14 Сәуір, 2010

ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ТӘТТІ ДӘМІ НЕМЕСЕ ОНЫ КІМНІҢ, ҚАЛАЙ СӨЗІНІП ЖҮРГЕНІ ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

684 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Соңғы 100 жылдың ішінде миллиондаған адамды өмірмен қоштастырған, қаншама отбасына қайғы-қасірет әкелген, әлемде 40-қа жуық мемлекет қатынасқан екі дүниежүзілік соғыстың да кәрі құрлық – Еуропада тұтанғаны мәлім. Ал бүгінгідей ғаламдасқан уақытта жеке бір елдегі тиыш­сыз­дықтың тұтастай аймақты, ал ай­мақтағы даудың бүкіл әлемді дүр­ліктірген заманында тек Еуропа­дағы қауіпсіздік мәселесін жеке көтеру мүмкін емес. Сондықтан да Еуропа қауіпсіздігін Азиямен, сон­дай-ақ бүкіл дүниежүзілік қауіпсіздікпен бірге кешенді қарастыру аса маңызды. Оның үстіне Жаратушының өзі екі құрлықты бір-бірінен тек Орал тауымен ғана шартты түрде бөліп жатқандығынан, ЕҚЫҰ-ны Еуразиядағы, содан кейін барып әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы десең де сыятындай. Аузы күйген Еуропа үшін сондықтан да қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселе­лерімен айналысатын Ұйым қажеттігі туып, ол 1975 жылы Хельсинкиде өмірге келген. Өзінің жарғысында толық консенсустық, яғни Ұйымға мүше мемлекеттің біреуі қарсы болса шешім қабылданбайтын, қазір Ванкувер мен Владивосток ара­сын­да жатқан 56 ел мүше Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының Мадридте өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінде 2010 жылғы төраға­лық­қа Қазақстанды лайық деп табылғаны мәлім. Мұның ЕҚЫҰ кеңістігінде бұрын-соңды кез­дес­пе­ген тосын таңдау болғаны да анық. Оған Қазақстанның де­мокра­тиялық қоғам құрудағы жолы мен нарықтық экономикаға көшуі, экономика саласын тұ­тас­тай либералдауы себепкер екеніне дау жоқ. Ал бұған дейін болмаған жағдай деп бағалаудың да өзіндік сыры бар. Өйткені, бұған дейін осы Ұйымға Азия құрлығында жатқан ел, оның үстіне халқының негізі ислам дінін ұстанатын мемлекет төрағалық етіп көрген емес. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі халықаралық бе­делді Ұйымда оған мүше елдердің барлығының құқығы бірдей екен­дігінің де айғағы болды. Осылай­ша Қазақстанның ЕҚЫҰ төраға­лығын атқарғанына, міне, 100 күн толыпты. 100 күн, 100 түн. Бұл – Қа­зақ­стан үшін нағыз тынымсыз күндер мен түндерге айналды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы, Қа­зақ­стан Республика­сы­ның Мем­лекет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев күндіз мемлекет бас­шыларымен, саясат­кер­лермен кездессе, түн баласына ұшаққа отырып, Қазақстан мем­лекеті мойнына алған іс-шара­ларды орындау үшін жолға жүрді. Төрағалыққа кірісерде Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев Вена қаласындағы бейнеүндеуінде мә­лім еткен 4-Т бойынша осы 100 күн ішінде атқарылған істерге бүгінде оң көзқарас қалыптасып отырғанына сапарлар барысында көз жетті. Мәселен, Молдова Сырт­қы істер және еуропалық интеграция министрі Юриэ Лянкэ Қазақстан төрағалығының 100 күніне таянды деп, осы уақыттың ішінде төраға-мемлекеттің ЕҚЫҰ мен өзге де еуропалық әріптес­тері­нің Днестр өзені бойындағы ки­кіл­жіңді бейбіт жолмен, мәміле­гер­лік сипатта шешудегі ұмты­лысына ризашылығын жеткізді. “ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы­на аймақтағы бүгінгі жағдайды айтып бердік. Днестр бойындағы ұзаққа созылған осы дауды ауыз­дық­тауды кешенді шешу бағы­тын­да Молдова Республикасы үкіме­тінің бейбіт үнқатысуды қалайтын­дығын мәлім еттік. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының да үнқа­тысуды ресми сипатқа айналдыру арқылы орын алған қиындық­тар­ды еңсеруге, шиеленіскен түйінді шешуге болады деген қолдауы аса маңызды”, деген Юриэ Лянкэ 5+2 форматындағы кездесуді жалғас­ты­рудың маңызына баса мән берді (Келісе алмай отырған даулы екеу – Молдова-Приднестовье және жапсарлас көрші елдер Ресей, Ук­раина мен ЕҚЫҰ, араағайындық рөл атқарушы АҚШ және Еуро­одақ). Бұл жерде даулы мәселе­лер­ді қарастыруда Қазақстан тарапы­ның қай мемлекеттің де терри­ториялық тұтастығының сақталуы қажет деген ұстанымы бар екені белгілі. Әлемде бүкіл адамзат баласын алаңдатып отырған бірнеше қа­рулы қақтығыс ошақтары болса, солардың біразы кеңестер Одағы тұсында қордаланып, кейін елдер тәуелсіздік алған тұста қалғып жатып-жатып оянған жанартаудай жан-жағын сілкіндірді. Олар–Қап тауының оңтүстігіндегі Абхазия, Осетия, Таулы Қарабақ пен Днестр бойында өздерін тәуел­сізбіз деп жариялаған, бірақ та­ныл­маған “мемлекеттер” дауы. Саясатшылар дәрменсіздігі тұтас елді пұшаймандыққа әкеледі. Ұғыныстық пен түсіністік қаруы–сөз кейінге ысырылып, қару сөй­леген аймақтарда қарапайым ха­лық тартқан тауқымет халықара­лық беделі бар Ұйымды алаңда­та­ды. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ға төраға мем­лекеттің сол жерлердегі адам­дар көрген қиындықтарды азай­туға деген ұмтылысы өте маңызды. Өйткені, Днестр бойына барғанда қарапайым халықтың құжаттарын рәсімдеудің өзіне қиналғанын көрдік. Себебі, Приднестровьенің өз конституциясы, биліктің бар­лық тармақтары бар да, ал ешбір ел оны мемлекет деп таны­ма­ғандықтан, оның барлығы кіш­кен­тай балалардың үй ойнағанындай ғана. Құжаттарының ешқандай да заңды күші жоқ. Бұдан азамат­тар­дың құқықтық мәселелерімен бір­ге, толып жатқан өзге де кешенді проблемалар туындап отыр. Сол себептен дипломатия қуатын қарапайым адамдардың мұң-мұқ­тажын қарастыруға жұмсап, сол жердегі халықтың психологиясына әсер ету аса маңызды. Мәселен, Молдова мен При­днес­тровье арасындағы қарулы қақ­тығыс басталғаннан кейін туған балалардың алды 18-ге жетіп қалды. Былайша алып қарасаң, тұтастай жаңа ұрпақ буыны өмірге келді. Олар қазіргі 40-қа, 50-ге кел­гендердей емес, оқ дауысын ес­тімегендер. Ендеше, оқ-дәрі иісін сезбеген жас буынды бүлдіруге емес, бітістіруге ұмтылдыру бағ­бан­ның сау өскінді жерге сіңіріп, одан жақсы өнім күткеніндей игілікті іс болмақ. Оны екі жақ та мойындап отыр. Приднестровье лидері Игорь Смирнов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасымен болған кездесуден кейін өткен брифингте: “Біз Қазақстанның тә­жірибесі мен беделінің арқасында жағдайды жақсартуға қол жет­кізі­леді деп ойлаймыз”, деген. Жалпы, Днестр бойындағы 20 жылға созылған дауды шешуде 5+2 форматындағы кездесулер өткізу жайындағы келіссөздер 2006 жылдың ақпанында үзілген бола­тын. 2008 жылы Ресей көмегімен араға 7 жыл салып барып сәуір айы­нда сол кездегі Молдова президенті Владимир Воронин мен Приднестровье лидері Игорь Смирновтың кездесуіне қол жетті. Бірақ, онан кейін Молдовадағы конституциялық дағдарыс үдерісті тоқтатып тастады. Дағдарыс сол қалпында, Молдова мемлекетінің тізгіні қазір конституция бойынша парламент спикерінің қолында. Михай Гимпу Молдова Республи­касы президентінің міндетін атқарушы ғана болып отыр. Десек те, үнқатысу қажеттігін сезіну­шілер екі жақтан да табылады. Мәселенің тек сындарлы, бір-бірімен кетісуге емес, келісуге ұмтылғанында ғана шешілетінін баса айтқан Астана мамыр айында 5+2 форматында кездесуді жаңғыртуды