14 Сәуір, 2010

КАБАРДИНДЕР ҚОЛ ҰШЫН СОЗАДЫ

736 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Президент поштасынан Мемлекет басшысының атына Кабардин-Балкар Республикасы (Ресей Федерациясы) Эльбрус ауданының тұрғыны Узеир Құрбановтан жеделхат келіп түсті. Жеделхатта адам өлімі мен үй-жайлардың қирап-бүлінуіне әкеліп соққан Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасында болған апат туралы хабарды балкарлар қайғыра отырып естіді, деп атап өтілген. Кабардин-Балкар тұрғындары Шығыс Қазақстандағы оқиғаларға да үлкен қобалжумен құлақ түруде. Біз сіздермен бірге 2000 жылы Тырныауз қаласында болған қайғыны да бастан өткердік, ­– деп жазады У.Құрбанов, – сондықтан мұндай табиғат апатының ауыр салдарлары қандай болатынын жақсы білеміз. “Өз халқымның және жеке өз атымнан табиғат апаты сал­да­ры­нан қайтыс болғандардың, сон­дай-ақ зардап шеккендердің ту­ған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы репрессия жылдарында Қазақстан халқы бізге көмек­тес­ті. Біз қазақ халқының кең пейі­лі мен қонақжайлылығын әр­дайым есте сақтап келеміз, бұл – біз үшін теңдесі жоқ құн­ды­лық. Қазақстанның күйзелісі – біздің күйзелісіміз. Зардап шек­кен­дерге көмек үшін біздің тара­пымыздан Қазақстан халқы Ассам­блеясы қорына 200 мың рубль аударылды”, – делінген жеделхатта.