Саясат • 09 Қазан, 2020

Сенаторларды ауылдың жағдайы алаңдатады

132 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Палата отырысында депутаттар Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялады.

Сенаторларды ауылдың жағдайы алаңдатады

 

Бірлескен тергеу топтары құрылады

Заң жобасының мақсаты – Қазақстан мен Украина арасында көмек туралы сұрау салу берілген сәтте сұрау салушы тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша барынша құқықтық көмек көрсету мүмкіндігін беру үшін Шартты ратификациялау. Бұл құжатқа 2018 жылғы 29 қазанда қол қойылған.

– Жалпы, қазір екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек 1993 жылғы Минск конвенциясына сәйкес жүзеге асырылады. Алайда аталған конвенцияға қол қойылған уақыттан бері заңнама мен сот-тергеу тәжіри­бесі өзгерді. Украинада да көптеген өзгеріс бар. Конвенция мен ұсыны­лып отырған шарт арасында ешқан­дай қайшылық жоқ. Керісінше олар бір-бірін толықтырады, біраз норманы нақтылайды, – деді заң жобасы жө­нінде баяндама жасаған Бас прокурор­дың орынбасары Марат Ахмет­жанов.

Оның сөзіне сүйенсек, Шарт күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге бағытталған кешенді процессуалдық әрекеттерді жүргізуді қарастырады. Құ­жаттың экономикалық-әлеуметтік және саяси тұрғыда кері әсері жоқ. Оны іске асыру бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді.

– Құжат екі елдің құзырлы органдарына күдікті мен айыпталушының кінәсін дәлелдеу бойынша кешенді тергеу жасауға құқық береді. Мұндай екіжақты Шарт 27 елмен бар. Бұл келісімнің бір­қатар ерекшелігін айтар болсақ, құжат құқық қорғау органдарының украи­налық әріптестерімен тікелей байла­ныс жасауға мүмкіндік береді. Бұл екі тарап үшін де маңызды норма және қылмыспен күрес бағытында өзара сенімді білдіреді. Одан басқа тергеу жұмысының жеделдігін арттырады. Тағы бір ерекшелік, Шарт бойынша қажет жағдайда бірлескен тергеу топтарын құруға болады, – деді М.Ахметжанов.

Осы Шартты ратификациялау Ук­раина тарапымен қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты шарттардың толық топтамасын жасақтауды аяқтады. Құжатқа қатысты Сенат Төрағасы да өз пікірін білдірді.

– Украина – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара ынтымақтастыққа және достыққа негізделген. Біздің елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланысы да дәйекті түрде дамып келеді. Алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға екі мемлекет те мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде, бүгін қабылданып отырған заң құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.

Шартта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек рәсімдері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздер жазылған.

«Шартты ратификациялау күдік­тілер мен айыпталушылардың қыл­мыс жасаудағы кінәсін дәлелдеуге бағытталған іс-әрекеттерді кешенді жүргізуге ықпал ететін болады, сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның құзыретті органдарының тікелей өзара іс-қимыл жасауға өкілеттік береді, – деді сенатор Нұрлан Бекназаров.

 

Ауыл шаруашылығын цифрландыру керек

Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында бірқатар сауал жариялады. Әли Бектаев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру кезіндегі олқылықтар мен осы бағыттағы өзекті проблемаларға назар аударды.

Ә.Бектаевтың айтуынша, жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу қағидалары түсі­ніксіз. Бүгінде бұл тізімге 3561 елді ме­кен енгізілген. Олар негізінен аудан ор­талықтары мен олардың айналасын­дағы ауылдар. Ал шалғайдағы елді мекендердің қамтылуы нашар.

– Ең сорақысы, «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» акционерлік қоғамының қаржы институттары осы жобадан тыс қалған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы 448 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға арналған 22 жобаға жұмсалған. Ал 2020 жылы ауылдық жерлерде ашылатын 20 мың жұмыс орнының тек 800-і тұрақты болмақ. Бұл орта есеппен әр төрт елді мекенде бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз, – деген Ә.Бектаев осы бағыттағы инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі төмен екенін жеткізді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2025» секілді мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Сондай-ақ ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларын түбегейлі шешуге арналған бастамалар жүйелі жоспарланбаған. Осыған орай сенатор өзін толғандырған бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

– Жобаны дайындап, іске асырар алдында ауылдық елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін зерттейтін, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтайтын кешенді жұмыстар жүргізілді ме? Осы жобаға енгізілген әлеуеті бар 1173 тіректі, 2388 спутниктік елді мекен қандай критерийлермен анықталды? – деді ол.

Сонымен қатар депутат Үкімет басшысынан аталған жобаны ұлттық бағдарлама ретінде қайта қабылдауға және ауылдық аумақтарды дамыту сая­сатына жауапты ретінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігін қайта бекітуге қатысты пікір білдіруін сұрады.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев Палата отырысында Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, агро­өнер­кәсіп кешені бойынша статистиканы жетілдіру мәселесін көтерді. Депу­тат егіннен жиналған өнімнің анық көле­мі, тұқымның шынайы сапасы, егістік және жинау жұмыстарының дәл мер­зімі туралы нақты ақпараттың жоқ екенін алға тартты. Сондай-ақ мал шаруа­шылығында жануарлар туралы мәліметтерді тіркеу жұмыстарының негізгі бөлігі әлі де қағаз нұсқада жиналатынына, соның салдарынан көптеген қателік жіберілетініне екпін берді.

Сенат депутаты жергілікті әкімдердің жұмысын бағалауды статистика дерек­теріне тәуелді ету ауылдағы жағдай туралы жалған ақпарат беруге жол ашатынын айтты. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді бұрмалау субсидияларды заңсыз алуға мүмкіндік туғызатынына назар аударып, осы мәсе­лелерге қатысты бірнеше ұсынысын жет­кізді.

– Біріншіден, егін шаруашылығының жай-күйі туралы объективті деректер алу үшін цифрландыру мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек. Менің ойымша, ауыл шаруашылығының цифр­ландыру мәселесімен Есеп комитеті мұқият айналысуы тиіс. Екіншіден, мал шаруашылығында адам факторы ықпалын толықтай жоя отырып, жануарларды есепке алу мен ветеринарлық құжаттаманы жүргізудің бүкіл жүйесін цифрлы форматқа көшіру аса маңызды, – деді А.Күрішбаев.

 

Жамбылдық диқандар суға мұқтаж

Сенатор Динар Нөкетаева Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжа­новтың атына депутаттық сауал жолдап, елімізде дәрілерді тіркеу механизмі күрделі екеніне назар аударды.

Депутат көптеген шектеулердің, сондай-ақ препараттарды тіркеу кезіндегі қиындықтардың салдарынан дәрі-дәрмектердің көтерме және бөлшек саудасымен айналысатын бизнес нысандары шығынға батып отырғанын айтты. Д.Нөкетаеваның сөзіне қарағанда, олар­дың кейбірі банкрот болудың алдында тұр. Бұл жағдай халық тарапынан сұранысқа ие препараттардың, оның ішінде онкологиялық ауруларға, қант диабетіне, жоғары қан қысымына және басқа да сирек кездесетін дерттерге қажет дәрі-дәрмектердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Сенатор қазіргі қолда­ныстағы заңнамада мемлекеттік тіркеу­ден өтпеген дәрі-дәрмектерді сатуға тыйым салынатынын атап өтті.

– Қазақстанда дәріні тіркеу мерзімі өте ұзақ уақыт алады. Осыны ескере отырып, тіркелмеген дәрілік заттарды елімізге әкелген жағдайда уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен берілетін қорытындының, яғни рұқсат беру құжатының негізінде тіркеу жолдарын қарастыру қажет, – деді депутат.

Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор Жамбыл облысының диқандары көтерген суармалы ағын су туралы мәселені арқау етті.

Жамбыл облысында пайдаланатын ағын судың 80 пайызы көршілес Қырғызстан аумағынан бастау алып, Шу, Талас трансшекаралық өзендері арқылы беріледі. Сенатор облыста суармалы жердің көлемі 229 700 гектар екенін айта келіп, жүзеге асып жатқан ауқымды шараларға қарамастан, сумен камтамасыз ету мәселелері өте өзекті әрі шекаралас мемлекеттің су саясатына тәуелді екенін мәлімдеді.

