Әлем • 14 Қазан, 2020

COVID-19: Толқынға тосқын бола ма?

121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір Ресей Федерациясында COVID-19-ға шалдығу қарқыны алаңдатарлықтай күйде.

Сол себепті федерация құрамын­дағы барлық облыстардың үкіметтері шектеу шараларын қатаңдатып жатыр. Оқу орындары қашықтан білім беріп, көпшілік жиналатын орындарға баруды азайтып, қоғамдық көліктерде барынша сақтық шараларын ұстану ескертілгенімен, жағдайдың оңалатын түрі көрінбейді. Тіпті қоғамдық көліктерде маска мен қолғап кимегені үшін айыппұл төлету де адамдардың бейжайлығына тоқтау бола алмай тұр. Барлық са­лаға тырнағын батырған індетпен күресте қосымша ауруханалар салынып, көптеген емдеу орындары қайта жабдықталып жатыр. Мәселен, Санкт-Петербургтегі індетпен кү­реске бейімдеген, ардагерлерге ар­налған ауруханаға бір күнде 40 пациент түскен.

COVID-19: Толқынға тосқын бола ма?

 

Ресми деректер пандемияның күздегі соққысының таралу масштабы көктемдегіден салмақтырақ, ауыр­лау болуы мүмкін екенін айтады.

 * * *

Үндістанда 24 сағаттың ішінде 55 мың адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Бұл туралы елдің ден­сау­лық сақтау министрлігі хабардар етті.

Егер нақтылай түсетін болсақ, бір тәулікте 55 342 үндістандық ауру жұқтырып, барлығы 7 175 880 азамат COVID-19 вирусының зардабын тар­тушылардың қатарында тұр.

Елде кеше 706 пациенттің тыныс-тіршілігі тоқтап, пандемиядан көз жұмғандардың саны 109 856 адам­ға жетіпті. Ал алдыңғы күні КВИ жұқ­тыр­ғандардың 66 732 адам болғанын есепке алғанда, кешегі 55 мыңға шүкір айтуға да келетіндей.

 * * *

Иран денсаулық сақтау министр­лігінің баспасөз хатшысы Сима Садат Лари 12 қазанда бір күнде 272 азаматтың COVID-19-дан қайтыс болғанын жазды.

Баспасөз хатшысы індет кесірінен 28 816 адамның көз жұмғанын айта келе, тәулік ішінде вирус жұқтыру көрсеткішінің азаймай тұрғанына қынжылған. «504  281 ирандыққа жұқ­қан вирустан 409 121 пациент жазы­лып шықса, 4 533 жанның жағдайы күр­делі күйде, қарқынды ем алу бөлімдерінде жатыр», деді Сима Садат Лари.

 * * *

Індеттен жазылған АҚШ азаматы бір жарым айдан соң COVID-19-ға қайта шалдықты.

«Небары бір жарым айдан соң вирусты қайта жұқтыру инфекциядан адамды сақтап қала алмайтынын көрсетеді. COVID-19 вирусының біз білмейтін жықпылдары көп және ағза мен оның қорғаныш жүйесінің қалай жауап беретінінің де құпиясы мол», дейді профессор Марк Пандори. Ғалым инфекциядан жазылып шыққан жандардың бір ауырдым, енді маған соқпайды деп бейғам жүре бермеуіне мән беріп, оның сақтануды, қашықтық ұстауды талап ететін ауру екенін айт­қан.

BNO News келтірген ақпаратқа сенсек, бұл – әлем бойынша COVID-19-дың 2-ші рет қайта жұғуы.
20­ па­­циент одан жазылып шығып, біреуі көз жұмып, енді екеуі емделіп жатыр.

 * * *

Словенияда эпидемия дес берер емес. Словения Үкіметінің баспасөз хат­шысы Елко Кацин елдегі эпи­де­мия­­лық жағдайдың нашарлап бара жат­қанына алаңдаушылық біл­дір­­ген.

Елко Кацин әлеуметтік желілерде шынайы хабар таратып, COVID-19 жайлы халыққа дұрыс ақпарат беріп жүрген БАҚ пен журналистерге алғы­сын жеткізді.

Бүгінде Словения ауруханаларында 172 пациент жатыр, ал олардың 26-сы қарқынды емдейтін арнайы бөлімдерде өмір үшін күресіп бағуда. Індеттен 169 словениялықтың дәм-тұзы таусылыпты. Ал оның бар-жо­ғы 2 млн халқы бар мемлекет үшін қан­­шалықты ауыр екені айтпаса да түсінік­ті.

 * * *

Чехияда денсаулық сақтау министрі Роман Прымула 6 адамнан артық жиналуға болмайтыны жай­лы мәлімдеді.

«Бұл тек жабық ғимарат ішінде ғана емес, далада да жиналуға шектеу қойылды деген сөз», деген Роман Прымула елдегі барлық мектеп жабылып, сабақтардың онлайн жүретінін, ал балабақша жұмыстарының тоқ­тамайтынын жеткізді.

Сонымен қатар министр елде бар­лық қоғамдық көлік тоқтайтын аял­дамаларда, перрондар мен күту залдарында маска тағуды қатаң сақтау қажеттігін ескерткен. Бұл шаралар 14 қазаннан бастап күшіне еніп, қара­шаның 1-не дейін сақталады.