Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ
Ғасырлар бойы жалғасып, ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан дініміз, халқымыздың өміріне шым-шымдап сіңіп, салт-дәстүрі мен санасына етене араласып, мәдениетімізге айналып кеткен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Ислам – тек дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз» дегені бар. Бұл – ақиқат. Қазақ халқының салт-дәстүрлері, жол-жоралғылары, мақал-мәтелдері, өлең-жырлары шариғатымыздағы аят-хадистермен бір арнада тоғысады. Абай атамыздың да қара сөздері мен дін тақырыбындағы өлеңдерінің желісі Құран мен хадистердің түпқазығына байланған.
Бірақ халқымыз ұстанатын салт-дәстүр мен шариғат қағидасынан бөлек, ежелден етене сіңіп кеткен ырымдар мен кейін пайда болған әдеттер де бар. Олардың аражігін ажырата білмей, соның бәрін бір диірменге тартып, ырымды дін, әдетті дәстүр деп түсінетіндер де аз емес. Соның салдарынан кей-кейде ел ішінде имам-молдалармен түсініспеушілік орын алып жатады. Осындай даулы мәселелердің бірі жаназа рәсімдерінде көрініс береді. Қара жамылып, қабырғасы қайысып отырған отбасы мәйіт оң жаққа қойылмай тұрып, көз жасын бір сығып алып, тарту-таралғы мен ас-судың қамына кірісе бастайды. Бұл дінімізде де, халқымыздың салтында да еш уақытта болған нәрсе емес. Бұрын ақсақалдарымыздан: «Қазалы үйде қазан көтерілмесін», «Мәйіт шыққан үйдің керегесінің үш көзіне дейін қан тұрады, бұл шаңырақтан ас ішуге болмайды» деген сөздерін еститінбіз. Қазіргі уақытта көп жерде имам-молдалар айтқанымен, қолдау таппай жатыр. Діннен хабары барлар қолдағанымен, ет жақындары «Бұрыннан келе жатқан салтымыз емес пе», «жұрт не дейді», «қатардан қалмау керек», «шариғат шарттары бізге келіп тіреліп қалып па, бізден кейін жасарсыңдар» деген желеулерді алға тартып, аста-төк ысырапты қысқарта алмай жатқан жайымыз бар.
Дін адамдары ас беруді, дүние таратуды мүлде тоқтатуды талап етіп, жоқ жерден жаңалық ашуды ниет етпейді. Тек әр нәрсе өз орнымен атқарылып, шегінен шықпағанын құп көреді. Қаралы үйде ас тарту мәселесінде, дініміз көрсеткендей, салтымызға да дұрыс келетін жолын ұстанар болсақ, сол үйдің иелеріне де, алыстан келген жолаушыларына да ас-суды жергілікті жердегі туыс-жақын, көрші-көлем болып көтергені абзал. Мәселен, Көкшетау төңірегінде Ақан, Баратай, Жылымды, Қызылсая, Биіктесін, Қызылағаш, Елтай, Дөңгілағаш, Қонысбай, Бірлестік, Жаңатілек, Қараөзек, Жолдыбай, Бұлақ, Симферополь, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Талап, Мәдениет ауылдарындағы иманды дәстүр сабақтастығы туралы айта кеткеніміз жөн. Міне, осы елді мекендерде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» жиынында айтылып отырған пәтуаның бір парасы ежелден қолданылып келеді. Қаралы үйдегі бар ауыртпалықты ауыл болып көтеріп алады. Әр отбасы 15-20-дан кісі күтеді. Қойын сояды, ас-суын береді. Батаның есебінен. Мәйіт шыққан үйде қазан көтерілмейді. Кешегі кеңес заманында да солай болған. Бұл – ең алдымен дін қағидасы болса, екіншіден адамгершілік, оның үстіне елдің бір-біріне деген жанашырлығын, ауызбірлігін көрсететін дүние. Бұл – дәстүр Көкшетау төңірегіне дін шапағатын шашқан Науан хазіреттен қалған үлгі.
Кісі дүние салғанда отбасының шұғылданатын ең басты ісінің алғашқысы: мәйітті ғұсылдандырып, жуындыру, екіншісі, кебіндеп, ақырет киімін киіндіру және үшіншісі, қабіріне жерлеп, топырағын салу. Үш күндік азадан соң тірі адамның тіршілігін жасап, күнделікті қалыпты өмірдің қамына кірісуі қажет.
Осы аталған үш міндеттен басқа жасалып келе жатқан өзге әрекеттер – шариғатымызда парыз емес амалдар. Ас беру, құран сауабын бағыштату, садақа тарату – әркімнің өз шама-шарқына қарай орындалатын жақсы істер. Жетісі, қырқы, жылдық асы деген міндет те – шариғат талабы емес. Бұл рәсімдерді сауабын Алладан күтіп, құран оқып, насихат айтылып, туыс-жақын, дос-жаранға берілген астың сауабын марқұмның рухына бағыштап ысырапсыз, риясыз (мақтангершіліксіз) өткізетін болса, Алла қаласа пайдасы болады.
Ал егер жұрттан қалмау немесе басқадан асып түсу мақсатында, елден ерекше жасаймын деген ниетпен дүркіретіп, мал шашпаққа салынса, ниеттің бұзылуына байланысты, оның да пайдасы болмайды. Өйткені Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз бір сөзінде: «Ақиқатында амалдар ниетке байланысты қабыл болады» деген. Алла тағала ысырапшылықты жақсы көрмейді, сондықтан Алланың жек көретін ісін жасап тұрып, оған жалбарыну Ислам қағидасына сәйкес емес. Құдай тағала қасиетті Кәләмінде: «(адалдан) жеңдер, (адалдан) ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер деген. Шындығында Алла ысырап етушілерді сүймейді» (Аъраф сүресі, 31 аят) деп бұйырған. Сондықтан бұл амалдар садақа ниетімен ғана, шектен шықпай, мақтан мен атақ, дандайсудан сақтанып орындалғаны абзал. Тағы бір хадисте: «Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» дейді Алла елшісі.
Әрбір мұсылман жергілікті басшылыққа бағынуы міндет. Дін бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген жергілікті имамдар діни рәсімдерді басқарады. Соны ескере отырып, ас рәсімінің жай-жапсарын өзім білемінге салмай, ресми имамдармен ақылдасып атқарған дұрыс. Сонда ғана тәртіп болады, ал тәртіп болған жерде береке мен бірлік болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пандемия етектен алып, карантин жарияланған кезеңде халықты қысылтаяң уақыттың шектеулерінен шықпай, ас беру рәсімдерін тоқтата тұруға, тіпті болмаса барынша ықшамдауға және санитарлық талаптарды сақтауға шақырады. Өйткені заманның талабы, шариғаттың шарты осы. Дінімізде денсаулық пен өмірдің қауіпсіздігін сақтау парыз, ал ас беру парыз емес. Абдуррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіз бір жерде оба тарап жатқанын естісеңіз, ол жерге бармаңыз, егер сіз тұрған жерден оба шықса, ол жерден кетіп қалмаңыз» деген әмірін жеткізген.
Қара жамылған үй, есеңгіреп жүріп, есін жинар-жинамастан марқұмның жатқан жерін абаттандыруға кірісіп кетеді. Егер қабір басына тал отырғызып, жеміс ағаштарын ексе құба-құп еді. Бірақ сол баяғы бәсекелестік тағы басталады. Басқалардан оғаш болмасын, асып түспесе кем болмасын деген мақсатта қымбат кірпіштен қоршауын, мәрмәрдан құлпытас, алтын не күміс түстес айшық орнату, ол аз болса тасқа ойып суретін салдыру белең алып бара жатқаны жасырын емес. Негізі зират жалпылай сыртынан қоршалған болса, әрбір қабірді қоршаудың қажеті де шамалы. Өткен замандарда аталарымыз зираттарда қоршау болмағандықтан, ит-құс, мал баспау үшін сол жердің топырағынан не ағашынан қоршау жасаған және сол мазардың мұсылмандікі екенін білдіру мақсатында бас жағына айшық белгісін орнатқан болса, қазір қоршау мен айшықтар сәндік міндетін ғана атқарады деп айтуға болады.
Егер соның бәрі марқұмға бір пайда әкелсе, сауабы бар амал болса жөні басқа еді. Бірақ біз марқұмнан гөрі өзіміздің нәпсімізге ұнап, көзімізге көрікті көрінгенін қалаймыз. Ал шариғат және ата-баба жолына қиыса ма, қиыспай ма, оны қаперімізге алмаймыз. Бұрын аталарымыздан, үлкен қария молдалардан «Қабірге күйген нәрсе жолатпаңдар, мәйітке ауыр болады» дегенді еститінбіз. Ал Сахаба Жәбирдің (Алла оған разы болсын) айтуынша: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды», деген (Имам Мүслім).
Кейбір Ислам ғұламалары ел ішінде ықпалға ие болған, хан, би, батыр, ғалым сияқты тұлғалардың басына кейінгіге ғибрат болсын, тарихта белгі қалсын деген ниетпен мазар тұрғызуға рұқсат берген. Бірақ суретін салуға тыйым салған.
Жалпы ислам шариғаты тірі жанның суретін салудан тыйғаны белгілі, енді оны апарып зираттың басына салу еш қисынға да, салтқа да сәйкес келмейтін іс. Пайғамбарымыз басқа діндегілерге ұқсауға тыйым салған.
Жанашырлары марқұмның жайын ойлап, оның рухына пайдасы тиетін істі жасауды қолға алғаны дұрыс. Ол марқұмдар сондай рухани азыққа мұқтаж. Оның зиратының басына кеткен мыңдаған сомалық қаражатты марқұмның атынан мұқтаждарға садақа етіп таратса, соның пайдасын тірілер, сауабын марқұмдар көрер еді. Мазарды қымбат тастармен көмкеріп, артынан аста-төк ас беріп, шектен шығу бізге әдемі көрінгенімен Алла алдында жақсы амал емес екенін естен шығармағанымыз абзал.
Нұрлан ӘБЕНҰЛЫ,
Көкшетау қаласындағы «Ғалым» мешітінің имамы