Сұхбат • 15 Қазан, 2020

Жетістік кепілі – ұтымды идея

680 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бірнеше жыл қатарынан «100 жаңа есім» жобасы белгілі бір салада жетістікке жетіп, талайларға үлгі болған жастарды қоғамға таныстыру арқылы олардың еңбегін бағалап келеді. Бүгін жоба жеңімпазы, мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «KBT group» компаниясының бас директоры, табысты кәсіпкер Азат СЕМБИНОВПЕН сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жетістік кепілі – ұтымды идея

– Азат, бүгінде біз сізді та­бысты кәсіпкер ретінде біле­міз. Бұл жолға қалай кел­діңіз? Са­лада жеткен жетіс­тікте­ріңіздің сыры неде?

– Мен бизнесті 2013 жылы бас­тадым, Астана қаласында тұ­ратын едім. Серіктесім екеу­міз интернет-дүкендер үшін ар­найы логистикалық ком­пания­ның негізін қаладық. Бас­тапқыда кеңседе 5 адам жұмыс істедік. Біз күн са­йын «Қазпошта» арқылы сә­лем­­­демелерді рәсімдеп, олар­ды өзіміз жинақтап, құжат­тарын реттеп жіберіп отыр­дық. Қазір біздің компанияда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей қалаларындағы  200-ден астам филиалда мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Жетістікке жетудің басты кепілі табандылық дер едім. Өйткені, әсіресе біздің салада қиындық әр сәтте кездеседі. Солардың барлығына төтеп беріп, жеңіп шығу арқылы ғана нәтижеге жетуге болады.

– Қазіргі жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Қазіргі уақытта біз бала­лар­ға ар­налған ойын түріндегі Менталды арифметика жобасы бойынша қарқынды жұмыс іс­теп жатырмыз. Бұл әлемдегі мен­талды арифметиканы оқыту бойынша алғашқы онлайн-ойын екенін атап өткім келеді. Әри­не, көптеген курстар мен тренажерлар бар, бірақ олардың ешқайсысы онлайн ойын түрін­де болған жоқ. Қазан айында сатуды бастадық. Алғашқы клиент­теріміздің көңілінен шыққанына қуаныштымыз. Сондай-ақ киім мен үйге арнал­ған тауарларды сатуды әрі қарай дамытып жатырмыз.

– Сіз басқаратын компания қазір Армения, Қырғызстан, Өзбек­стан, Біріккен Араб Әмір­лік­тері және Ресей Федера­ция­сында жұмыс істей­ді. Ше­тел на­рығында кәсіпкер­лік­ті да­мытудың қандай ерекшелік­терін байқадыңыз?

– Шетелде бизнесті дамы­ту­дың ерекшеліктерін өз тәжіри­бемнен айта аламын.­ Ин­тернет сауда әр елде әр­түрлі дең­гейде дамыған, тұрғын­да­рының көз­қарасы да алуан.  Салық жүк­те­месін және ком­панияның тір­ке­луін салыстыратын болсақ, менің ойымша, Қазақстан шағын және орта бизнесті дамыту үшін айтарлықтай қолайлы жағдай жасап отыр. Электронды сауда кәсіпкерлерінің 2018 жылы салықтан босатылғанын ескере кеткен жөн. Бұл қадам саланы дамытуға үлкен серпіліс әкеледі. Ресейге келер болсақ, Орталық Азия елдерімен салыстырғанда бәсекелестік анағұрлым жоғары,  ұқсас тауарлар ұсынған жарнамалар мен саудагерлер өте көп. Өзбекстанда онлайн сауда енді дамып келе жатқанымен, тұрғындарының интернет арқы­лы тауар сатып алуға дайын еке­нін байқадық.

– Кәсіпкер боламын деген жастар алғашқы қадамды  неден бастауы керек?

