Қоғам • 09 Қазан, 2020

Иммунитетті сақтаудың жолдары

9871 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазір көпшілікті алаңдатып отырған пандемия кезінде иммунитет, антидене жайлы әңгіме көп айтылады. Мамандар иммунитеті жоғары адам көптеген жұқпалы аурулардан жақсы қорғанады деп жатады. Сол иммунитет дегеніміз не?

Иммунитетті сақтаудың жолдары

Иммунитет – ағзаның кез келген ауруға төтеп бере алу қабілеті организмнің зиянды әсерлерді немесе бүлдіруші уларды қабылдамау қасиеті. Әрине, мұндай қасиет ағзаның тіршілік ортасына бейімделуіне, сол ортадағы зиянды микроорганизмдер, вирустар және олар бөлетін түрлі бүлдіруші қасиеті бар заттарға қарсы тұра алатынына тікелей байла­нысты. Осындай өзара байла­ныс­тың, дәлірек айтқанда күрес­тің нәтижесінде аса күрделі биологиялық процес­тер бас­талады. Сөйтіп организмде қор­ғаныштық қасиет арта түсе­ді, оның түрлі зиянды микро­организмдерді, ви­рус­тар­ды құртатын және у­лы заттардың уытын жойып ыдырататын қабілеті күшейеді. Иммунитет түзілуде бүкіл организм қатысады, әрине мұнда басқарушы және бағыттаушы – орталық нерв жүйесі. Ауру қоздырушылар немесе вакциналар жүйке жүйесінің ұштары арқылы сарысу гамма-глобулиндерін түзетін тиісті органдарға әсер етеді. Ал бұлар жауап ретінде тиісті антиденелер бөледі. Осындайда жасуша ішінде кандай процестер орын алатыны жөнінде толық мәлімет жоқ. Иммунитет пайда болуда сыртқы орта жағдайлары көп әсер етеді. Шамадан тыс қызу, салқындау немесе организм­нің аса шаршауы қорғаныш заттарының түзілуін нашарлата­ды. Сонымен бірге имму­нитет­тің организмде жақсы түзілуін тамақтың сапасының және оның құрамының нашарлығы, соның ішінде А және С дәру­мен­дерінің, фосфор және кальций тұздарының жетіспеуі тежейді. Бұдан зиянды әсерлерге қарсы күресуде арнаулы шаралармен қатар (вакциналар, сарысу егу т.б.) адамдарды толық баға­лы, сапалы қоректік заттар­мен қамтамасыз ету қажет деген қорытынды шығаруға болады. Жалпы, иммунитеттің бір­неше түрлерін ажыратады. Оны мынадан көруге болады: табиғи немесе туа пайда болған иммунитет – адамдар және жануар­лардың белгілі бір түріне тән. Бұл тұқым қуалайды. Ал екін­шісі, өмір сүру барысында пайда болатын жасанды иммунитет. Табиғи жолмен түзілген иммунитет әдеттегіше ұзақ болады. Әдетте табиғи иммунитет сәби­ге ана сүті арқылы және кін­­дік тамыры арқылы қанмен бері­леді. Ал кейбір ауруларға қар­сы түзілген иммунитет организмде бүкіл тіршілік барысында сақталып қалады. Мысалы, адамдар шешек, обамен бір рет ауырса, екінші рет онымен ауырмайды.

Қазақстанда жоспарлы егу вирусты гепатит А (В15), вирус­ты гепатит В (В16), в типті гемофильдік инфекция (В96.3), күл-дифтерия (А36), жатыр мойнының қатерлі ісік ауруы  (С53), коклюш (А37), қызыл­ша (В05), қызамық (В06), пнев­мококтық инфекция (В95.3), полиомиелит (А80), сіреспе-столбняк (А33-А35), туберкулез (А15-А19) және эпидемиялық паротит (В26) ауруларына жүргізіледі.

