Саясат • 13 Қазан, 2020

Үздік ауыл әкімдері анықталды

578 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Уақыт талабына сай атқарылуы тиіс ауқымды міндеттер өте көп. Солардың арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, қоғам мен билік арасында тұрақты диалог, тиімді кері байланыс орнату міндеті үлкен маңызға ие. Сол себепті атқарушы билік қызметінің негізгі бағыттары болып саналатын азаматтық қоғамға қолдау көрсету, оның әлеуетін нығайта түсу, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың талап-тілек, мұң-мұқтажына барынша жедел көңіл бөлу, азаматтардың құқығын қорғау мәселелері өз деңгейінде шешімін табуы тиіс. Бұл орайда жергілікті басқару органдарына да артылатын жауапкершілік ауқымды. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мәселесін күн тәртібіне шығарған болатын. Жергілікті биліктің тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету, жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу, жергілікті бюджетті қалыптастыруға азаматтық қоғамның, яғни халықтың белсене араласуын жолға қою арқылы игі істер атқарылып келеді. Мәселен, биыл республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауын ұйымдастыру арқылы әкімдердің халықпен тиімді және кері байланыс орнату жөніндегі қызметі бағаланғанын ерекше атап өту ләзім.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылдық округ әкімдерін жергілікті халықтың өзі тікелей сайлау арқылы таңдауға болатынын атап көрсетті. Егер солай болса, бұл өз кезегінде әкімдердің ел алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы оң қадам болар еді.

Бүгін біз жоғарыда аталған жағдаяттарға орай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті органдар жұмысының тиімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ішкі мазмұнын сипаттайтын мақалалар топтамасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Үздік ауыл әкімдері анықталды

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы аяқталды. Үздік ауыл әкімі болып Алматы облысы, Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Қоңырбаев анықталды.

Д.Қоңырбаев дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинап, 1-орынға ие болды және өз аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жобасын сәтті қорғап шықты.

2-орынды 2 әкім иеленді. Олар: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Исаев және Ақтөбе облы­сы, Мұғалждар ауданы, Талдысай ауыл­дық округінің әкімі Қазбек Аққайыр.

3-орынды да 2 әкім иеленді: Пав­лодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жа­лаулы ауылдық окрігінің әкімі Азамат Медетов және Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева.

Сондай-ақ «Үздік әлеуметтік-эконо­микалық жоба» аталымы Жам­был облысы, Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстамбековке, «Халыққа ашық әкім» аталымы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауыл­дық округінің әкімі Самат Мейр­­­мановқа, «Үздік іскер-шаруа әкім» аталымы Атырау облысы Иса­тай ауданы Тұщықұдық ауылдық окру­гі­нің әкімі Мәди Өтеғалиевке табысталды. 

Республикалық конкурстардың жеңімпаздары мен қатысушылары Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жаилғанованың атынан грамоталармен, дипломдармен және алғыс хаттарымен марапатталды. Конкурстың мақсаты елдің ауыл­дық елді мекендеріндегі жергі­лікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жер­гілікті бастамаларды, оның ішін­де қоғамдық өзін-өзі басқару ұйым­дарын ынталандыру, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкім­дерін анықтау және көтермелеу болып табылады.

Конкурс екі кезеңнен тұрды. Рес­пуб­ликалық байқаудың бірінші кезе­ңі облыстық деңгейде өтті. Еліміздің 14 өңірінен келген үздік әкімдер республикалық байқауға жіберілді.

«2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жол­дау­ында «Қуатты өңір – қуатты ел» деп, өңірлердегі жергілікті билік жұ­мы­сын тиімділігін бағалау жүйесін енгізу керек деп айтқан болатын. Осы­ған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне «Үздік ауыл әкі­мі» республикалық байқауын ұйым­дас­тыру және өткізу жүктелген еді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында да ауылдық округ әкім­дерін тікелей сайлауға болатынын атап көрсетті. Алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұған дейін болмаған тәжірибе – ауыл әкім­дерін тікелей сайлауға қоғам тара­пынан да қызығушылық артып отыр», деді Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі төрағасының орынбаса­ры Дархан Жазықбаев агенттікте өт­кен республикалық комиссия отырысында.

Конкурстың бірінші кезеңінде агенттіктің аумақтық департаменттері облыстардың әкімдіктерімен конкурс әдістемесіне сәйкес жұмыс жүргізді. Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп арнайы сауалдама әзірленді.

Осы бағытта тұрғындардың пікірі ескерілді және үміткерлердің мем­лекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы бойынша қорытынды бе­рілді. Бұдан басқа әкімдердің ха­лықпен тиімді және кері байла­нысты жолға қою жөніндегі қыз­меті бағаланды, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелер зерделенді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақтылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» форматтарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіледі.

Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамта­масыз ету мақсатында, ауыл әкім­дік­терінің көптеген ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.

Ауыл әкімінің тұрғындармен ашық қарым-қатынасы және өзекті мәсе­лелер бойынша уақтылы шешім қабылдау нәтижесінде халық­тың әлеуметтік мәселелері шешіледі.

Президент өзінің 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жергі­лікті биліктің тұрғындарға қолже­тімді болуын атап өткен болатын. Сондай-ақ «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масы аясында бағалау рәсімдерінің мін­детті талаптарының бірі облыс әкім­діктерінің сайтында орналас­ты­рылған 16 критерий бойынша он­лайн-дауыс беру түрінде өткен әкім­дердің жұмысына халықтың қана­ғат­тануын өлшеу болып табылады.

Үміткерлер ауылдық округті да­мы­туға, ауылдық жерлердің әлеу­меттік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жобалық жұ­мыс, сондай-ақ «Мен неге «Үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын?» тақы­рыбында эссе дайындады.

Ең жоғары балл жинаған кан­дидат­пен республикалық комис­сия жеке онлайн әңгімелесу өткізді. Оның құрамына Президент Әкімші­лігінің, Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің және Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің қызметкерлері, Парламент депутаттары, қоғам­дық ұйымдары мен БАҚ өкілдері кірді.

Комиссия мүшелері олардың эссе­лерін, жазудағы креативті тәсілдерін оң бағалады, сондай-ақ жеңім­паз­дардың жобалық жұмыстары басқа қа­тысушылардың жұмыстарымен салыстырғанда үздік шықты.