«ҚАЗСУШАР» Республикалық мем­лекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының мәліметі бойынша, 2020 жылы жалпы ауданы 122 мың га болатын 1025,0 млн текше метр су үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен су жеткізу туралы келісім жасаған. Бірақ биылғы сәуір айынан қыркүйек айына дейін 79,6 мың гектар алқап 550,3 млн текше метр сумен қамтамасыз етілген. Жоспарды орындамаудың басты себебі – трансшекаралық өзендерден келетін судың жетіспеуі, – деді Ә.Нұралиев.

Қазіргі таңда Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының есебі бойынша 2020 жылдың вегетациалық кезеңінде су көлемінің төмен болу салдарынан облыста барлығы жалпы құны 1 млрд 300 млн теңгені құрайтын 36,4 мың тоннадан астам өнім алынып, шаруалардың күнкөріс деңгейі төмендеген.

Сенатор осы айтылған мәселелерді ескере отырып, Үкімет басшысына өңірдегі трансшекараларық Шу, Талас өзендерінің су қорларын екі мемлекет арасында бөлуге байланысты бірқатар ұсыныс жасады:

– Қырғыз Республикасы аума­ғын­дағы су қоймаларына еліміздің су тұтынушыларының тәуелділігін азайту мақсатында Жамбыл облысы аумағында Шу, Талас өзендерінің бойында жос­парланған 3 жаңа су қоймасының құрылысына 2021 жылға арналған Республикалық бюджеттен қаржы бөлу, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы келісім негізінде реттелетін мемлекетаралық су каналдары арқылы су берудің келісілген кестелерін орындау бойынша тетіктер құру, келісімдерді пысықтау, шекаралас мемлекеттерден келетін су ресурстарының көлемін мониторингтеу, суды кешенді пайдалану мен қорғаудың бассейндік схемаларын нақтылау, жаңарту бойынша цифрландыру шараларын қабылдау керек деп санаймыз, – деді Ә.Нұралиев.

Сенат депутаты қалыптасқан жағ­дайдың маңыздылығына байланысты ұсыныстардың ескерілуін және Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдауды сұрады. Депутаттық сауалға Сенат депутаттары Ә.Нұралиев, Қ.Қожамжаров, Ә.Мамытбеков, Б.Орынбеков қол қойды.

 

Электронды кітапхананың кемшілігі көп

Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі 2007 жылы мем­ле­кеттік бағдарлама аясында ашқан Қазақстан ұлттық электронды кітапха­насы kazneb.kz порталындағы цифрлан­дырылған электронды кітаптардың сапасын сынға алған. Ондағы электронды кітаптардың 3D нұсқасын оқу қиынға соғады, мәтіндері анық емес, бұлыңғыр, кейбір аудио-кітаптар мүлдем ашылмайды.

Қазіргі уақытта порталдың сег­мен­ті әдебиеттің 60 мыңнан астам электронды көшірмесін қамтиды. Оның ішінде балаларға арналған электронды кітаптар саны 5 551 дананы құрап отыр. Дегенмен, бүгінде Қазақстанда шығатын барлық басылымдардың электронды нысаны kazneb.kz порталында жарияланбай отыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі шығаратын оқулықтардың электронды нұсқалары толықтай қамтылмаған.

Бүгінде еліміздің кітапхана қорында жалпы 112 миллионнан астам басылым бар. Солардың 1,5 миллионға жуығы ғана электронды нұсқада. Бұл – кітапхана қорының жалпы көлемінің небәрі 1,3 пайызын құрап отыр. Республика бо­йынша 3 940 кітапхананың 1 892-сі, яғни 48 пайызы ғана интернет желісіне қосылған. Бұл әрине жеткіліксіз, әсіресе, қазіргі қашықтан оқыту жағдайында.

– Осыған орай, «Кітапхана ісі туралы» заң жобасын әзірлеуді, Бала­ларға арналған Қазақстан Ұлттық элек­тронды балалар  кітапханасы порталын ашуды, Қазақстанда басылып шығарылатын барлық жарияла­ным­дардың міндетті данасының электронды нысанын kazneb.kz порталына жолдау бойынша нақты жүйесін қалып­тас­тыруды, кітапханаларды Брайль қарпі, үлкейтілген қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлы және ДЭЙЗИ (DAISY) ныса­нындағы кітаптармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуді қарас­ты­руыңызды өтіне­міз, – деді сенатор.

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев «Бейнеу-Шалқар» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына қосуды ұсынды.

Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат қазіргі таңда «Құ­рық» теңіз порты Қазақстанның экспорт­тық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқа­ратынын атап өтті. 2016 жылы еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатымен «Құрық» теңіз паром кешені салынып, пайдалануға берілді. Кешеннің теміржолмен жүк тасымалдау қуаты жылына – 4 миллион тоннаны, ал автомобиль жолымен жүк тасымалдау жылына 2 миллион тоннаны құрайды.

– Портқа жүк жеткізу мерзімін және соған байланысты шығындарды қыс­қарту үшін 2016 жылы «Шалқар-Бей­неу» теміржолы салынып, пайдалануға берілді. Жолдың ұзындығы 471 шықы­рым. Бұл «Құрық» портына баратын жолды 500 шақырымға дейін қыс­қар­туға мүмкіндік берді. Дегенмен, әлі күнге дейін портқа автомобиль жолымен жүк жеткізетін оңтайлы бағдарды таң­дау мәселесі шешілмей келеді, – деді С.Ал­дашев.

Сондай-ақ сенатор бүгінде автожол арқылы аталған портқа жүк жеткізу үшін «Ырғыз – Ақтөбе – Мақат – Бейнеу – Құрық» бағытын жүріп өтіп, қосымша 1250 шақырым артық жол жүруге тура келетініне назар аударды.

Осы ретте депутат «Нұрлы жол» бағ­дарламасының ІІ кезеңі аясында 2020-2025 жылдары 11 мың шақырым автомобиль жолын қайта жөндеу және салу бойынша 30 жобаны іске асыру жоспарланғанымен, «Бейнеу-Шалқар» жобасын қаржыландыру көзі анықталмағанын атап өтті. Сондықтан «Құрық» портына жүкті жылдам жеткізу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.

Сонымен қатар сенатор «Шалқар – Бейнеу» теміржолын салған кездегі жоба­лық жұмыстардың материалдарын және аталған теміржолдың инфра­құрылымын пайдалану арқылы бұл жобаны қысқа мерзімде әрі аз шығынмен іске асыруға болатынын жеткізді.

С.Алдашев аталған жол құрылысы ел азаматтарына Каспий теңізінің жаға­лауына қысқа бағытпен жетуге мүм­кін­дік беріп, ішкі туризмнің дамуына жағдай туғызатынын да сөз етті.

Сенатор Әлімжан Құртаев бейсенбі күні пленарлық отырыста аграрлық сала­дағы ең маңызды мәселелердің бірін көтерді. Сенатор 10-15 күнде егін жи­науға дайын отырған Түркістан облы­сын­дағы мақта егуші диқандардың қиын жағдайын Үкімет басшысына жеткізді.

– Тиісті орындар арқылы мақта бағасы реттеліп, диқандардың шығын­ға батып қалмауын қадағалауды тапсы­руыңызды сұраймыз, – деді депутат. Сенатордың айтуынша, өңірдегі мақта зауыттары монополистер сияқты. Яғни зауыт басшылығы мақта бағасын өздері бекітеді, ал диқандардың бұған көнбеуге амалы жоқ. Себебі, мақтаны зауыттан басқа ешкім қабылдамайды.

Депутаттың сауалында Ливерпуль мақта биржасындағы бағаға тәуелділік те шаруалардың қалтасына әсер ететіні айтылған. Диқандар 40-50 градус аптаптың астында ерте көктемнен қоңыр күзге дейін өсірген осы өнімін шитін ғана айыратын мақта зауыттары арқылы шетелдерге су тегін сатып келді.

– Былай айтқанда, өздері өсірген ақ мақтадан дайындалған өнім Қазақстанға 5-6 есе қымбат бағаға келеді, – деген сенатор тиісті орындармен мақта бағасының реттелуін, диқандардың шығынға батпауын қадағалауды тапсыруды сұрады.