Тіршілік барысында түзілген жасанды иммунитетті актив және пассив деп екіге бөлуге болады. Мұнда организм зиянды әсерге өзі иммунитет құрайды. Жасанды жолмен құралған актив иммунитет тұрақсыздау. Мәселен, паратифке қарсы жа­салған иммунитет тек 6 ай бо­йына ғана сақталады. «Сібір жарасына» қарсы жасалған иммунитет бір жылға жетеді. Актив иммунитет организмге вакцина енгізілгеннен кейін 2-10 күн өткен соң пайда бола­ды. Ал пассив, сарысу имму­нитеті организмге дайын қор­ғаныш заттарды енгізгенде түзіледі. Түрлі аурулармен ауырған организмнің сарысуында осы ауруға қарсы иммунитет құраушы заттар пайда болады. Оны арнаулы дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорында, фармфабрикада өндіреді. Сөйтіп жасанды иммунитет әртүрлі екпелер (вакциналау, сарысу енгізу және т.б.) арқылы адам бойында қалыптасады. Әдет­те елімізде жас балаларға белгі­ленген күнтізбе бойынша про­филактикалық екпе егу туберкулезге қарсы БЦЖ, вирустық гепатитке қарсы ВГВ, полиомиолитке қарсы ОПВ және де басқа ауруларға қарсы вакциналар рет-ретімен жүргізіледі. Оған қоса күз айларында тұмауға қарсы екпе орындалады.

Соңғы кездері ел-жұрт ара­сын­да екпеге қарсы сан түрлі әңгіме, дау-жанжал көбейіп кетті. Балалар арасында инфек­циялық аурулар кең тарамасын, солардың салдарынан олар мүгедек, кемтар болып қалма­сын десек вакциналау ісіне түсі­ністікпен қарағанымыз жөн. Беті аулақ, егер жас бала қауіпті бір инфекциямен ауыра қалса оны аурудан айықтыру же­ңіл болмайды немесе ол өкініш­пен аяқталуы да мүмкін. Кей­де көшеде келе жатып қолар­баға таңылған мүгедек жан­ды көреміз. Шынын айтқан жөн, ола­рдың біразы бала кезін­де поли­­миелит ауруына шал­ды­ғып, соның салдарынан мүгедек бо­лып қалғандар. Егер олар уақ­тылы по­лимиелитке қарсы жоспар­лы екпе (вакцинация) алса, мұндай жағдайға ұшырамас еді. Міне, бұл профилактикалық екпе жұмысына селқос, енжар, жүрдім-бардым қараудың бір мысалы.

Жүре біткен төзімділік (им­му­нитет) адам ауырып жазыл­ғаннан соң немесе қолдан егу арқылы пайда болады. Егу үшін тірі немесе өлтірілген вак­цина қолданылады. Бұл вакци­налардың құрамында вирустың өзі немесе оның превентивтік антигені кездеседі. Пайда бол­ған яки түзілген иммунитет ағзадағы арнаулы және арнаулы емес факторлармен тығыз байланыста болады.

Иммундық жүйе жайлы қауіпті инфекциялық ауру пайда болған сәттерде жиі айтылады. Мысалы, күзде, қыста лүп еткен салқын самалға төтеп бере алмай тұмау және де бас­қа тыныс ағзаларының жіті респираторлық вирусты ауруларымен (вирустық ренит, фарингит, фронтит, гайморит және т.б.) науқастанып қалатын­дар кездеседі. Тіпті жанынан өт­кен адам түшкірсе ауырып қалатын адам­дар бар, яғни олар им­му­ните­ті әлсіз адамдар. Немесе үй ішіндегі жандардың бәрі тұмаумен ауырып жатса да сап-сау жүретін адамдар болады, олар иммунитеті күшті адамдар. Қорғану күші аз адамдар қауіпті инфекциялық ауруларға ұшырап, оның асқындырмау үшін екпе жүргізіледі. Мысалы, тұмауға, вирусты гепатитке қар­­сы екпелер елімізде жолға қо­­йы­л­ған. Қазір адамзатқа ауыр тажал болып кезіккен коронавирус індетін ауыздықтау үшін алдыңғы қатарлы көптеген мемлекеттердің вирусолог-ға­лымдары оған қарсы вакци­на шығаруды қолға алды. Бәз­бір мәліметтер бойынша, он­дай вак­циналар АҚШ, Ресей, Қытай­да таяу айларда пайда­лануға беріледі деген сөз бар. Қазақ­стандық ғалымдардың да бұл бағыттағы ізденістеріне көп­ш­і­лік көз тігіп отыр. Ерте ме, кеш пе ондай вакцинаның пайда болатынына сенеміз.

