Қоғам • 13 Қазан, 2020

Сақтық өзіміз үшін қажет

357 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде бүкіл адамзатты толғандырып, әлемді дүрліктірген пандемия өмі­рі­мізді өзгертіп жіберді. Тіпті көптеген дамыған, алдыңғы қатардағы мем­­лекеттер экономикалық-әлеуметтік дағдарысқа ілікті. Соның салда­ры­нан ел-жұрт әлі де қалыпты тіршілік ауанында өмір сүре алмай келеді. Қауіп аздап болса да сейілгенімен, халықта қорқыныш, үрей басым. Өйткені Еуропа мен Америка құрлығында індеттің екінші толқыны күн санап мыңдаған адамды ауруға шалдықтырып, көптеген жан көз жұмуда.

Сақтық өзіміз үшін қажет

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Күн сайын теледидар мен баспалар вирустың екінші толқыны қайта бас көтеруі мүмкін екенін, еліміздің тажал құрсауына іліккен науқастар саны жайлы мәлімет таратып, коронавирустан сақтану жолдары жайлы үзбей хабардар етіп келеді.

Иә, бұл ауыр індет әлемге, барша адамзатқа апат болып отырғаны мәлім. Әрине, бұл әдейі саясатпен жасалып отыр ма, басқаша жағдай орын алды ма, әртүрлі пікір айтылады. Дегенмен, дәл қазір қазақ еліне осындай күн туғаннан кейін мемлекет мүмкіндігінше халыққа қолдау көр­сетіп отыр. Егер біз төзімділік та­ны­­тып, көктем-жаз айларында қатаң карантин режімін әрі қарай соз­ған­да, соңғы кездегідей коронавирус жұқ­тыр­ған адамдардың саны азырақ болары сөзсіз еді. Әттең...

Ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, бұл індет басталғалы бері әлемде 34 млн-нан астам адам коронавирус жұқтырған. АҚШ, Үндістан және Бразилия халқы коронавирусқа көп шалдыққан. Ресейде соңғы тәуліктерде 9 859 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Пан­де­мия басталғалы бері онда 1 204 502 адам індетке шалдығып, 21 251 адам қайтыс болыпты.

Бүгінде денсаулық сақтау сала­сы мамандары халықты сақтық шара­ла­рын сақтауға шақыруда. Соны­мен бірге әр облыста жаңа инфек­ция­лық ауруханалар бой көтеріп, қажетті дәрі-дәрмектермен, тыныстандыратын аппа­раттармен, керекті қорғану құрал­дарымен, автомашиналармен қам­ты­луда. Медицина қызметкерлері арасында COVID-19-дан қорғану, ауру белгілері, емдеу жолдары жайлы арнайы семинарлар, конференция­лар өткізілуде. Мұның барлығы ел-жұртты қауіпті аурудан қорғап қалу, өлім-жітімді азайту бағытында жасалып жатқан игілікті шаралар. Осыған орай еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеулер қойылып, эпидемиялық ахуалдың нашарлауына байланысты базбір аймақтарда бас санитарлық дәрігердің нұсқауымен карантиндік шаралар күшейтілуде. Бұл, біріншіден, халық арасында инфекцияның кең таралып кетпеуіне тосқауыл болса, екіншіден, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» керек екенін ескертеді.

Қазіргі таңда мемлекетіміз өз тарапынан халыққа барлық жағдайды жасап отыр. Мәселен, АҚШ-та, Еуро­пада індет алғаш басталғанда халық неге көптеп ауырып, қайтыс болды? Себебі олардың денсаулық сақтау жүйесі тек ақылы болған-ды. Ал біздің мемлекетте осы індетке шалдыққан әрбір қазақстандыққа тегін медициналық көмек жасалып жатыр. Одан басқа жұмыссыз қалған миллиондаған азаматтарға мемлекет екі мәрте 42 500 теңгеден материалдық көмек көрсетті.

Мемлекеттік комиссия тарапынан қойылып отырған талаптарға сай сабырлық, төзімділік танытып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, қоғам­дық орындарда бетперде тағып жүргеніміз дұрыс. Той жасау, беташарға және басқа адамдар көп жиналатын жиындарды ұйымдастыру мәселелерін әзірше тоқтата тұрған жөн. Бұл – еріккеннің ермегі емес, бүгінгінің басты талабы. Сақтансаң – сау боласың.

Өкінішке қарай, эпидемияның адам өміріне, денсаулығына қауіптілігін толық сезінбей, карантиндік талаптарды орындамай, оған селқос, бейжай қарап, енжарлық танытып жүргендер көпшілік арасында жоқ емес. Олар өздерінің денсаулығына ғана қауіп төндірмей, отбасына, еңбек ететін ұжымындағы қызметкерлерге, тіпті жақын ұшырасқан кісілерге, жақындарына бұл қауіпті ауруды жұқтыруы әбден мүмкін екенін ұғына алмай жүр. Оларды жауапкершілігі төмен, ой-өрісі таяз адам деу керек. Кейде көпшілік орында бетперде кимей жүрген адам кездескенде, «Неге карантиндік талапты орындамай мас­касыз жүрсіз?» десең, «Сол маска инфекциядан сақтайды деп ойлайсыз ба?» деп дүрсе қояды. Оған не дейсіз?..

