Парламент • 08 Қазан, 2020

Теңіз тасымалына тың серпін керек

164 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттардың бастамасымен әзірленген электр энергетикасына қатысты заң жобасы мақұлданды.

Теңіз тасымалына тың серпін керек

 

Электр қуаты тапшылығы реттеледі

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жаңа маневрлік қуаттарды салу үшін жағдайлар жасау көзделеді.

Сондай-ақ тасқындық электр энергия­сын орталықтандырылған сатып алу-сату тетігін енгізу, жаңғырмалы энергия көз­дерін қолдауға өтпелі тариф белгілеу мен қаржы-есеп айырысу орталығының ЖЭК объектілерінен электр энергиясын сатып алу мерзімін ұлғайтуды қарастырады.

Осыған байланысты, заң жобасында «Электр энергетикасы туралы» және «Жа­ңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Жұмыс тобының мүшелері құжатты талқылау барысында «Электр энергетикасы туралы» заңның ұғымдық аппаратына бірқатар толықтырулар енгізді.

Аталған құжатқа байланысты баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтың айтуынша, қазіргі таңда елімізде электр қуатының профициті бар. Бұл шамамен 3 мың МВт құрайды. Әйтсе де, маневрлік қуат тапшылығы байқалады. Мәселен, тәуліктің кешкі уақытында сұ­раныстың жоғарылауына және түнгі уақыт­тарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұ­тынбау электр стансаларына жедел түрде бейім­де­луді талап етіп отыр.

«Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режімі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағ­дай­лар жасау ұсынылады. Бұл өз мүмкін­дік­терінің есебінен өндіріс-тұтыну теңгерім­сіз­діктерін реттеуді жүзеге асыруға мүм­кіндік береді. Бұл ретте жобаларды ірік­теудің аукциондық тетігі қолданылады. Осылайша Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуел­ділігі төмендейді», деді Ш.Өтемісов.

Депутаттың айтуынша, аталған мәсе­лені реттеу мақсатында Ресейге төленетін қаражат елімізде қалмақ. Солтүстіктегі көршімізге төлеп отырған қаржы көлемі жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек заң жобасында жаңғырмалы энергия көздерін қолдауға «өтпелі тарифті» белгілеу көзделген.

«Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясы көлемінің жыл сайын ұлғаюын ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдардың өзіндік дамуға бағыттайтын қаражат көлемі тұрақты төмендеп отыр. Бұл материалдық-техникалық базаның жай-күйіне, өндірістік қуаттарды жаңғыр­туға, дәстүрлі стансалардың қаржылық жағдайына теріс әсер етеді. Осыған байланысты, заң жобасында «жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға арналған үстемеақы» ұғымы көзделген, ол шекті тарифтен тыс ескеріледі», деді депутат.

Сонымен қатар жаңғырмалы энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдай­лар жасау көзделген. Бұл мақсатта ұсыныл­ған шаралардың қатарында жаңғырма­лы энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қол­данылу мерзімін 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту бар.

«Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға ұзарту ұсынылады. Ол инвесторға аукциондық сауда-сат­тық­та неғұрлым төмен тарифтерді ұсы­нуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде тұты­ну­шылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ заң жобасында жаңғырма­лы энергия көздері жобалары алдындағы төлемдер бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, Үкімет тарапынан қаржы-есеп айырысу орталығына көмек көрсету туралы норма ұсынылған.

Бұдан бөлек, қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы тасқындық электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуды енгізу жоспарланып отыр. Қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес,  су электр станса­лары табиғатты қорғау үшін су жіберу кезеңінде өндірілетін электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта сатуға міндетті. Бұл ретте, тасқындық электр энергиясының бағаларын мемлекет реттемейтін трейдерлер сатып алады.

Осыған байланысты, гидро­электр­стансаларының тасқындық электр энергиясын «КЕГОК»  акционерлік қоғамы­на қарайтын қаржы – есеп орталығына сату міндетін заңнамалық түрде бекіту ұсы­нылады. Ол өз кезегінде осы қымбат емес тасқындық электр энергиясын елдің барлық тұтынушылары арасында бөледі», деді Ш.Өтемісов.

Заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіру мақсатында жұмыс тобы генерацияның маневрлік режімі бар генерациялайтын қондырғыларды салу жөніндегі жобаларды іске асыру тетігіне; тасқындық электр энергиясын беру кезінде энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын беруге арналған көрсетілетін қыз­­­мет­­терге ақы төлеуден боса­туға; алда­ғы жылға электр қуатының жүкте­мені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойын­ша көрсетілетін қызметке, бағаны төмен­детуге қуат нарығында қалыптасқан қаражатты бағыттауға қатысты нормаларды қабылдады.

 

Каспий порттарының әлеуеті мол

Сонымен қатар Палата отырыста «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарымен кемелердің жүзуі кезінде туындайтын қатынастарды реттеу бойынша бірыңғай құқықтық алаң құруға бағытталған.

Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ішкі су жолдарымен кемелердің транзиттік өтуіне оңайлатылған рұқсат беру тәртібін және екіжақты тасымалдар кезінде хабарлама жасау тәртібін енгізу ұсынылады.

Бұдан бөлек, келісімде кемелер үшін порттардың көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайын ұсынуы, кемелер экипажы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарды өзара тану, сондай-ақ кеме құжаттарын және теңізшілердің біліктілік құжаттарын тану көзделген.

«Аталған келісім Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында жасалды. Құжат ережелеріне сай, тараптардың ішкі су жолдары бо­йын­ша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдету жоспарланған. Атап айтқанда, келісімде транзиттік өту­ге арналған өтінімді қарау мерзімі – 10 күн және рұқсатты уәкілетті органдар бере­тін болып белгіленді. Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің тран­зиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Фе­дерациясының үкіметі береді. Осы рұқ­сатты алу 3 айдан 6 айға дейінгі мерзім­ді қамтиды», деді аталған мәселе жөнін­де баяндама жасаған Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев.

Оның айтуынша, негізінен жүктер Қара теңіз порттарынан қазақстандық порт­тарға (Ақтау, Құрық, Баутино, Аты­рау) Волго-Дон каналы арқылы жеткі­зіледі. Осы орайда, Ресейдің ішкі су жол­дары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар. Сол себепті қазіргі уақытта Еуразиялық одаққа мүше емес Әзербайжан, Иран, Түрікменстан секілді Каспий маңы елдері Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушы­ларды тартуға дайын екенін білдіруде.

«Біздің Ақтау және Құрық портта­рының Транскаспий халықаралық көлік бағ­­дары бойынша қабілеттілігі артады. Ке­лісімді қабылдау арқылы Ресей­дің ішкі су жолдарымен транзиттік тасы­мал көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға көбейту жоспар­лан­ған. Келісімнің көмегімен екіжақты тасы­мал­дарды хабарлама тәртібіне ауысты­рылмақ. Жыл сайын 1 сәуірге дейін уәкі­летті органдар екіжақты тасымалдар­ды жүзеге асыратын кемелердің тізімдерін бекітеді. Қажет болған жағдайда жыл ішінде бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қа­ралған», деді Б.Қамалиев.

Бұл ретте келісім қабылданғаннан ке­йін қазақстандық тасымалдаушылар өзен тасымалдарын Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүзеге асыра­ды. Сондай-ақ Атырау, Астрахань, Волго­­град порттары арасындағы екіжақты тасы­малды жаңарту мәселесі пысықтал­ды. Осылайша 2025 жылға қарай өзен ­та­сы­мал­дарының көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар.

Бұдан кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз алып, заң жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Спикердің ай­ту­ын­ша, порттарды жетілдіруді де, кеме қа­ты­насын дамытуды да қарқынды жүргізу керек.

«Себебі бұл екі ұғым қанаттас. Порт­тар­сыз ешқандай кеме қатынасы мен тран­зит туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болады. Кез келген кеменің басты мін­деті – жүк тасу. Әлбетте жолаушылар кемесі басқа мәселе. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұнай таси беруді қойып, контейнер тасымалын арттырғалы отыр. Бұл – дұрыс қадам. Себебі мемлекет билігі де қазір өндірісті толық диверсификациялауға көшті. Жыл сайын құбыр саны артып, диверсификация жүріп жатқандықтан порттардың болашағын ойлау керек. Алғашқы порттардың негізін қалаған кезде оларды энергия тасымалдаушы ретінде көрдік. Контейнерден бөлек, «құрғақ жүкке» де өтуіміз керек шығар. Мәселен, Иранның солтүстігінде бидай қабылдайтын қаншама орын салынды. Ол жақта біздің бидайды күтіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдеріне баса мән берген абзал», деді Мәжіліс Төрағасы.

Н.Нығматулин ішкі экономикалық жоспар жасалып, қанша өнімді экспортқа шығара алатынымыздың нақты жоспары болуы тиіс екенін жеткізді.  Яғни нақты бағыттары айқындалуы керек.

Сондай-ақ жалпы отырыста Палата­ның бейінді комитеттері «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне зияткерлік меншік саласындағы заңна­маны жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы көші-қон са­ласындағы ынтымақтастық туралы келі­сімді ратификациялау туралы заң жобала­рын жұмысқа алды.

 

Зейнетке шығу жасын өзгертуді ұсынды

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары Қазақстанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынды.

«Қазақстан халқы үлкенге құрмет көрсете білетін жұрт. Covid-19 вирусы­ның екінші толқыны келетіні болжа­нып жат­қан уақытта, әсіресе егде жас­тағы кісі­лерді сақтауымыз керек деп есеп­тей­­міз. Олардың оқшаулануына жайлы жағ­дай жасалып, мәселелерін реттей бі­луіміз керек. Осыған байланыс­ты «Ха­лық коммунистері» фракциясы азамат­тарымыздың зейнетке шығу жасын қай­та қарауды ұсынады. 2013 жылы әйел­дер­дің зейнет жасын ұзарту бойынша зей­нетақылық реформаға қарсы шыққан едік. Республиканың түкпір-түкпіріндегі аза­маттарымыздың үніне құлақ аса отырып, әйелдер мен ер адамдардың зейнет жасын 60-қа дейін төмендетуді ұсынамыз», деді Премьер-Министрге жолданған депу­таттық сауалды оқыған Айқын Қоңыров.

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Асқар Маминнен Шым­кент­тегі әуежайдың тендерге түсу заңды­лығын тексеруді талап етті. Депутаттың сөзіне сенсек, қазіргі уақытта Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Шымкент әуежайы» АҚ-ны сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін тендер жариялаған. Сенімгерлік басқару мерзімі – 10 жыл. Ал тендерге өтінімдер тек 3 аптаның ішінде – 2020 жылдың 18 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында қабылданады.

«Мұндай қауырт мерзім көптеген стратегиялық инвесторларды бәсекеден ысырып тұр. Мәселен, Air Astana компаниясы қысқа мерзім жеткіліксіз екенін жариялады. Біреу үшін бұл тендерді шұғыл әрі тыныш өткізу тиімді ме деп қаласың. Таңғалатын тағы бір жайт, конкурсқа тіпті жеке адамдар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Бір адам тұтас әуежайды қалай басқара алады? Бұл қала әуежайының болашағына күмән келтіреді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нысан үшін бастапқы баға ретінде белгіленген 5,2 млрд теңге өте аз», деді депутат.

Nur Otan партиясының бір топ депутаты Сталинград шайқасында жеңіске жетуге ерекше үлес қосқан екі ауданға «Әс­кери даңқ аудандары» мәртебесін беруді сұрап, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады

«Биыл Жеңіске 75 жыл толды. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы мен Жәнібек аудан­дары тұрғындары­ның жүрегіне соғыс жара қалдырған. Сталинград соғысы үшін майданның жа­­нын­дағы шепте тұрған олар талай рет бом­баның астында қалған. Еділдің жаға­лауына жақын орналасуы – Жәнібек пен Орда ауданының ауыл­дарын да әскери әрекеттер қайшы­ласқан аумақтарға айналдырып жіберді. Тарих ғылымдарының кандидаты П.Р.Букаткиннің мәліметтері бойынша фашистік авиацияның бомба­лауының ауқымы мынадай: 1942 жылдың қазан және қараша айларында ғана фашистік неміс авиациясы Сайхин және Шунгай стансаларының төбесінде 22 топтық және 12 рет жалғыз ұшып, оған жаудың 138 авиациясы қатысқан. Мұндай ұшу жағ­дайлары үнемі өткізіліп тұратын. Жер­гілікті тұрғындармен қатар Сталин­градтан эвакуацияланған адамдарды қосқанда мыңдаған адам қаза тапты. Бұған ауылдағы Жәнібек және Сайхин ауыл­дарындағы бейіттер мен қаза тапқан­дардың ескерткіштері дәлел», деді сауалды оқыған Ш.Өтемісов.

 

Түркістан облысын газбен толықтай қамту қажет

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа сауал жолдады.

«Бүгін ас-суын ағаш жағып әзірлеп, үйін көмірмен жылытып отырғандар бар. Өткен аптада «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуі барысында бұл мәселенің әлі де толығымен шешімі табылмай отырғанынан хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді. Рухани астанамыз – Түркістан қаласы бүгінде өзгеріп, қала келбеті облыс орталығының мәр­тебе­сіне лайық, гүлденіп келе жатқан­дығын көріп отырмыз. Дегенмен, қазақ­тың қара шаңырағы – оңтүстік аймақ, инфра­құ­рылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп есептейміз», деді Б.Дүйсенбинов.

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әлімжан ең­бек жолын жұмысшы ретінде бастаған қоғам қайраткерлерін дәріптеуге шақы­рып, Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­­ғамбетовке депутаттық сауал жолдады.

«БАҚ-та еңбек жолын жұмысшы ма­ман­ды­ғынан бастаған қоғам қайраткер­лері, бел­гілі азаматтарды дәріптеуді қол­ға алып, осы мамандықтарды ынталан­ды­ра­тын қағаз нұсқада және электрон­ды фор­­матта арнайы журнал, газетті бір жүйе­ге қою керек. Халықаралық стан­дарт­қа сай бағдарлама әзірлеп, колледж­дер­­дің материалдық-техникалық база­­сын жаңарт­қан дұрыс. Колледжді үздік бітір­ген студенттің университетке емтихан­сыз қабылданып, грант арқылы білім алу мүмкіндігін қарастыру керек», деді депутат.

Жеке балабақшалар мен мемлекеттік балабақшалар педагогтері арасында әлеу­меттік теңсіздікке неге жол беріліп отыр? Осы мәселені көтерген Парламент Мә­жі­лі­­сінің депутаты Фахриддин Қаратаев Үкі­мет басшысына депутаттық сауал жолдады.

«Мемлекеттің қолдауы арқылы республика бойынша 2012 жылдан бас­тап көптеген кәсіпкер жекеменшік бала­бақ­шалар ашуға бет бұрған болатын. Өз жұмысын бастау үшін банктерден мил­лиондаған теңге несие алып, ғимараттарды жалға алып, өз жұмысын бастап, балабақшаға жылдар бойы бара алмай, кезегін күтіп жүрген мыңдаған сәбидің, ата-аналардың әлеуметтік проблемаларын шешіп, балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуын жоғары деңгейге көтеруге қол жеткізді. Алайда сол игі істі қолға алған кәсіпкерлер қазір Үкіметтен қолдау таба алмай, көптеген балабақшаның жабылып қалу қаупі төніп тұр», деді депутат.

Ф.Қаратаевтың педагогтердің айлық жалақысы биыл 25 пайызға көтерілгенін, Президенттің биылғы Жолдауында келесі жылы педагогтердің жалақысын тағы да 25 пайызға көтеруді тапсырғанын еске салды.

Бұл мәселе алдағы уақытта шеші­мін таппаса республика бойынша көп­теген балабақша жабылып, ата-ана­лардың әлеуметтік мәселесі шешіл­мей қалатыны анық. Сондықтан да барлық облыс бойынша жан басына қаржыландыру мөлшерін сәйкестендіру қажет деп есептейміз», деді Ф.Қаратаев.