Жұқпалы аурулар жайлы сөз қоз­ғағанымызда, одан қа­лай сақ­танамыз, ауыра қалсақ қалай емделеміз деген сұрақ туа­ды. Өз бетімен немесе таныс біреудің кеңесімен ем-дом жүргізетіндер аз емес. Әдет­те кез келген ауруға дәрі қабыл­дай беретін адамдардың имму­нитеті төмен болады. Өйткені анти­биотиктерді ретсіз көп іш­кеннен ішек қызметіне зақым келіп, ішектің ішіндегі ас қоры­ту процесіне қатысатын пай­далы микрооргнизмдерді жо­йып, кісіні дисбактериозға ұрын­дырады. Олардың тамақ қорытуы төмендеп, үлкен дәре­ті бұзылады. Өйткені адам­ның иммундық жүйесінің 70 па­йыз­дан аса жасушалары ішекте бо­ла­тыны белгілі. Соны­мен қатар ішекте ауру тудыр­ғыш «бөтен» микробтарды өлті­ре­тін пайдалы бактериялар бар. Оларды, жалпақ тілмен айт­қанда, организмнің (ішектің) қор­ғаушы «солдаттары» десе де болады. Өйткені бұл бактерия­лар ағзадағы иммундық жасу­ша­ларды қолдап отырады және аминқышқылдар мен вита­миндерді өндіреді. Егер ішекте бұл микроорганизмдер бәзбір себептермен аз болса, онда әлгі «бөтен» бактериялар үстемдік алып, адамды ауырта бастайды, яки дисбактериозға ұшыратады.

Кейде орынсыз пайдаланған дәрі-дәрмек аллергияға алып келеді. Аллергиямен ауыратын адамдарды иммунитеті төмен адамдар деп жататынымыз бар. Дәрумендерді де орынсыз қысы-жазы пайдалану жөн емес. Науқастанған кісіге дәрі-дәрмекті дәрігер тағайындағаны жөн. Әйтпесе дәріханада көзге іліккен немесе біреудің айтуымен ем-дом жүргізу жақсылыққа апармайды. Өйткені әркімнің ағзасының өз ерекшелігі бар: бі­реуге ол дәрі «жағып» жатса, екінші біреуге кері әсер етуі әб­ден мүмкін. Иммунитеті яки қор­­ға­ныш қабілеті төмен, қау­қар­­­сыз адамдарға кез келген ауру үйір келеді. Әсіресе қыс-көк­­тем айларында тұмаудың «қы­­ды­рып» жүрген кезінде им­му­­ни­­тетті күшейтудің маңызы зор. Өкінішке қарай, көпшілік мұн­­дайда түрлі витаминдерді қабыл­­дау керек деп ұғуы мүм­кін. Олай деп ойлау қате, түсін­беушілік.

Ең бастысы, денені шынық­тыру екенін есте ұстаңыз. Көп қимылдаңыз. Қимыл-қозғалыс кезінде адамның қан айналымы жақсарып, бұлшық еттері қал­пына келеді. Дененің ырға­луы ішектің де бұлшық еттерін реттеп, қызметін жақсартады. Им­мунитетті күшейту үшін кебектен жасалған нан, қырыққабат, сәбіз, аскөк және қызылшаны көбірек пайдаланған жақсы. Ал ақуызға бай тағамдар, әсі­­ре­­се ет ішектің жоғарғы бөлім­­­­дері­нен бастап сіңеді де, «бөтен» бактериялар тамақ­сыз қалып, әлсіздене бастайды. Түрлі тұз­дықтар бұл процес­ті күшейтеді, сондықтан етке бұрыш салыңыз немесе дәм­деуіштер қосып жеңіз. Тамақтан соң 2 ас қасық өсімдік майын ішке­ні­ңіз пайдалы. Ұйық­таудан жар­ты сағат бұрын бір стакан ай­ран ішкен дұрыс. Он­дағы қышқ­ыл сүтті бактерия­лар асты қоры­туға көмектеседі. Сөй­тіп имму­нитетті көтеріп, кез келген ауруға төтеп бере бас­тай­сыз. Сосын, әрине, дұрыс тамақ­тану, зиянды әдеттерден аулақ болу, тыныш та сапалы ұйқ­тау және т.б. әркімге пайдалы.

