Елші Дәулет Батырашев Португалия Ұлттық кітапханасының Бас директоры Мария Инеш Кордейрумен кездесу барысында «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы португалдық оқырмандарға мемлекетіміздің қалыптасу тарихымен және ҚР Тұңғыш Президентінің Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайту туралы стратегиялық көзқарасымен, Елбасының заманауи мемлекет құруға ықпал еткен маңызды шешімдерімен танысуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Абайдың шығармашылығына тоқтала келе, қазақстандық дипломат, биыл қазақтың ұлы ақыны, композиторы, ағартушысы, ойшылы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушысының 175 жылдығы аталып өтіп жатқанын жеткізді. «Қазақ Камоэнш» - Абай Құнанбайұлының басты шығармасы «Қара сөздерін» португалдық оқырмандары кеңінен қабылдайтындығына сенім білдірді.
Сонымен қатар, Португалияның Ұлттық кітапханасының қорына Қазақстан туралы, еліміздің Тұңғыш Президенті туралы көптеген кітаптар, португал тілінде шыққан соңғы басылымдар, соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ ҚР-да азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы тапсырылды.
Бұл тұрғыда, Лиссабонда қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылуына ерекше назар аударылды. Қазақстандық дипломат осындай жобаларды әлемде жүзеге асыру жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
Өз кезегінде, М.Кордейру екі елдің мәдениеті мен әдебиеті саласындағы ынтымақтастықтың дамуын құптап, қазақ туындылары Португалия кітапханасының үлкен кітап қорына енетіндігін және өзіндік жанкүйерлерін табары анық екенін атап өтті. Ол екі ел халықтары арасындағы достық пен мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететін бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жемісті болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, оқырман қауымын кеңірек қамту мақсатында Қазақстан туралы кітаптар Порту, Коимбра және Эвора қалаларының кітапханаларына таратылатындығына сендірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Португалия Ұлттық кітапханасы арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.