Үкімет аталған құжаттың жобасын бекіткені мәлім. Алайда қазақстандық іскер орта құжаттағы бірқатар кемшілікті сынға алды. ТМКҚ-ның атқарушы директоры Николай Радостовецтің айтуынша, Экологиялық кодекс қоршаған ортаны жақсартуға бағытталғанымен экономикалық тәуекелдері тым жоғары.
«Жаңа заңның жобасында мемлекет қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарындыларын азайту мақсатында өнеркәсіп орындарына озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу үшін экономикалық ынталандыруды қарастырмай, экологиялық төлемдер мен айыппұлдарды үнемі ұлғайтуды көздемек. Егер еуропалық стандарттарды алатын болсақ, онда Қазақстанның көлемінде озық қолжетімді технологияларды енгізу құны миллиондап емес, миллиардтаған доллармен өлшенеді. Бұл біздің кәсіпорындар үшін қыруар қаражат. Мемлекеттік қолдаусыз ОҚТ-ны енгізуге байланысты қымбат жобаларды ауқымды іске асыру өнеркәсіптік өнімнің өзіндік құнының өсуіне және оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әсер етеді. Бұл өндірістің қысқаруына немесе тіпті тоқтап, жаппай жұмыссыздыққа әкелуі мүмкін», деді Н.Радостовец.
Мұнай-газ және металлургия саласы отандық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Бұл сектор зардап шексе, оның салдары республикалық бюджеттен, шағын және орта бизнес және тұтастай халықтың әл-ауқатынан көрінуі мүмкін.
«Қазір Экологиялық кодекстің жобасы дайын деп айту қиын. Өйткені 36 түзетуді енгіздік. Сондықтан бұл пысықталып, енгізілген түзетулердің бір бөлігі Үкіметтің қарауында жатыр. Бірақ даулы мәселелерге байланысты ортақ келісімдер бар деп айтуға болады», деді ТМКҚ атқарушы директорының орынбасары Ербол Закариянов.
Салалық ұйым Өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығымен бірлесіп, еліміздегі геологиялық жұмыстарды қолдауға бағытталған нақты шараларды ұсынды. Айталық, экономикалық ынталандыру ретінде геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалатын қаржылық шығыстарды Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына жатқызу, сондай-ақ геологиялық барлауды қосымша құн салығынан босату мүмкіндіктері қарастырылып отыр. Неге десеңіз, жер қойнауына жүргізілетін геологиялық зерттеу 70-80% ғылыми міндеттерді орындайды. Сала өкілдері геологиялық барлау жұмыстарын жер қойнауын игерумен шатастыруға болмайтынын еске салды. Себебі жер қойнауын зерттеу жоғары тәуекелдермен ерекшеленіп, ғылыми-өндірістік есептер түрінде пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын табу және бағалаумен аяқталса керек. Аталған жұмыстарды қаржыландыру жер қойнауына салынған инвестиция деп қабылдау керек дейді геологтер. Бұл мемлекеттік бюджет есебінен және жеке инвесторлардың қаражатымен жүзеге асырылады.