Базбіреулер елімізде қауіпті кесел­дің таралу қарқыны бәсеңдегенін алға тартады. Алайда дәрігерлер ахуал
тұрақты болғанымен, бір сәтке де босаңсуға болмайтынын айтады. Себебі індеттің ілмегіне іліккендер кез келген уақытта күрт көбейіп кетуі мүмкін. Мысалы, қатар жатқан Ре­сей­дің қазіргі эпидемиялық ахуалын келтіруге болады. Онда күн са­йын бірнеше мыңдаған адам індетке шалдығып, одан көз жұмғандар саны өсіп барады. Еріксіз қазақтың «Жау жоқ деме – жар астында» деген қанатты сөзі еске түседі.

2020 жылдың қыркүйек айының соңында Алматыға жұмыс сапары барысында Президент Қ.Тоқаев ең алдымен қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына барып, 500 адамға стационарлық медициналық жәрдем беруге арналған және заманауи құ­рыл­ғылармен жабдықталған пала­та­­ларды аралап көрді. Мемлекет басшысы коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық ресурсты жұмыл­дыру қажеттігін айтты.

«Қазір бүкіл әлемдегі жағдай күр­делі. Еуропа мен Америкада коро­на­вирустың екінші толқыны өтіп жатыр. Осындай жағдайда біз қырағылық танытып, дайын болуымыз қажет», деді Қ.Тоқаев.

Ол Үкімет пандемияның бірінші толқынынан жақсы сабақ алғанын, бұл тәжірибенің пайдасы болғанын атап өтті.

«Әрине, қиын болды, қателіктер жіберілді, соның ішінде, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да ағаттықтар кетті. Бұл қателіктерді жұмыс барысында жөндеуге тура келді. Дегенмен, кез келген тәжірибенің, тіпті ауыр болса да, пайдасы бар. Сондықтан екінші толқынға дайын болайық. Содан кейін бүкіл дүние жүзімен, халықаралық қоғамдастықпен бірге барлық қиындықты лайықты түрде еңсеруге тиіспіз», деді Президент.

Әлемді дүрліктіріп, адамзатқа тажал сепкен індеттен қалай қорғану керек? Бұл жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Біз де сол белгілі шараларға қайта ден қояйық: «Қай жерде (көпшілік шоғырланған аулада, көшеде, дүкенде, қызмет көрсету орындарында, театр­­­да, қоғамдық көлікте, емхана мен ауруханада және т.с.с.) болсаңыз да бетперде тағыңыз. Маска толықтай ауыз бен мұрынды жауып тұруы керек. Ылғалды және дымқыл масканы жаңасына, құрғағына ауыстыру керек және бір реттік масканы қайталап қолдануға болмайды. Адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, сонымен бірге науқасқа қарау кезінде таққан жөн. Масканы шешер кезде оның беткі жағына қол тигізбеуге тырысыңыз. Шешкен маскаңызды бейберекет тастай салмай, оны целлофан пакетке салып, ауладағы қалдықтар салынатын арнайы контейнерге тастағаныңыз жөн. Көшеде, аулада шашылып жатқан кір маска ауру тарататын ұя болуы әбден мүмкін. Қолыңызды сабынмен және спирттік сұйықпен (арнайы антисептик құралмен) ішке енгеннен кейін мұқият жуыңыз.

Егер жоғарыда айтылған карантин талабын сақтамасақ, бұл дерттің құрбаны болуымыз әбден мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан құрылған комиссияның шешімдеріне, ұсыныстарына құлақ асып, әр азамат, әр отбасы орындайтын болса, індеттен жеңіл құтыламыз. Демек, карантин талаптарына сай сақтық шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығы басым, пайдасы зор. Ол үшін біз барлық жерде бетперде тағуды, қоғамдық орындарда әлеуметтік қашық­тықты сақтауды, сондай-ақ қарапайым гигиеналық талаптарды орындауды күнделікті дағдыға айналдырғанымыз жөн. Өйткені бұл сақтық – өзіміздің денсаулығымыз үшін қажет. Яғни әрбір адам өзінің жеке басына жауап­кершілікпен қарауы тиіс. Мүм­кіндігінше көпшілік жиналған ортаға бармауға, қолымызды күнде­лік­ті сабынмен жууға, сондай-ақ қорғаныс үшін медициналық бетперде тағып жүруге тырысу керек. Көпшілік COVID-19 індетін ел арасында таралмау ісіне түсіністікпен қарап, жауапкершілікті арттырып, ел болып пандемиямен күресуде сақтық шараларын басты назарға ұстасақ, біз алмайтын қамал болмас еді.

 

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы

 

ТАРАЗ