Руханият • 07 Қазан, 2020

Күрең күздің күмбірі

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Камералық залында өтетін концерттік бағдарламалар балаларға арналған музыкалық шығармаларды да қамтиды, деп хабарлайды Egemen.kz

Күрең күздің күмбірі

Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойларына орай қазанның 9-ы күні өтетін «Жүрегім менің» ән кешінде Дина Хамзина, Азамат Жылтыргөзов, Жанат Шыбықбаев, Альфия Каримова, Айзада Қапонова, Талғат Ғалеев, Мейі Байнеш, Бибігүл Жанұзақ, Мәдина Исламова, Салтанат Мұратбекова, Татьяна Вицинская, Бейімбет Таңарықов сияқты тағы да басқа танымал өнер шеберлері қатысуымен композиторлардың «Алтын қордағы» жауһар туындылары орындалады.

Бағдарлама бойынша сондай-ақ «Dolce» скрипкашылар ансамблі мен театрдың балалар студиясының жас әртістері өнер көрсетеді. (Жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, концертмейстерлері – Раушан Бескембирова, Жанар Ахметова, Ирина Кургузкина).

Балаларға арналған «Ішекті аспаптар отбасы» концерті қазанның 11-іне жоспарланып отыр. Мұнда музыкалық шығармалармен қатар, «Астана Опера» оркестрінің әртістері мен музыкатанушы Сәуле Мәулетова балауса тыңдармандарға ішекті аспаптар үні мен ұлы композиторлардың шығармалары туралы айтып береді.

Қазан айы мұнан да басқа тың жобаларға толы.  «Қазақконцерт шақырады» топтамасынан елордалық әнқұмар қауым назарына Ғ. Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті орындауында «Бетховенге тарту», театрдың талантты жас солистері, көптеген айтулы халықаралық байқаулардың лауреаттары қатысуымен «Астана Операның» жаңа есімдері атты мәдени шаралар ұсынылмақ.

Сопрано Назым Сағынтай Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан – Леонораның, Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсынан – Чио-Чио-санның, меццо-сопрано Малика Минизини П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан – Ольганың, Ш.Гуноның «Фауст» операсынан Зибельдің арияларын шырқайды. Тенор Рамзат Балакишиев Ж.Массненің «Вертер» операсынан –Вертердің ариозосын және К.Пеполидің өлеңіне жазылған Дж.Россинидің –Неополитан тарантелласын, баритон Ержан Сайыпов В.А.Моцарттың осы аттас операсынан – Дон Жуанның, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің арияларын, ал бас дауысты Шыңғыс Расылхан қазақтың халық әні «Қараторғайды», Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Дон Базилионың ариясын орындайды.

Сондай-ақ Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсынан – Малатеста мен Дон Паскуаленің, Дж.Пуччинидің «Богема» операсынан Рудольф пен Мимидің жарқын дуэттері музыкалық кештің әрін кіргізетін болады, Э. де Куртистің – «Ti voglio tanto bene», Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан – Баркарола, «Дни Турбиных» телефильмінен – В. Баснердің «Белой акации гроздья душистые» және А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан атақты «Тойбастар» орындалмақ.

Театрдың жас көрермендері үшін күздегі тағы бір тарту«Театрға саяхат» топтамасынан қазақ тілінде өтетін «Түрлі дауыстар әлемі»  атты концерт. Балаларды опера өнерінің қыр-сырымен таныстыру кешін музыкатанушы Төлеген Назарбеков, театрдың танымал солистері, сондай-ақ «Астана Опера» театры балалар студиясының хоры, балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова өткізеді. Фортепиано партиясын Раушан Бескембирова орындайды. Мұнда балаларға сопранодан бастап басқа дейінгі  опералық дауыстардың барлық түрі бойынша қызықты әңгіме өрбітіледі. Классикалық вокалдық шығармалардан танымал ариялар мен дуэттер орындалады. Театр музыкатанушылары әзірлеген бұл бағдарламаның басты мақсаты балаларды классикалық музыкаға баулу, театр өнерінің інжу-маржанымен сусындату, озық мәдениетке тәрбиелеу болып табылады.