– Менің ойымша, біздің елі­мізде кәсіпкерлікпен айналысамын деген жас­тар үшін ұтымды идея және талпыныс жеткілікті. Осы екі нәрсе кез келген табыс­ты бизнестің негізі бола алады. Таныстардың көмегіне сеніп немесе миллиондаған ақшаны қа­рызға алып жұмыс бастаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Көбі­сі асығыс тірліктен күйіп кетеді. Мемлекет ұсынған мүмкін­дік­термен жақсылап танысып, сол жеңілдіктерге жүгіну керек. Бастысы, талпыныс және соған сай әрекет ету керек.

– Биыл кәсіп­керлер үшін оңай болма­ғанын білеміз. Ісі­ңіз­ге пандемияның қандай әсері болды?

– Пандемия біздің бизнеске, сондай-ақ бүкіл секторға үлкен әсер етті. Карантин кезінде электронды сауда нарығында қызмет ететін компаниялардың жұмысы артты, сатылымы көбейді деген пікір бар. Алайда халықтың көп бөлігі жұмыссыз қалып, кірі­сінен айырылды. Бұл жағдай біздің сатылымға да кері әсерін тигізді. Қазір жағдай жақсарып келеді, карантинге дейінгі көр­сет­кіштерге қайта оралдық. Бұл әрине қуантады. Аяққа енді тұ­рып келе жатқан кәсіпкерлер үшін биыл­ғы қиын кезеңді еңсеру өте маңызды. Ол үшін мемлекет те жеңіл­діктер мен салық каникул­дарын енгізді. Шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау қазір басты міндеттердің бірі болып тұр. 

– Қазақстанда кәсіпкер­лікті дамыту үшін қандай жағ­дай­л­ар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Жалпы, біздің елімізде кәсіп­керлікті дамыту үшін жақ­сы жағдай жасалған деп сенім­мен айта аламын. Бұған өз тә­жі­рибемде де көз жеткіздім. Әри­не, ше­шімін таппай тұрған мә­се­лелер де бар. Олардың қа­тары жылдан-жылға азая түседі деп үміттенемін. Биылғы мақсат – қиындыққа тап болған бизнес өкілдерін қолдау, ісін әрі қарай дөңгелетіп әкетуіне жағдай жасау. Бұл – Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлем кәсіпкерлерінің басына түскен қиындық. Каран­тин кезінде бизнес жабық болды, өнімі өтпеді. Осылайша, көбі қаржылай қиындықтарға тап болды.   Одан бөлек жаңа жұмыс орындарын құру, біздің өнімді басқа елдердің нарығына шығару үшін жеке өндірушілердің қыз­ме­тін нығайту қажет деп есеп­теймін.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жақын арада компания­мыз­дың өнімін әлемнің басқа елдеріне шығаруды мақсат етеміз. АҚШ, Қытай, Үндістан на­ры­ғына көз салып отырмыз.

– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атану нені біл­діреді? Қандай да бір жауапкершілікті сезінесіз бе?

– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атану – ең алдымен менің және командамның қажырлы еңбегінің мойындалуы. Мен бизнес санаты бойынша үздік атандым. Бұл – жалғыз адамның емес, үлкен ұжымның еңбегі. Мен жетекшілік ететін ұжымның әр мүшесі осы жеңістің бір бөлігі. Қызметкерлердің күнделікті жұ­­мысы компанияның дамуына алып келетіні сөзсіз. Жобада жеңіске жеткеннен кейін біз өзімізді бүкіл елге таныстыруға мүмкіндік алдық. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» – баламасы жоқ бірегей жоба. Еліміздің барлық аймақтарынан таңдалып алынған үздік мамандар жастарға үлгі бола алады. Өскелең ұрпақ үшін жақсыға еліктеп, олардың игі істерін өмірлік мақсаттарына айналдыра білуі өте маңызды. Менің де бала кезімде үлгі тұтқан тұлғаларым болды. Жастарға дұрыс үлгі бола алсақ, біз үшін  үлкен мәртебе. Қазір өзіме ар­тыл­ған жауапкершілікті толық сезінемін және соған сай екі есе артық жұмыс істеуге ты­рысамын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»