Әдебиет • 15 Қазан, 2020

Жазудың ғұмыры ең соңғы адамға дейін

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғалымдардың зерттеуінше, осыдан бес мың жыл бұрын алғашқы жазу пайда болыпты. Ежелгі адамдар өз ойларын жеткізу үшін әр сөзге сурет, яки бір шартты белгі қойыпты деседі. Содан бері талай ғасыр сырғыды. Уақыт өткен сайын адамзат қарыштап дамып, түбі өркениетке жетті. Әуелде тасқа қашалған жазулар кейін көркем сөзге айналып, әдебиет деген үлкен өнер кеңістігін құрды.

Жазудың ғұмыры ең соңғы адамға дейін

Әдебиеттің әдебиет һәм өзінің асыл оқырман екенін түсінген уақыттан бастап адамдар кітап оқуға ерекше қызыға бастады. Тіпті қандай кітап болса да бәрібір, әйтеу оқу белгілі бір деңгейде сипат алып, үлкен мәдениеттің белгісіне айналды. Ал бұдан соң оқырман қауым таңдап һәм талдап оқитын ғадет шығарды. Батыс арис­тократтарының кешкі астарында тек классикалық шығармалар туралы сөз болды, тек классикалық музыка тыңдалды. Олар бұл игі дәстүрді элиталық дәрежеге айналдырған соң қоғам екіге жарылды: оқығандар һәм қара халық. Кейін әлем жұрт­шылығының бәрі оқуға қолы жетіп, сауаттылық кең тарай бастағанда кітап оқу элиталық «сәнге» ғана емес қарапайым халықтың да сүйікті ісіне айналды. Осылайша адамдар хал-қадерінше оқи берді, оқи берді.

Уақыт өте келе озық ойлы адамдар оза шауып, түрлі жаңа технологиялық дүниелер жасап шы­ғарды. Соның нәтижесінде, міне, бүгін­гідей дамыған қоғамда өмір сүріп отырмыз. Алайда қазіргі халықтың кітап оқуға ықыласы бұрынғыдай емес. Барша әлем жұрты «оқырман тоқырауына» ұшырадық деп жар салуда. Бұған түрлі себеп бар: біреу смартфон, интернет десе, енді біреу күйбең тіршілік дейді. Тіпті «қазір уақыт тез өтеді: таң атса, кеш батады» деп мар­дымсыз болжам айтатындар да бар. Дегенмен кітап оқу һәм жазу белгілі бір деңгейде азайғанымен жоғалған жоқ. Алғашқы жазудан бері қаншама дәуір көшті, қаншама мәдениет ауысты. Тіпті кітапты жойып жіберуге ықпал еткен интернет те қоғамда үлкен күшке ие болды. Бірақ адамдар жазуды ұмытқан жоқ.

Мәселен, біздің бүгінгі әдеби ортада өткенді аңсау һәм қимау симптомы әлі де белең алып тұр. Жүрекке салмақ салып қана қоймай, тіпті «бұқаралық сана» қалыптастырған бұл сағыныштың басты себебі, әрине автордың материалдық жағдайы. Творчество адамдары, салыстырмалы түрде алғанда, тым жақсы өмір сүрген кешегі дәурен, расында, ит басына іркіт төгілген заман болды. Өйткені кеңес уақытының көзқарасында әдебиет, ең бірінші, идеологияның насихатшысы рөлін атқарды. Сол үшін де әдебиетке көзсіз қомақты қаржы бөлінді. Бір жағынан, ол кезде ақын-жазушылардың халық алдында қадірі де бар-тын. Ал қазір, мойын­дау керек, қарапайым адамдардың ақын-жазу­шыларды абырой көрмейтіні рас. Санада «өлең жазғанша мұғалім бол, бала оқыт» дейтін психология қалыптасып, қатып қалған. Кәсіби түрде шығармашылықпен айналысуға қолдаудың жоқ­тығы екібастан белгілі. Жұрттың жапа-тармағай кітап оқымайтыны тағы бар. Міне, бүгінгі қоғам­дағы осындай жазбауға мәжбүр ететін жағ­дайлар көп болса да адамдардың әлі күнге жазуға құлшынысы бар екенін көріп таңғаласың. Ақын-жазушылардың шама-шарқыларынша еңбектеніп жүргені өз алдына, әдебиеттен тым алыс жандардың әкесі һәм ата-бабасы туралы кітап шығаруға құмар екендіктері ойландырады. Адам қуанса да, мұңайса да ішкі ойын, жан-дүниесін қаражаяу болса да жазғысы келіп тұрады. Демек, бұл жазу дегеніңіз, адамның санасымен тылсым бір байланыстағы күш. Мысалы, электронды кітаптар қосалқы рөлді атқарады демесеңіз, қағаз кітап әлі өз биігінде. Алдағы бірнеше ғасырдың жүзінде де кітапты ешқандай құдірет алмастыра алмайтын сияқты. Ал жазудың ғұмыры ең соңғы адамға дейін жалғасатыны екібастан.