14 Қараша, 2013

«Бірлік» партиясының мақсаты – бірлік

2150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Астана қаласының Журналистер үйінде «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали брифинг өткізді. Онда ол журналистерді жаңа саяси бірлестіктің жұмысымен таныстырды.

– Бүгінгі таңда көптеген мем­лекеттер Қазақстан Респуб­ли­касының қарқынды дамып келе жатқанын мойындайды. Елбасы таңдаған салиқалы саясаттың арқасында экономикамыз өрлеп, тұрақты жолмен дамып келеді. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елімізді көркейтуге, мемлекетімізді өркендетуге атсалысу үшін мен де саясатқа келдім.

Жақында Астана қаласының Журналистер үйінде «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали брифинг өткізді. Онда ол журналистерді жаңа саяси бірлестіктің жұмысымен таныстырды.

– Бүгінгі таңда көптеген мем­лекеттер Қазақстан Респуб­ли­касының қарқынды дамып келе жатқанын мойындайды. Елбасы таңдаған салиқалы саясаттың арқасында экономикамыз өрлеп, тұрақты жолмен дамып келеді. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде елімізді көркейтуге, мемлекетімізді өркендетуге атсалысу үшін мен де саясатқа келдім.Жаңа саяси бірлестігіміз жөнінде айтатын болсақ, «Бірлік» партиясы өз жұмысын еркіндік, әділдік, адамгершілік пен отансүйгіштік қағидаттарына негіздей отырып жүргізуді көздейді.

Біз үшін ең маңыздысы – қоғамдық, әлеуметтік, ұлттық және діни қарама-қайшылықтарға жол бермей, адамдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, Қазақстан халқының бірлігін сақтау болып табылады. Бұл ретте партия эволюциялық жолды ұстанады. Біз қоғамның эволюциялық дамуын және ұлттық құндылықтар мен дәстүрге сүйене отырып, проблемалардың кезең-кезеңмен шешілуін қолдаймыз, – деп атап өтті Серік Сұлтанғали.

Өзінің идеялық, саяси бағыт-бағдарында партия әлеуметтік әділдікке айрықша көңіл бөледі. – Біздің партиямыздың мақсаты мен міндеті – барлық қазақстандықтар үшін тең мүмкіндіктер жасау, – деді партия төрағасы. – Әсіресе, ауыл проблемасы партияны қатты алаңдатады. Көптеген ауылдарда мәдениет ошақтары өз жұмыстарын әлдеқашан тоқ­тат­қан. Олардың көбісі қирап, қал­ғандары қаңырап бос тұр. Біз ұлттық құндылықтарды кең на­сихаттай отырып, ауылдың мә­дени-рухани жаңғыруына мүм­кін­­дік ашуды көздеп отырмыз. Ауылдағы мәдениет ошақ­та­ры­ның, халық театрлары мен кітап­ханалардың қайта түлеуіне күш саламыз. Ол, сондай-ақ, өзін ауыл жастарының мәселесі де қат­ты толғандыратынын жеткізді. Ауылда тұратын көптеген бала­лар­­дың жоғары білім алуға мүм­кін­діктері жоқ. Сондықтан да олар­ға арнап кәсіптік-техни­ка­лық­ оқу орындарын ашу керек. Онда оқушыға жақсы шәкірт­ақы қарастырылып, сапалы білім бе­ру қажет. Оқуды бітірген тү­лек­тер міндетті түрде жұмыспен қам­тылғаны жөн, – деді Серік Сұл­танғали. Ол, сондай-ақ, көптеген жастардың бос жүріп, қылмысқа ұрынатынына, түрлі радикалды ағымдардың жетегінде кететініне қынжылыс білдірді. – Еліміздің болашағы жастар.Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт беру біздің партиялық қана емес, сонымен қатар, азаматтық парызымыз болып табылады, – деді партия жетекшісі.

Айта кететін жайт, 14 қарашада «Бірлік» партиясы өзінің алғашқы мәдени шарасын ұйымдастырады. Онда әдебиет, қолөнер, сурет, дәстүрлі әндер және басқа да салаларда сайыстар өткізіледі. Сондай-ақ, жеңімпаздарға 24 грант бөлінгені белгілі болды. Бұл шара адамдардың рухани азық алуына, бойындағы таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді.

– «Бірлік» негізінен санға емес, сапаға ұмтылады. Бізге шағын басшылық аппараты бар және өзін сөзбен емес, нақты ісімен дәлелдейтін мықты команда қажет, – деді партия төрағасы.

Қазіргі уақытта партияның орталық аппаратының құрамын қалыптастыру аяқталып келеді. Сондай-ақ, өңірлерде партияның филиалдарын құру жұмыстары жүріп жатыр.

– Біздің нақты мақсаттарымыз бен міндеттеріміз айқындалды. Ендігі кезекте ойлаған жобаларымызды іске асыруға бар күшімізді жұмсайтын боламыз, –деп сөзін түйіндеді Серік Сұлтанғали.

Айдар ӨРІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар