Ең қысқа әңгіме • 09 Қазан, 2020

Төресі еді жігіттің

1357 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ол менің балдан тәтті балалық шақты, боздақ жұлдыздай бозбала кезеңді, онан кейінгі «Қартайып, қайғы ойлаған, ұйқы сергек» (Абай) ойлы, мұңлы, күндерді бір­ге өткізген сыр жасырмас, жан аяспас досым еді. Екеуміз Қос­танай облысы, Амангелді ауда­нындағы Амангелді орта мек­тебіне бірге бардық. Әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінде бес жыл қатар оқыдық.

Төресі еді жігіттің

Ол мектепті алтын медаль­мен бітіріп, университет­ті қызыл дипломмен аяқтаған еді. Уни­верситетте қалуға ұсы­ныс болса да, Алматыда аялдамай тура өзі туып-өскен Арқа­лыққа тартты. Туған жерге ту тіккен ол Ыбырай Алтынсарин атын­дағы Арқалық педагогика уни­вер­ситетіне оқытушы болып орна­ласты. Содан соңғы де­­мі біт­кенше Алтынсарин уни­вер­си­тетінде тапжылмай, табанды, жемісті еңбек етті. Оның телегей теңіз білімімен сусында­ған мыңдаған шәкірттері бүгінде кең байтақ Қазақстанның бар­лық өңірлерінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың біразы елге таны­мал тұлғалар.

Оның жанып сүйген жан жа­ры Мәдинасы Алматы облысы, Жамбыл ауданының қызы еді, Мұсамен қатар оқыған ол да физик болатын. Ол да Арқалық педагогикалық университетінде ұстаз болды. Оның да алдынан мыңдаған шәкірт өтті.

Мұса Кеңпейіловтің білім­ді­лігі, таланттылығы, тазалығы көп­ке белгілі болатын. Содан да Алматы мен Астанадағы, Қоста­найдағы басшылар оған жайлы пәтер, жақсы қызмет, жоғары еңбекақы ұсынып, қайта-қайта шақырумен болды. Әйтсе де, Мұқағали Мақатаевтың:

Сен де кеттің ауылдан,

Мен де кеттім ауылдан,

Ұят болды-ау осынымыз.

Қаумалаған қауымнан, –

дейтін жырын жатқа айтатын Мұса ту тіккен туған жерден – Арқалықтан ешқайда ұзамады. Өзінің ұстаздық және белсенді қоғамдық жұмысымен Арқалық қаласының және Қостанай облы­сының шалғайдағы аудандары – Амангелді, Жангелдин аудан­дарының рухани өмір жаң­ғыр­ту­ға өлшеусіз үлес қосты.  Осыдан жиырма жыл бұрын Мұса алпыс жасқа толғанда ет жақындары оның мерейтойын дүркіретіп өткізіп еді. Республикамыздың барлық өңірлерінен оның дос, туыс және шәкірттері ағылып келді. Әлі есімде бұл 2000 жыл,  қыркүйек айының 30-ы болатын. Ыбырай Алтынсарин атындағы университеттің үлкен акт залын­да бос орын болған жоқ. Залдың қос қапталында түрегеліп тұр­ғандар, ішке кіре алмай сыртта қал­ғандар қанша. Қала әкімі мен университет ректорынан бас­тап еден жуушы мен аула жұ­мыс­шыларына дейін бірінен соң бірі сөз алып, ақжүректен ақ­та­рылған ақжарма тілектерін айтып жатты. Арнау жырлар ағы­лып, ән мен күйдің тиегі ағы­тылды. Алматыдан ат арытып осы мерейтойға мен де  жетіп едім. Зал толы халыққа қарап олар айтқан парасатты сөздерді тың­дай отырып мен Алматыда, Әуезов театрында өткен аса атақ­ты, өте танымал тұлғалардың мерейтойларын еске алдым. Уни­верситеттің қатардағы қара­пайым оқытушысының емес, құдды атақты ақын, жазушының, әлемге әйгілі тұлғаның мерейтойы өтіп жатқандай еді...

Амал нешік, адамның емес, Алланың дегені болады. Мұса Кеңпейілов сексенге де жете ал­май, о дүниеге аттанып кетті, қақа­ған қыста. Топырақ салуға үлгермей қырқына жеттік қыстың көзі қырауда борандатып...

Мұсаның құдай қосқан қо­сағы Мәдинасы шаңырақтың ­шы­рақшысы. Немерелері Ерке­­жан, Димаш, Алдияр, Диас, ­Әйге­рім, Айжан, Индира бүгін ша­­ңы­рақтың шаттығы, келешек­те елдің ертеңі.

Ұлдары Алмас, Бағлан, келін­дері Жұмагүл, Зылиқа ел қатарлы еңбек етіп жүр.

Расул Ғамзатов айтқандай:

Дана болып, ер боп,

Шығарған жоқ ол атын,

Бас иіп бірақ кезінде,

Нағыз адам болатын.

Нағыз адам, ұлағатты ұстаз Мұса Кеңпейілов бүгінде аңыз адамға айналды. Оның таңғы шық­тай тазалығы аңыз, елге сіңір­­ген еңбегі аңыз, мұхиттай терең білімі, аса бай жан дүние жау­һарлары аңыз, кісілігі мен кішілігі аңыз. Аңыз... аңыз...

Егер ол тірі болса 80 жасқа келер еді. Дос, туыс, жолдас-жора, жерлестері, шәкірттері, арасында өзіне тән байсалдылықпен, сабырмен, салмақпен жұмсақ жы­миып, балқып, шалқып, аспан­дағы Ай мен Күндей айналасына үнсіз сәуле шашып отырар еді. Амал қанша, осы айтқың, жазғың келмейтін «еді» сөзін жазуға мәжбүрміз.

Алды – сайран, соңы – ойран өмір ғой, осыдан екі жыл бұ­рын адамзаттың дұшпаны – арсыз ажал арамыздан алып кетті аяулы досты, асқар таудың алмас асыл тасындай азаматты.

Мұса Кеңпейілов ұстаз еді. Ұстаз – ұлағатты ұлы есім. Ба­ла ­да, дана да ұстаз алдын көр­ген. Ұс­таз болу – өзіңді аямау, шә­­кірт­терің­­ді аялау. Содан да ол елге аса сыйлы, аяулы жан. Сон­­дай ұлағатты ұстаз еді Мұса Кең­­пейілов. Адамның асылы еді ол. Содан да ол елдің есін­де, мыңдаған шәкірттерінің жүре­гінде.

Сен елдің есінде, өзіңді сүй­ген жандардың жүрегіндесің аяу­лы дос, асыл азамат!

 

Сәбит Досанов,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Алматы