Руханият • 15 Қазан, 2020

Қарағандыда Әлімхан Ермековке ескерткіш тақта орнатылды

733 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы бұрынғы Ленин, қазіргі Абай көшесіндегі №58-ші үйдің қабырғасына мемлекет және қоғам қайраткері Әлімхан Ермековке ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қарағандыда Әлімхан Ермековке ескерткіш тақта орнатылды

Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға бұл үйде өмірінің соңына дейін тұрған болатын.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының "Туған жер" арнайы жобасын жүзеге асыру аясында іске асқан бұл шаруаға Арқа төсіндегі техникалық білімнің қарашаңырағы – Елбасы қабырғасында білім алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бастамашы болды.

Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев құттықтау сөз сөйледі.  Ал ҚарМТУ-дың ректоры Марат Ибатов ғұлама ғалымның 1955 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жоғары математика кафедрасында еңбек еткенін атап өтті.

 – Келесі жылы Әлімхан Әбеуұлының туғанына 130 жыл толуына орай, университетімізде мемориалдық тақта орнату, атаулы аудитория ашу, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастыру, студенттер арасындағы математикалық олимпиада өткізу сынды іс-шараларды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Томск политехникалық университетінде де Әлімхан Ермековке арналған мемориалдық тақта орнату жоспарда бар. Өйткені, ол кісі  1923 жылы аталған университетті тәмамдап, тау-кен инженері дипломын және геологиялық барлаушы мамандығын алған, – деді ол.

1

Сондай-ақ, ескерткіш тақтаның ашылуында, Әлімхан Ермековтің шәкірті, техника ғылымдарының кандидаты, ҚарМТУ-дың доценті Ибадолла Арыстан,  өлкетанушы, алаш тарихының зерттеушісі  Тұңғышбай Мұқанов және басқалар сөз сөйлеп, тарихи тұлғаның қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына сіңірген еңбегіне бүгінгі күн тұрғысынан  баға берді.

Салтанатты рәсімнің соңында Әлімхан Ермековтің немересі Олег Мағауияұлы игілікті іске бастамашы болған, үлес қосқан барша заматтарға әулет атынан алғыс айтты. Сонымен бірге ол атақты атасының Қарағанды қаласында тұрған кезеңі турасында мазмұнды естелігімен бөлісті.

– Атам Лениндік саясатқа қарсы шыққаны үшін 58-баптың 8-тармағы бойынша  «халық жауы» ретінде айыпталды. Совет өкіметі оған қасақана  Ленин көшесіндегі 58-ші үйдің 8-ші пәтерін берді. Сондағы түпкі мақсаты кімге қарсы шыққанын, қандай бап, қай тармақпен сотталғанын есінен мәңгі шығармасын деген сұрқия саясатты сездіру еді. Бірақ, бұл мұқату атамды мойыта алмады. Ол кісі өмірінің соңына дейін еңсесін тік ұстап, еліне адал қызмет етті, – деп тебіренді Ермековтің немересі.

Еске салсақ, қазіргі уақытта Maryadi education білім беру компаниясына жетекшілік ететін Олег Мағауияұлы отбасымен Ұлыбританияда тұрып жатыр.