшысы Бағлан Қара­шолақов және әкімдікке қа­расты басқармалар мен өзге де мекемелердің басшыла­ры қатысты. Аталған шара Тараз қаласындағы «Мейі­рім­­­ділік ме­кені» атты балалар әле­мі­нің тәрбиеленушілері тура­­лы дайындалған бейнеро­лик­пен ашылды. Мұнда бала­лар­дың күнделікті тұрмыс-тірші­лі­гі қам­ты­лып, ата-ананың мейі­рі­мін аңсап өсіп келе жатқан жеткін­шек­терді қамқорлығына алып отырған орталықтың жұ­мысы таныстырылды. Бұдан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаев сөз алып, қамқорлыққа мұқтаж азаматтарға қолұшын созып, көмек көрсету  атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңген қасиет екенін атап өтті. «Жалпы, адам баласы қанша­лық­ты бір-біріне мейірбан, қам­қор болса, ол да қоғамның ізгілене түсуіне қосқан үлесі, аза­маттық борышының орындалуы деп білемін. Қазақ – жеті­мін жылатпаған, жесірін қаң­ғыт­паған халық. Оны өз тарихымыздан жақсы білеміз. Мәселен, қазақ өткен ғасырдың басындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін уақытында елімізге қоныс аудар­ған қаншама өзге ұлт өкіл­де­рін туысынан кем көрмей, бауырына басты. Бұл бізге үлкен өнеге болды. Сондықтан да мұқ­таж жандарға көмек беруді ай­мақ­тағы кәсіпорын басқарып, өз кәсібімен айналысып отырған атпал азаматтардың бір міндеті деп білу қажет. Бұл – әркімнің өскелең ұрпақ алдындағы әлеу­меттік парызының орындалуы деп ойлаймын. Қазір аймақта жұмыс істеп жатқан бірқатар өнеркәсіп орындарының облыс тұрғындарына жан-жақты көмек беріп жатқанынан хабардармыз. Ендігі кезекте бұл жұмыстар жалғасын табуы үшін аталған жобаны іске қосқалы отырмыз. Елімізде әлеуметтік ахуал жақсарған сайын балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны азайып келеді. Дегенмен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайлар әлі де бар. Біздің міндетіміз – оларға барынша қолдау көрсетіп, қоғамның толыққанды мүшесі атанып, еліне адал қызмет ететін азамат болып өсуіне, өмірден өз орнын табуына жәрдемдесу», деді әкім. Сонымен қатар өз сөзінде Б.Сапарбаев осылайша жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне сапалы білім алып, мамандық иесі атануға, жұмысқа орналасуға, баспаналы болып, отбасын құ­ру­ға қолдау білдіру қажеттігін айтып өтті.

Жоба тұжырымдамасына сәйкес, өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан, яғни асыраушысынан айрылған 134 баланың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Бұл мақ­сат­та 87 мемлекеттік мекеме мен ірі кәсіпорындардың басшылары жауапты тұлға есебінде бекітілген. Тиісті азаматтар сол балалар өсіп, үлкен өмірге ара­лас­қанша олардың ашылған есеп­шоттарына қаржы салып, өзге де мәселелер бо­­йынша қол­дау көрсетеді. Сондай-ақ олар­дың кейіннен тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуын да бақылауға алады.

Жиын барысында бала­лар үйінің тәрбиеленушісі Аль­би­на Қадырова өзі секілді бал­дыр­ғандарды қамқорлығына алғаны үшін Б.Сапарбаевқа алғыс айтты. «Мен 6-сыныпта оқи­мын. Оқу үлгерімім жақсы. Болашақта оқу грантын иеленіп, өзім армандаған мамандықтың иесі атансам деймін. Үлкен үйім болса деп армандаймын. Бүгін сол арманыма бір табан жақындаған сияқтымын. Облыс əкімінің қолынан қаржылай сертификат алғаныма қуанып тұрмын», дейді А.Қадырова.

Бұдан кейін Б.Сапарбаев А.Қадыроваға 1 млн теңгенің сертификатын табыстады. Бұл оның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана алуы үшін бастапқы жарна ретінде төленіп отырған қаражат. Сондай-ақ балаларды өмірлік сүйемелдеу туралы үшжақты әлеу­меттік келісім­шартқа қол қойды.

Жамбыл жерінде жүзеге асып жатқан «Мейірім» жобасына жергілікті кәсіпкерлер де қолдау көр­сетті. «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров Данил Котурбаев пен Татьяна Шеве­леваға, облыстық мәс­ли­хат­тың хатшысы Бағлан Қара­шолақов Аркадий Овчин­ни­ковқа, ал, «Altais Group» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев Николай Морозовқа, «Арайстроймаркет-2003» ЖШС директоры Арман Еділбаев Виктория Онищенкоға 1 млн теңге көлеміндегі сертификаттар табыстады. Бұдан кейін көпшілікке балалар үйіндегі жеткіншектерге көмек көрсетіп жүрген жамбылдық жомарт жандар туралы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» мекемесінің басшысы Айжан Мейірханова баянды бастаманы Жамбыл жерінде жалғастырғаны үшін облыс әкімі Б.Сапарбаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар бала­ларға жәрдем беріп, жү­рек жыл­уын төккен барша аза­мат­тар­ға игі тілегін арнады. Шара соң­ында балалар үйінің тәр­бие­ле­нушілері де көмек көр­сет­кен жандарға деген алғысын ән­мен жеткізді.

 

Жамбыл облысы