ұсынып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның өзінің төрағалығы тұсында Ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қауіпсіздігі мен ондағы халықтардың өркендеуі жолында аянбайтынын жеткізген. Оның үстіне өзінің жағрапиялық орналасуы мен халқының құрамы жағынан да Шығыс пен Батыстың бір көрінісіндей болған еліміздің әлемдік қоғамдастық алдына үлгі етіп көрсетерлік өзіндік бейнесі, Көшбасшысының халықаралық аренада танылған беделі мен бейбітсүйгіш саясаты да бар. Испанияның еліміздегі елшісі Альберто Кортес сөзімен айтсақ: “ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төраға­лығы Ұйым тарихының жаңа беті және оның дамуында Орталық Азия аймағының маңызын көрсе­теді. Сіздер төрағалық барысында біріккен Еуропаның және ЕО-ның Қазақстандағы 19 миссиясының жетекшілерінің қолдауына сүйене аласыздар”. Елшінің сөзін Бе­ла­русь президенті Александр Лука­шенко да қайталады: “Біз сіз­дердің барлық бастамаларыңызды қолдап, қажет кезінде иығымызды тосуға әзірміз”, деген ол өз елінің адам саудасы, заңсыз миграция, шекара және энергетика қауіпсіздігі мә­се­лелерін шешуде өзгелерге үлгі көрсетіп, ЕҚЫҰ-ның экономика-экология сала­сында жүргізіп жат­қан жұмыс­тарына белсенді атса­лысып отыр­ғанын атап көрсетті. Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғы атынан ұжымдық кандидат Қазақстан көтерген жүктің сал­ма­ғы да қомақты. Украина Сыртқы істер министрі Константин Гри­щен­ко: “Украина Қазақстан төр­ағалығының осы кезеңін оң баға­лайды. Біз төраға елдің белсенді жұмысына және Іс басындағы төрағаның тынымсыздығына куә­міз. Оның ЕҚЫҰ хатшылығы мен өзге де халықаралық дәрежедегі саясаткерлер алдында беделінің мық­тылығын көріп отырмыз. Қазақстан төрағалығының баста­луы өте жақсы, оның төраға ретін­дегі қимылдары көңілдегідей және, сонымен бірге, біз жыл ая­ғында, төрағалық тізгінін тапсырар уақытта да осындай бағаға ие бо­ла­ды деп ойлаймыз”, деді украи­на­лық дипломат. Еліміздің төрағалық кезінде алға қойған мәселесінің ішінен Ауғанстан ойып орын алады. Осы бір проблемасы шаш-етектен, со­ғыстан қирап бүлініп, қаусаған елді бейбіт реттеуді мақсат тұтқан Қазақстан ауғанстандық 1000 жас­ты өз елімізде оқытып, мамандар даярлау ісіне 50 миллион доллар бөліп отыр. Егер жоғарғы деңгейде саммит өткізілген жағдайда Ауған­станды бейбіт реттеу күн тәрті­біндегі маңызды мәселелердің бірі әрі берегейі болатыны да күмәнсіз. Немесе өздерінің кандидатурасын 2013 жылғы төрағалыққа ұсынып отырған ел – Украина Сыртқы істер министрі Константин Гри­щен­коның сөзімен жеткізсек: “Әрине, төрағалықты барлық мәселелер шешілген кезде атқар­ған өте тиімді болар еді, бірақ бізге де айналысатын көп жұмыс қалатын шығар”, деуі шындық. Минскіде Беларусь Ұлттық кеңесі Өкілдер палатасының төр­ағасы Владимир Андрейченкомен кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Сауда­баевтың: “Бүгінге дейін халық­ара­лық қоғамдастық қанша талпын­ғанымен, Ауғанстанда тұрақты­лық­қа қол жетпей отыр. Саммит өткізілмеген 10 жыл ішінде әлемде жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде Ұйым мүшелерінің көз­қарастарын жақындастыруды мақсат тұтады, олардың арасында сенім мен өзара көмек орнағанын қалайды”, деуі Қазақ елінің ең қасиетті ұстанымы десек, қате­леспейтін шығармыз. Тек сол ниет­ке жетіп, адамзат баласы қару­ға жүгінгенше, бейбіт келісім, сындарлы үнқатысу арқылы ұғы­нысуға бет бұрып және тыныш­тықтың тәтті дәмін сезіне түссе ұтары көп болмақ. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.