Жақында Астана қаласының Журналистер үйінде «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали брифинг өткізді. Онда ол журналистерді жаңа саяси бірлестіктің жұмысымен таныстырды.
– Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер Қазақстан Республикасының қарқынды дамып келе жатқанын мойындайды. Елбасы таңдаған салиқалы саясаттың арқасында экономикамыз өрлеп, тұрақты жолмен дамып келеді. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елімізді көркейтуге, мемлекетімізді өркендетуге атсалысу үшін мен де саясатқа келдім.
Жақында Астана қаласының Журналистер үйінде «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали брифинг өткізді. Онда ол журналистерді жаңа саяси бірлестіктің жұмысымен таныстырды.
– Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер Қазақстан Республикасының қарқынды дамып келе жатқанын мойындайды. Елбасы таңдаған салиқалы саясаттың арқасында экономикамыз өрлеп, тұрақты жолмен дамып келеді. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елімізді көркейтуге, мемлекетімізді өркендетуге атсалысу үшін мен де саясатқа келдім.Жаңа саяси бірлестігіміз жөнінде айтатын болсақ, «Бірлік» партиясы өз жұмысын еркіндік, әділдік, адамгершілік пен отансүйгіштік қағидаттарына негіздей отырып жүргізуді көздейді.
Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық және діни қарама-қайшылықтарға жол бермей, адамдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, Қазақстан халқының бірлігін сақтау болып табылады. Бұл ретте партия эволюциялық жолды ұстанады. Біз қоғамның эволюциялық дамуын және ұлттық құндылықтар мен дәстүрге сүйене отырып, проблемалардың кезең-кезеңмен шешілуін қолдаймыз, – деп атап өтті Серік Сұлтанғали.
Өзінің идеялық, саяси бағыт-бағдарында партия әлеуметтік әділдікке айрықша көңіл бөледі. – Біздің партиямыздың мақсаты мен міндеті – барлық қазақстандықтар үшін тең мүмкіндіктер жасау, – деді партия төрағасы. – Әсіресе, ауыл проблемасы партияны қатты алаңдатады. Көптеген ауылдарда мәдениет ошақтары өз жұмыстарын әлдеқашан тоқтатқан. Олардың көбісі қирап, қалғандары қаңырап бос тұр. Біз ұлттық құндылықтарды кең насихаттай отырып, ауылдың мәдени-рухани жаңғыруына мүмкіндік ашуды көздеп отырмыз. Ауылдағы мәдениет ошақтарының, халық театрлары мен кітапханалардың қайта түлеуіне күш саламыз. Ол, сондай-ақ, өзін ауыл жастарының мәселесі де қатты толғандыратынын жеткізді. Ауылда тұратын көптеген балалардың жоғары білім алуға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан да оларға арнап кәсіптік-техникалық оқу орындарын ашу керек. Онда оқушыға жақсы шәкіртақы қарастырылып, сапалы білім беру қажет. Оқуды бітірген түлектер міндетті түрде жұмыспен қамтылғаны жөн, – деді Серік Сұлтанғали. Ол, сондай-ақ, көптеген жастардың бос жүріп, қылмысқа ұрынатынына, түрлі радикалды ағымдардың жетегінде кететініне қынжылыс білдірді. – Еліміздің болашағы жастар.Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт беру біздің партиялық қана емес, сонымен қатар, азаматтық парызымыз болып табылады, – деді партия жетекшісі.
Айта кететін жайт, 14 қарашада «Бірлік» партиясы өзінің алғашқы мәдени шарасын ұйымдастырады. Онда әдебиет, қолөнер, сурет, дәстүрлі әндер және басқа да салаларда сайыстар өткізіледі. Сондай-ақ, жеңімпаздарға 24 грант бөлінгені белгілі болды. Бұл шара адамдардың рухани азық алуына, бойындағы таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді.
– «Бірлік» негізінен санға емес, сапаға ұмтылады. Бізге шағын басшылық аппараты бар және өзін сөзбен емес, нақты ісімен дәлелдейтін мықты команда қажет, – деді партия төрағасы.
Қазіргі уақытта партияның орталық аппаратының құрамын қалыптастыру аяқталып келеді. Сондай-ақ, өңірлерде партияның филиалдарын құру жұмыстары жүріп жатыр.
– Біздің нақты мақсаттарымыз бен міндеттеріміз айқындалды. Ендігі кезекте ойлаған жобаларымызды іске асыруға бар күшімізді жұмсайтын боламыз, –деп сөзін түйіндеді Серік Сұлтанғали.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.