Таным • 08 Қазан, 2020

Атырау даласындағы геоглифтер

866 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ежелгі ескерт­кіштерге бай Аты­рау – Каспий ойпаты көне заманнан Еуропа мен Азияны жалғастырған жол тораптарының бойын­да орналасқан. Бұл өлкені адам­дар мыңдаған жыл бұрын­ғы мезолит, неолит (жаңа тас) заманынан мекен­дей бастағаны тарихи деректерде дәлелденіп отыр. Каспий теңізі жағалауының тылсым табиғаты көне заманан бұл аймаққа адамдардың жаппай қоныстануына себеп болған.

Атырау даласындағы геоглифтер

Күн ғибадатханасы. Диаметрі, 140 метр

Еділ мен Жайық өзендерінің суы Кас­пий теңізіне құйылады. Бұған қоса кезінде Жем мен Сағыз, Ойыл өзендерінің де мол суы теңізге құйылушы еді. Өзендер жағалауындағы орман-тоғайлар аң мен құсқа, ал суы балыққа толы болатын. Тасыған кезде өзендер суы жайылымдық алқаптарды басып, жүздеген көл мен көлшік пайда болды. Қазіргі кезеңде Жем, Сағыз бен Ойыл өзендерінің суы теңізге жетпек түгілі суалып, арналары құрғап жатыр.

Өңірдегі құм шағылдарда ежелгі адамдар мекен еткен тұрақтар көп кездеседі. Бұл мекен-тұрақтардағы жәдігерлер кварцит, кремний жаңқалары, тас дәуіріндегі еңбек құралдары ретінде белгілі болып отыр. Бұлар топыраққа көмілген жабық орындар емес. Құмды дөңдердiң көшуі салдарынан сыртқа шығып қалған.

1

Шеңбер. Диаметрлері 50 – 180 метр

Табылған ескерткіштердің көбі шеткері аймақтарда орналасқан. Бұл жерлерде тұщы су алу үшін шегенделген құдықтар қазылып пайдаланылған. Ал құдықтар маңындағы мекен-тұрақтарды адамдар, тас ғасырынан орта ғасырға дейін мекендеген. Орта ғасырда құдық­тар керуендер үшін дамылдап, шөл қан­дырып, күш-қуатын толықтырған орын­дар болғанын көрсетеді. Керуендер құ­дықтар тізбегі бойымен қозғалып, керуен жолдары қалыптасқан. Тұрақ­тар­дың арақашықтығының жақын болуы, адамдардың біршама тығыз қоныс­танғанын көрсетеді.

Соңғы зерттеулерден Нарын, Тай­сой­ған, Бүйрек және Сарықамыс құм­дарынан көптеген көне мекендер мен тұрақтар анықталды. Құм арасынан мезо­лит, неолит, темір, ортағасырлық ескерт­кіштер мен кейінгі заманғы зираттар мен құлпытастар көптеп кездеседі. Сонымен бірге Атырау-Каспий ойпаты­нан көптеген белгісіз жұмбақ құры­лыс­тар мен ескерткіштер табылды. Бұл ес­керткіштерді бергі дәуірлердегі ескерткіштер қатарына қосуға келмейді.

Біріншіден, олардың қай кезеңде жасалғаны белгісіз. Екіншіден, қандай мақсатта салынғаны немесе қандай қызмет атқарғаны туралы деректер табыл­ған жоқ. Мұндай құрылыстар ғылым­да геоглифтер деп аталады. Ғылы­ми анықтамада геоглиф – жерге ойып са­лын­ған, ұзындығы төрт метрден аса­тын геометриялық немесе бейнелі өрнек. Кей­бір геоглифтердің үлкендігі сонша­лық, оларды тек әуеден ғана көруге болады.

1

Шеңбер. Диаметрі 170 метр

Геоглифтерді салудың бірнеше түрі бар. Бірі – жердің беткі қабатынан белгілі бір тереңдікке дейін қазып, таңба түсіру. Ал екіншісі – арнайы қиыршық немесе ірі тастарды төсеп, бейне жасау. Үшінші түрі – ағаштарды белгілі бір бейне жасай отырып егу.

Атырау жерінде тас, қиыршық тас және ағаш жоқ болғандықтан, геоглиф­тер ор қазу және топырақ үю арқылы жа­салған. Бұлардың көбісі биіктен ғана көрінеді. Соңғы кезде аймақта онда­ған геоглиф анықталып отыр. Оларды адам­дардың жасағаны немесе та­биғат­тың тылсым күшімен бейнеленгені әзірге белгісіз. Оны алдағы зерттеулер анықтамақ.

Солардың арасынан жақсы сақталған бірнеше геоглифке сипаттама берер болсақ, алдымен назар аударары – тас­бақа. Бұл Қызылқоға ауданындағы Қа­ра­бау ауылынан 27 шақырымда солтүстік-батыста орналасқан. Көлемі – 900х400 метр. Құмды сазды топыраққа жолақты сызықтармен тасбақа бейнесі салынған. Бұл табиғаттың тылсымы ма, әлде адам қолымен жасалған ба? Тіпті оның жасалу мақсаты мен салынған уақыты туралы деректі кездестіре алмай отырмыз.

Екіншісі – крест. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 54 шақырым қашықта, оңтүстік-батыстан табылды. Крест салынған жер Каспий теңізінің жағалауынан шығысқа қарай 13 шақырым жерде жатыр. Мұның да аумағы шағын деуге келмейді. Өйткені көлемі – 45х30 метр, ені – 8 метр. Қай заманда жасалғаны белгісіз.

Үшіншісі – күн ғибадатханасы. Оның көлеміне тоқталсақ, диаметрі – 150 метр, сыртқы қамал-жал биіктігі – 2,5, ені 8 метр. Қамал-жал сыртын екі-үш қатар тізбекпен 196 апан шұңқыр айнала қоршап тұр. Олардың диаметрлері – 2-6 метр, ал тереңдігі 1-2 метр шамасын құрайды. Солтүстік жақ бетінде апан шұңқыр төрт қатарға дейін барады.

1

Тасбақа. Көлемі 900х600 метр

Қамал-жал іші тегіс, алаң диаметрі – 90 метрге жетеді. Оңтүстігінде жол бар, оның ені 6 метрге созылады. Күннің бей­несіне ұқсауына байланысты оны күн ғибадатханасы дейді. Қазақстанда бұған ұқсас құрылыс кездескен жоқ. Қандай мақсатта салынғаны белгісіз болғанымен, оның уақыты шамамен біздің заманымызға дейін ІІ ғасыр деуге болады.

Төртіншісі – жұлдыз. Көлемі – 225х150 метр. Бұл – 200 метрлік ұзын сызық­тардан және диаметрі 10 метрлік 12 жұлдыз обадан тұратын құрылыс. Алғабас ауылының оңтүстік-шығысында 7 шақырым қашықта орын тепкен.

Бесіншісі – төрткүл-шеңбер. Құрман­ғазы ауданындағы Батырбек ауылының батысында 2 шақырымда орналасқан оның диаметрі 100 метр, төртбұрыш көлемі 150х150 метр. Өкінішке қарай, бұл құрылыстың басқа дерегі әлі кездес­пей отыр.

Әрине, осындай геоглифтердің жасалуы туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Бірақ Атырау өңіріндегі геоглифтер осы кезге дейін жүйелі зерттелмей келеді. Оларды зерттеу қолға алынар болса, біраз құпияны білуге жол ашылар еді.

1

Шеңбер, төртбұрыш. Көлемі 150х150 метр 

Марат ҚАСЕНОВ,

археолог, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Атырау облысы