Тағайындау • 13 Қазан, 2020

Ибрагим Күлшімбаев Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі болып тағайындалды

398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысымен Ибрагим Даукесұлы Күлшімбаев Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ибрагим Күлшімбаев Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі болып тағайындалды

Ибрагим Күлшімбаев 1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1994 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Ресей ТЖМ Азаматтық қорғау академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Амантау кеңшарында автопарк механигі болып бастаған.

1996-1999 жылдары — Қорғаныс министрлігі 1-армия корпусы 78 танк дивизиясы 143 танк полкінің штаб бастығының орынбасары, танк взводының командирі. 2000-2004 жылдары — ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.

2004-2005 жылдары — Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар басқармасы Дайындық және оқыту орталығының бөлім басшысының орынбасары.

2005 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымында жұмыс істеді.

2009-2013 жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою міндеттерін орындайтын ҚР ТЖМ 52859 әскери бөліміне басшылық етті.

2013-2016 жылдары — Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.

2016 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметін атқарды.