Медицина • 09 Қазан, 2020

Өңірлерге 500-ге жуық ӨЖЖ аппараты жеткізілді

863 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда республика қалаларына 498 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Өңірлерге 500-ге жуық ӨЖЖ аппараты жеткізілді

Оның ішінде  Нұр-Сұлтан қаласына 126 дана, Алматыға 64 дана, Шымкентке 156 аппарат жеткізіліп, қажеттіліктері толық өтелді. Сондай-ақ Ақмола облысы 3, Алматы облысы 32, Ақтөбе облысына 25, Қызылорда облысына 53 және Павлодар облысына 39 ӨЖЖ аппаратын алды. Тағы да осындай 276 аппарат Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан және Қарағанды облыстарына беріледі.

377 ӨЖЖ аппараты стендті сынақтардан өтіп жатса, 349-ы жіберуге дайын. Жалпы биылғы 15 қазанға дейін еліміздің барлық өңіріне 1,5 мыңдай ӨЖЖ аппаратын жеткізу жоспарланып отыр. 

Қазақстанда мемлекеттің қатысуымен "Қазақстан Аселсан инжиниринг" ЖШС (Нұр-Сұлтан қаласы) және "Тыныс" АҚ (Көкшетау қаласы) кәсіпорындары өкпені жасанды желдету аппаратын шығарады. Бұл кәсіпорындар – "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының еншілес ұйымдары. 

Коронавирус пандемиясына байланысты елде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға орай ӨЖЖ аппараттары жетіспеушілігін ескеріп, "Қазақстан Аселсан инжиниринг" ЖШС қысқа уақыт ішінде өкпені жасанды желдететін стационарлық аппараттар өндірісін игерді. Ал "Тыныс" АҚ "Көкшетау-4П" ӨЖЖ 680 мобильді аппаратын шығарады. Медицина мамандарының пікірінше, аппарат қолдануға ыңғайлы әрі сенімді және электр қуатына тәуелді емес. Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 500 ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді.

Одан бөлек, "Тыныс" АҚ ӨЖЖ портативті аппараттарын, "Көкшетау 3" медициналық бұйымдардың түрлі номенклатурасын, оның ішінде көп реттік бетперделерді, мүгедектерге арналған арбаларды және т. б. заттарды шығарып жатыр.

Бұл кәсіпорындардың негізгі қызметі Қазақстан Республикасының және өзге де елдердің Қарулы Күштерінің қажеттіліктері үшін жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған. Ал ӨЖЖ өндірісі медициналық мекемелердің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған мемлекеттік тапсырыс аясында жолға қойылды.

Кәсіпорындар қосымша қажеттілік туындаған жағдайда медициналық техника мен кез келген өнімді қажет мөлшерде өндіріп жеткізе алады.