Әдетте адамдар иммунитетті сақтаудың рөлі мен мүмкіндігін ауырған кезде ғана ойлайды. Иммун тапшылығы кез келген адамды ауруға алып баратын тіке жолдың бірі. Сондықтан әр адамға денсаулығын сақтау және иммундық жүйені нығайту ма­ңызды, әсіресе қыс-көктем қар­саңында. Себебі бұл уақытта ағза ерекше қолдауды қажет ете­ді. Сондай-ақ жедел респира­тор­­лы аурулар мен жедел рес­пи­­ра­­­­торлық-вирустық инфек­ция­­лар­­дан немесе тұмау­дан зар­­­дап шек­кендерге және үлкен физи­­к­а­лық күштерді сезі­нетін­дерге им­­мунитетке назар аудару керек.

1

Тұмау және басқа респи­ра­торлық аурудың алдын алу­дың тағы бірнеше жолы бар. Айналадағылардың бәрі ауырып жатса, иммунитетті көтеріп қана қоймай, инфекция жұқ­тыру­шылармен байланысты шек­теу қажет. Ағзаға түсетін бакте­рия мен вирус көлемі аз болған сайын, иммунитеттің оны жеңуіне де оңай болады. Бұл үшін не істеу керек? Адам­дар көп шоғырланған жерге бармаңыз. Кездескенде 1,5 метр қашықтықты сақтаңыз. Қол алып амандаспаңыз, амандасу кезінде бетінен сүйіп, құшақ­тамаңыз. Ауру адамның түкірігі бетіңізге ша­шы­рамас үшін, қоғамдық орын­дарда, дүкен­дерде бетперде киіп жүріңіз, далаға шығар ал­дында киім­дері­ңізге микроб, вирусқа қарсы эфир майларын (жалбыз, эвкалипт, арша жи­дегі) сеуіп алыңыз. Бұл сіз дем ала­тын ауаны залал­сыздандыра­ды. Қол­дары­ңызды домофон, лифт түйме­ше­лерін, есік тұтқасы, теле­­фон ұстағаннан кейін анти­септик­пен сүртіңіз. Үйден тыс жерлерде жүрген уа­қыт­та қолы­ңызды жумай бе­ті­ңізді ұста­маңыз, үй ішін әр­бір 3-4 сағат сайын желдетіп тұры­ңыз. Шаң­ды сүртіп, ауаны ылғал­данды­рыңыз; қолы­ңыз­ды үйге кел­геннен кейін мұ­қият жуы­ңыз. Кілт, сөмкеңізді сүр­туді ұмыт­паңыз. Егер көзіл­дірік кисеңіз, оны да сабынмен жуу керек.

Енді иммундық қуатты то­лық­­тыру тәсілдері жайлы айта кетейік. Бұл –  ұйқы мен тамақ­тану тәртібін сақтау, көкөніс тағамдарын, жеміс-жидектерді көбі­рек жеу, таза ауада серуен­деу, салқын суға шомылу, сала­мат­ты өмір салтын ұстану. Ха­лық арасында иммунитетті көтеру­­­дің сан түрлі (дәрілік шөп тұн­ба­­­лары, лимон, зібір және т.с. пай­­­далану) тәсілдері бар. Оны орын­­ды пайдалансақ еш зияны жоқ.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Журналистер одағының мүшесі

 

ТАРАЗ