Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Жошы хан кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталады

1143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде салынып жатқан ірі тарихи-мәдени кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жошы хан кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталады

Қазіргі уақытта екі ауысым бойынша еңбек етіп жүрген құрылысшылар ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын бастап кеткен. Кешен құрылысымен танысуға арнайы барған облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке мердігер компанияның басшысы Абай Байділдаев мұндағы жұмыстардың жыл соңынадейін аяқталатынын айтты.

Қарағанды

Мамандар тарихи-мәдени кешеннің іші кірпіштің ерекше қалануының арқасында күн райының құбылуына қарамастан әрдайым жылы болып тұратынын айтады. Ғимараттың ішінде Жезқазғанөңірінің киелі жерлеріне арналған экспозициялар мен демонстрацияларға арналған залдар бар. Бұл жерлерде дизайнерлер тарихи жазбаларды қалпына келтіріп, балауыз мүсіндерді сомдайтын болады. Сондай-ақ, жоба аясында туристер үшін қонақ үй кешені мен асхана салынады. Ең соңында кешен аумағы абаттандырылып, айнала көгал егіледі.

Л

Қазіргі уақытта кешеннің қақ төріне Жошы ханның биіктігі бес метр болатын еңселі ескерткіші тұрғызылған. Алдағы уақытта ғимараттың  айналасын этно-ауыл жайлайтын болады. Ұлттық бұйымдар мен әшекейлер көрмелерін өткізу үшін киіз үйлер мен шатырлар тігіледі.

Болашақта Жошы ханның тарихи-мәдени кешенін Алтын Орда дәуірін зерттеуге арналған ғылыми орталыққа айналдыру жоспарланған. Мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырылатын болады. Бұдан бөлек, аталған кешен базасында мектеп оқушылары үшін көшпелі тарих сабақтарын өткізу де ойластырылған.

Жалпы, Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында салынып жатқан Жошы ханның тарихи-мәдени кешені қазақ халқының өткеніне қызығушылық танытқан жиһанкез-саяхатшы қауым үшін аттың терін аямай келетін ғажап мекен болғалы тұр.

 

 

Қарағанды облысы