Өткен ай бойынша жалпы төлемдер сомасы 10 млрд теңгеден асады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі орталығы алаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов кеңінен айтып берді.
«Қазіргі уақытта үстемеақы алушылардың тізімін қалыптастыру бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы жүргізілуде. Тізімдерді ұсынғаннан кейін қор ай сайынғы қосымша ақыларды төлеуге кіріседі. Біз бұл жұмысты әдеттегідей 20 күнге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді Б.Төкежанов.
Қауіпті жағдайда жұмыс істеуге тартылған медицина қызметкерлерінің саны эпидемиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Егер наурыз айында бұл жұмыстарға 19 мың медицина қызметкері тартылса, шілде айында олардың саны 79 мыңға жетті. Нақтырақ айтсақ, наурызда 19 340 медицина қызметкері – 3,4 млрд теңге, сәуірде 42 926 – 7,6 млрд теңге, мамырда 40 416 – 8,7 млрд теңге, маусымда 53 160 – 12,3 млрд теңге, шілдеде 78 963 – 24,9 млрд теңге, тамызда 66 249 маман 16,8 млрд теңге мөлшерінде қосымша төлем алды.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне осы жылдың екінші жартыжылдығына ынталандыру үстемеақыларын төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін қор жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу үшін қаржыландыру қажеттігіне болжамдық есептеулер жүргізді. Қажетті қаржы шамамен 135 млрд теңгені құрайды. Қор пандемияның күрделі жағдайында алдыңғы қатарда тұрған әріптестерімізге үстемеақыны уақтылы және жедел төлеу бойынша өз жұмысын жалғастырады», деді қор басшысы.
Сонымен қатар КВИ жұқтырған медицина қызметкерлерінің 81%-ы, яғни 4 550 адам өтемақы алған екен. Мұндай деректі ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев келтірді.
12 830 медицина қызметкері COVID-19 және пневмониямен ауырса, оның ішінде 8 442 маман індетті жұмыста жүріп жұқтырған. Өңірлік комиссиялар өлім жағдайлары бойынша 182 өтінімнің 82 жағдайын қарады. Жалпы, өтемақыны 45 отбасы немесе Еңбек министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі растаған өтініштердің 82%-ы алды.
Өтініштерді қарауды жеделдету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды. Оның мүшелері онлайн режімде қабылданбаған өтінімдердің әрбір фактісін қарады, себептерін, бұзушылықтарды түсінді. Нәтижесінде, қабылданбаған өтінімдер саны 2 есе азайды. Күн сайын деректер жаңартылады.