Сұхбат • 13 Қазан, 2020

Би өнері биікке ұмтылды

539 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Наз» мемлекеттік би театры өткен айда кезекті XIII маусымын жастарға арналған «Уақыт-Өмір» философиялық, хореографиялық спектаклімен ашты.

Онлайн форматта өткен жаңа маусымдағы қойылым – театр репертуарындағы алғаш­қы музыкалық туынды. Мұнда ән мен би қатар орында­ла­тын­дықтан, жобаны театр әртіс­терінің сахнадағы тағы бір тың ізденісі деуге толық негіз бар. Замандастардың бүгінгі тыныс-тіршілігі бейнеленген заманауи сипаттағы философиялық ойға құрылған спектакльдің қоюшы-хореографы, бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында кәсіби біліктілігін жетілдіріп жүр­ген жас маман Светлана ДОМИНСКАЯ музыка мен пластиканың өзара үйлесімді үндестігінен туған сахналық қойылымның тәрбиелік мәні мен мұнан басқа да сан-сапат ерекшелігін тілге тиек етті.

Би өнері биікке ұмтылды

– Спектакльдің атын «Уақыт-Өмір» деп атауға не себеп болды?

– Біз қазір қарапайым адамның жан-дүниесі қандай халде екенін, жеке басындағы қуанышы мен қайғысын онша елеп-ескере бермейміз. Өйткені оған көңіл бөлуге ешкімнің уақыты жоқ. Көкіректің, жүректің көзін өмірдің күйбең тіршілігі, жанбағу жанталасы, басқа да түрлі себептер жауып тастап жатқанын бағамдай алмаған әлжуаз пенделер әлденеге аптығып, асыққан күйде. Өмірдің мәнін күнделікті тіршіліктің әуре-сарсаңынан іздеп, табанынан тозған сондай жандардың ішкі рухани әлеміне осы қойылым арқылы сәл де болса әсер еткіміз келді. Түрлі ман­сап жолында жоғала бастаған адами қа­сиеттерге қайтадан бет бұрғызуға ниет­тендік. Қойылым арқылы адамзат өміріндегі маңызды мәселелердің мәнін іздеп, мағынасын ашуға, көрерменнің санасын сілкінтуге тырыстық. Бір-біріміздің жан-дүниемізге үңілуден алшақтаған сайын түпкі құндылықтар ұмытыла бастаған алмағайып заманда мұндай қадамға барудың өзі зор тәуекелшілдікке жатады. Бірақ нәтижесі өзіме жаман емес сияқты.

– Уақытты қалай пайдалану керек, нені қадірлеуіміз керек, неден бойды аулақ салған абзал? Бұл – қазіргі жас­тар тәрбиесіндегі бас­ты мәселенің бі­рі. Осындай ой саларлық өзекті тұс­тар ортаға салынатын қойылым көрерменді бейжай қалдырмаса ке­рек-ті. «Уақыт-Өмір» тырнақалды туын­дың ба?

– Бұл менің қоюшы-хореограф ретіндегі алғашқы спектаклім. Жалпы, кез келген идеяны сахнаға алып шығу оңай шаруа емес. Мұндай қадамға бармас бұрын іштей ұзақ дайындалдым. Себебі 2-3 минуттық би қою үшін де он ойланып, жүз толғанасың. Би өнері шығармашыл адамнан көп ізденісті талап етеді. Ал енді сол ізденіп жүріп тапқан ойлары мен идеясын жүзеге асыру үшін адамға қанша уақыт керек, қанша күш-қайрат жұмсалады? Мұны бастан өткізбеген адам түсінбейді. Тырнақалды туындымды сахнаға әзірлеу үстіндегі ізденістер осыны санаға түйгізді. Мұны біз негізінен қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарай алмайтын, көзі ашық, көкірегі ояу көрермен үшін ұсындық. Онда қазіргі қоғамымыздағы адами құндылықтардың азаюы, экологияның бұзылып жатқаны қамтылады. Осы мәндес туындылар көрерменді өзінің ішкі жан дүниесіне үңілуге әрдайым ықпал ете алады.

1

– Спектакль қанша бөлімнен тұ­рады? Сахналық оқиғаларға қан­дай әдіс-тәсілдер қолданылды?

– Қойылымда бірнеше бөлім бар. Нақтырақ айтқанда, оқиғалар мейрамхана, сұлулық салоны, бақ, метро сияқты қала тұрғындары жиі бас сұғатын орындарда өтеді. Басты кейіпкерлер осы жерлерге барған сайын қазіргі қоғамның ащы шындығына көз жеткізеді. Дәулетті адамдардың балалары мен әйелдерінің ақша мен ас та төк дүниенің буына мас болып, ештеңенің қадіріне жетпей жүр­гені суреттеледі. Пенделердің бір-біріне деген сенімінің жоғалуы, сұлу табиғатымызды бағаламай, экологияны ластауы хореография тілімен өріледі.

Сондай-ақ заманауи сәннен қалмай­мын деген сылтаумен тән сұлулығын құмар­тып жүріп, жан сұлулығын ұмыт қалдырған бойжеткен қыздар бей­несі, қоғамдық орындардағы көңіл құла­зытатын түрлі келеңсіз жайттар, ай­наласына құрмет көрсетпейтін, жан-жағындағылармен санаспайтын, қоршаған ортаны сыйламайтын, без­бүйректік пен астамшылық би қимылдары арқылы баяндалады.

– Сахналық қойылым немен түйін­деледі?

– Қойылым соңында жағымсыз кейіпкерлердің ой-санасы түзеліп, ақи­қат пен шындық жеңеді, мейірімділік салтанат құрады.

– Қазіргі замандас бейнесі арқылы ертеңге сенім артқызатын спектакль несімен құнды?

– Көбіміз құлдық пен әлденеге тәуелді болуды баяғыда жойылып кет­кен ескіліктің сарқыншағы деп ой­лай­мыз. Шындығында олай емес. Мұн­­дайлар қазір де арамыздан табыла­ды. Тек сыртқы қабығы ғана басқа. Ішкі сұлбасының бұрынғыдан еш айыр­­машылығы жоқ. Өйткені тым ас­там­сып, масайрап кеткендер көп... Біреуді кемсітуге, табалауға бойымыз үй­ренген, үл­кендерді құрметтеуден қалып, тіпті қорлаудан тайынбаймыз. Олай болуы тиіс емес қой! Өз әле­мімізді шексіз сүйе алсақ, мұн­дай жойсыздыққа жол жабылар еді. Бес күндік жалғанда бір-бірімізге тек мейі­рім шуағын төгіп жүрейік, жақын­дарымызды қадірлейік. Табиғат-Ана­ның жанын жараламайық.

Бұл дүниеге қонақ екенімізді ұмыт­пай, Жаратқанның өзімізге сыйла­ған өміріне шүкіршілік ете білу де – әркім­нің азаматтық парызы. Дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ! Сәннен қалмай, байлық қуғандардың бәрі үлкен жетістікке жете бермейді... Біреудің қуанышын қызғанбай, өз өміріміздің лайықты қожасы болуға ұмтылайық. Айналамызға ынтызар-ынтық жүрекпен, махаббатпен қарауды үйренейік деген идеяларды алға оздыруымен құнды.

1

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар