14 Қараша, 2013

Болашаққа бағдар

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Білім және ғылым министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен еліміздің 2014-2016 жылдарға арналған білім берудің басым бағыттарын талқылауға арналған алқа мәжілісі өтті.

Кеше Білім және ғылым министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен еліміздің 2014-2016 жылдарға арналған білім берудің басым бағыттарын талқылауға арналған алқа мәжілісі өтті.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне қатысты алдағы міндеттерді баян­дады. «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту қазіргі кезде 71,5 пайызды құрап отыр екен. Ал оны 2016 жылы 80,2 пайызға жеткізу, бүгінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының нақты саны 8729 болса, 2016 жылы оны 10259-ға көбейту жоспарлануда. «Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Бірақ бағдарлама сапасы мен тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуі тиіс. Осы орайда мектепке дейінгі білім беруді бақылау тетіктерін күшейту, мектепке дейінгі білім бағдарламаларын 30 пайызға жаңарту арқылы мазмұнды жақсарту, кадрлық әлеуетті күшейту қажет», – деді Білім және ғылым министрі.

Орта білім мазмұнын жаңартуда Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі ескерілмек. Оны кезең-кезеңмен енгізу қолға алынып, нәтижесінде 2015 жылы 1-сыныптан бастап барлық пәндер жаңартылған бағдарламаға сәйкес оқытылады. 2015-2016 оқу жылына дейін жаңа оқу жоспарларын, бағдарламалар мен оқулықтарды әзірлеу, педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді курстар шеңберінде 135 мың және Кембридж үлгісі бойынша 108 мың мұғалімді оқумен қамту жоспарланған. Мектептерді басқаруды жетілдіру, ауылдағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту да орта білімнің сапасын арттыруға қажет алғышарттардың бірі болмақ.   Бұл жерде негізгі проблема ретінде білім беруде ауыл мен қала арасындағы алшақтық әңгіме өзегіне айналды. Атап айтқанда, қала мен ауыл бөлінісіне шаққанда апатты жағдайдағы, үш ауысымды және спорт залы жоқ мектептердің үлес салмағының көптігі, жоғары санатты мұғалімдердің үлес салмағының аздығы сапалы білім беруге кедергі келтіруде. Алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы білім беру жүйесінде ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою мәселелеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Қала мен ауыл арасындағы алшақтықты халықаралық сарапшылар да растап отыр. Бұл мәселе ауыл жастарының біліктілік жағынан өсуіне кедергі келтіреді. Ауылдық жерде орта мектепті бітірген жастар сапасы төмен білім алғандықтан жүйеден ығыстырылып шығып, шетқақпай көреді», – деді министр. Оның мәліметінше, ауылдағы білім мәселесі тиісті шешімін таппаса, маргинал (шетқақпай) топтардың қатары көбейіп, білім беру мен құқық қорғау органдарына салмақ түседі.

Білім және ғылым министрі техникалық және кәсіптік бі­лім беру жайын баяндай келе, саланың дамуына білім мен бизнестің әріптестігі қажет еке­нін, сондай-ақ, кадрлар даярлауды Үкіметтің үдемелі ин­дустриалды-инновациялық да­му бағдарламасының басым­дық­тарымен байланыстырудың маңыздылығына тоқталды.

Қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары жүйенің жоспарлы қағидаттары негізінде жұмысын жүргізуде. Бұл ретте жоғары білімді Білім және ғылым министрлігі ұсынады және реттейді. Ұлттық және мемлекеттік ЖОО-лар барынша төмен бағамен оқытады. Мемлекеттік кәсіпорын және акционерлік қоғам түріндегі ЖОО-лардың шаруашылық қызметі 16 кодекспен және 48 заңмен реттеледі. Білім беру мазмұны «Білім туралы» заңмен реттеледі. Шығатын қорытынды – ЖОО-ларға өз бетінше дамуға ешқандай мүмкіндік жоқ.   Кешегі жиында жаңа министр бұқаралық ақпарат құралдарында біраздан бері талқыға түскен тақырып – ЖОО-ларды мемлекет иелігінен алып, оларға дербестік беру жайын қозғады. «Нарықтық бәсекелестік жағдайында ЖОО-ларды мемлекет иелігінен босату және оларға дербестік беру профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер үшін бәсекелестікті арттырады. Оған жету үшін ЖОО-ларға жаңа ұйымдық-құқықтық форма, өздерінің даму бағдарламалары, нәтижеге бағытталған қаржылан­дыру, алқалық басқару керек», – деді А.Сәрінжіпов. Бұл орайда, 2014 жылдан бастап ЖОО-лар­дың басқару кеңестері ар­қылы корпоративті басқаруды енгізу жайы баяндалды. Яғни, 2014 жылдан бастап құрамына жергілікті атқарушы органдар мен Индустрия және жаңа технология­лар министрлігінің, сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енген бақылау кеңестері корпоративті түрде басқарады. Бақылау кеңесінің өкілеттігіне мыналар жатады: ректорларды тағайындау, ЖОО-лардың даму стратегиясын келісу және қаражатты нысаналы пайдалануды бақылау.

Жиында сөз кезегін алған Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев білім және ғылым саласын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарын қолдайтынын айта келе, министрліктің алдына нақты тапсырмалар қойды. «Білім жүйесін жаңғырту мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Біз тек заман талабына сай мамандарды даярлап қана қоймай, келешекте болатын өзгерістерге өз білімімен жауап қата алатындай білімді ұрпақ өсіруіміз керек. Алдағыны болжау қиын. Сол үшін қандай да өзгеріске дайын саналы ұрпақ даярлау бүгінгі күннің басты талабы. Министр ауыл мен қала мектебіндегі білім сапасында алшақтық бар екенін айтты. Жою үшін ресурстық орталықтар (тірек мектептері) ашу және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдануды ұсынамын», – деді Вице-премьер.

Ол ЖОО-ларға дербестік беру сынды үлкен мәселенің біртіндеп шешілетінін баяндады. «Ең алдымен жұмыс бақылаушы кеңестердің құрылуымен басталады. Екіншіден, соған сәйкес заңнама түзу керек. Сосын министрлік оларды басқармайтын болады. Академиялық еркіндікке қатысты да сөз сол. ЖОО-лар зерттеу университеттеріне қарай ойысу керек. Олардың экономикаға үлес қосуы керектігі туралы тапсырма берілетін болады. Ал, ректорды тағайындау туралы біздің позициямыз мынадай: тағайындау ашық болуы керек. Түрлі шенеуніктердің қатысы бар «керек адамды керек орынға отырғызу» дейтін негативті тәжірибемен қоштасатын кез келді. Ректорларды келісіп тағайындау қабылданған шешім», – деді Е.Орынбаев. Ол залға қарата «идея ұсыныңыздар, бағдарламалар ұсыныңыздар, өздеріңіздің ректор бола алатындарыңызды дәлелдеңіздер» дегенді айтты. Е.Орынбаев сөз соңында Білім және ғылым министрлігінің алдына білім туралы заңды жетілдіру немесе жаңадан заң дайындап шығудың, оны қоғамдық талқылауға, сосын Парламентке ұсынуды міндет етіп қойды.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар