Таным • 16 Қазан, 2020

Ортағасырлық араб тарихшылары Әбу Насыр әл-Фараби туралы

2716 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Әбу Насыр әл-Фарабиден кейін ғұмыр кешкен араб жылнамашы-тарихшыларының Отырар перзенті жайлы естеліктері – зерттеушілер үшін аса бағалы қазына. Араб тілінде жазылған бұл дүниелердің алғашқы авторлары Х ғасырда күн кешсе, яғни Әбу Насырмен тұстас болса, басқалары XІІ–XІІІ ғасырларда өмір сүрген. Солардың бірі – Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһақи (Әбу-л Хасан Захир ад-дин Әли бин Зайд бин Мұхаммед бин Байһақи – 1099–1170). Оның «Татиммат сивану-л хикма» – «Даналық қазынасының жалғасы» деген еңбегінің көшірмелері қолжазба күйінде Теһран, Ташкент, Бомбей, Хайдарабад, Лондон кітапханаларында сақталып келеді. Оның кейбір үзінділері ағылшын тіліне аударылып, 60-жылдар басында Үндістанда жарық көрді.

Ортағасырлық араб тарихшылары  Әбу Насыр әл-Фараби туралы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Захир ад-дин әл-Байһақи өз еңбегінде Мұсылман шығысынан шыққан озық ойлы фәлсафашылар, дәрігерлер, астрономдар, олардың өмірбаяны мен еңбектері туралы әңгімелейді, қызықты деректер келтіреді. Әл-Байһақи кітабында әл-Фараби жайлы да тарау бар. Онда Әбу Насыр өмірінің түрлі кезеңдерін суреттеумен бірге, ғалымның шығармашылығына да тоқталады. Әл-Байһақи шығыс тарихшылары ішінде әл-Фарабиден екі ғасыр ғана кейін ғұмыр кешкендіктен, оның жазбаларын зерттеушілер құнды шығармалар қатарына жатқызады. Бірақ өкінішке қарай, әл-Байһақидің аталған шығармасының толық нұсқасы әлі күнге дейін қолымызға түспей келеді.

XІІІ ғасырдың ортасында өмір сүрген келесі бір араб тарихшысы Джамал ад-дин әл-Қифти (1167–1248). Оның еңбегі «Тарих әл-хукама уа һуа мухтасар аз-Зауза­ни әл-мусамма «әл-Мунтахабат әл-мул­т­ақатат би-«Ихбар әл-улама би-ахбар әл-хукама» – Ғалымдар мен даналар жайлы хабарлар (туралы) кітап» деп ата­­л­ады. Онда ол әл-Фараби өміріне бай­­ла­­ныс­ты тың деректер келтіре отырып, Әбу Насырдың ғылыми еңбектеріне ерек­ше баға беріп, ғылымға қосқан үле­сін айқындаған. Ұлы ойшылдың тұстас­тары мен шәкірттері жайлы бұрын ұшы­рас­паған тарихи әңгімелерді келтіреді. Сон­дай-ақ әл-Фарабидің 72 трактатын атайды.

 Тарихшы Ибн Халликан (1211–1282) «Уафайат әл-ағйан уа анба абна аз-заман» («Ұлы адамдардың қазасы және заманы­ның ұлдары жайлы мағлұматтар») атты еңбегінде исламға дейін және кейін өмір сүрген әдебиетшілер, ақындар, тарих­шылар, халифалар, әкімдердің өмірі жайлы қызықты деректер айтады. Ол әл-Фарабидің Фараб (Отырар) шаһа­рында туғанын, түркі текті екенін айта келіп, жерлесіміздің өмірі жайлы құнды мағлұматтар береді. Бұл еңбек осынысымен де қызық, осынысымен де қымбат.

Бірақ әл-Фараби жайлы күллі араб тарихшыларының ішінен ғалым, мәшһүр дәрігер Ибн Әби Усайбиғаның (1203–1270) «Уйуну-л анба фи-т таба­қату-л атибба» – «Дәрігер топтары жайлы жаңалықтардың қайнар көзі» атты дәрігерлер хақында баяндайтын библиографиялық еңбегі үлкен орын алады. Бұл жылнама бірнеше мәрте Каирде, Бейрутта жарық көрді. (Біз 1881 жылы Каирде шыққан басылымын пайдаландық.) Осы кітаптың «Шамнан шыққан мәшһүр дәрігерлер тобы» деп аталатын 15-тарауы Әбу Насыр әл-Фарабимен басталған. Мұнда ол өзгелер айтпаған жерлесіміздің дәрігерлік қырына тоқталған, сондай-ақ оның Сайф ад-Дауланың сарайында өткізген біраз жылдары, Мысырға сапары жайлы қызғылықты мағлұматтар келтірген, грек фәлсафасының ерте замандағы жай-күйі жайлы құнды деректер берген, әл-Фараби Аристотель мен Платонның фәлсафалық еңбектерін қалай меңгергенін де егжей-тегжейлі баяндаған. Тіпті Отырар перзентінің 22 жолдан тұратын бәйіттерін де келтірген. Ал оның 12 жолы бізге бұ­рын-соңды кездеспеген.

Ибн Әби Усайбиға еңбегінің тағы бір құндылығы – ол өз жылнамасында ұлы ұстаздың жүзден астам трактатының атын атайды. Осы күнге дейін ғалымдар Шығыс Аристотелінің қанша еңбек жазғанын, олардың нақты аттарын дәл басып айта алмайтынын ескерсек, Ибн Әби Усайбиға естелігінің жаңа­лығын да, құндылығын да осыдан-ақ біле беруге болар. Оның бұл еңбегі көпке дейін қолымызға түспей келді. Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы кітап­ханаларынан сарсыла іздеп таппағанбыз. Тек 1975–1976 оқу жылдары Марокко араб мемлекетінің астанасы Рабат шаһа­рындағы Мұхаммед V атындағы универ­ситетте оқып жүріп, кітапханадан көшір­месін алдық.

Осы ретте тағы бір айта кетерлік жайт – бұл дүниелердің құндылығы онда Әбу Насыр әл-Фараби туралы құнды мағлұмат қана емес, сондай-ақ Отырар ойшылы қаламынан шыққан 72+112 тракттардың аталатыны және Әбу Насыр өмірбаянын бұрмалауға жол бермейтіні. Ал ондай жайттар, өкінішке қарай ұшырасып жүр. Жуырда бір депутат Отырар ойшылы Үндістан патшаларының сарайында жүр десе, тағы біреу Әбу Насыр өмірбаянын Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) өмірдерегімен шатастырған.

Отырар перзентінің өмірбаянына байланысты жоғарыда аталған араб тарихшыларының жазбаларын қазақ тіліне тәржімалауымыздың себебі, кезін­д­е, әсіресе Батыс Еуропа елдерінде әл-Фа­раби туралы зерттеулердің көпші­лігі осы Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһа­қи, Джамал ад-дин әл-Қифти, Ибн Хал­ликан, Ибн Әби Усайбиға жаз­балары­на көп сүйенген. Олардың әл-Фараби­дің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілерге тигізер пайдасы зор. Сондықтан да Захир ад-дин Әбу-л Хасан әл-Байһақидің «Екінші ұстаз», Джамал ад-дин әл-Қифтидің «Фарабтан шыққан фал­сафашы», Ибн Әби Усайбиғаның «Шамнан шыққан мәшһүр дәрігерлер», Ибн Халликанның «Философ әл-Фараби» атты естеліктерін тарихи құжат ретінде оқырманға ықшамдап таныстырайын.

 * * *

Захир ад-дин Әбу-л Хасан

әл-Байһақи (1105-1169)

Араб тарихшысы

[Екінші ұстаз]

Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан Түркістандағы Фарабтан шыққан [ғалым]. Ол Екінші Ұстаз деген лақап иесі. Ис­лам ғұламалары арасында оған дейін одан лайықтырақ ешкім болған жоқ. Айту­ларын­ша [жаһанда] төрт философ қана бар. Екеуі исламға дейінгілер: олар [Арис­тотель] мен Искандер [Александр Афро­­дезейский] және екеуі ислам дәуірін­­дегілер. Олар: Әбу Насыр [әл-Фара­­би] мен Әбу Әли [Ибн Сина]. Әбу Насыр­­дың қазасынан Әбу Әли туғанға дейін отыз жыл өтті. Сол себепті Әбу Әли оның шығармаларының шәкірті болды. Әбу Әли: Осы тақырыпқа арналған Әбу Насырдың кітабын еңсергенше «Метафи­зи­ка­ны» игерем деп қажыдым. Игерген соң [Алла тағалаға] ризашылық білдіріп, ораза ұстадым. Қолымда бар [қаражаттан] [жарлыларға] садақа үлестірдім» деген.

[Татимат сиуан әл-хикма – «Кемеңгер­лік қазынасына қосымша»]. Өзбекстан Ғылым Академиясы Ә.Бируни атындағы Шығыстану институтының қоры. № 1148 қолжазба. [Ал-Фараби. Научное творчество. Сборник статей. Изд. «Наука». Москва, 1975, 100-111-беттер].

 * * *

 Джамал ад-дин әл-Қифти (1167-1248)

Араб ғылымының тарихшысы

Фарабтан шыққан фәлсафашы

Мұхаммед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби – Фараб шаһарынан шыққан фәлсафашы. Бұл қала өзеннің арғы шеті­нен басталатын түркілер елінде жатыр. Мұсылман жамағатында әл-Фараби көтерілген биікке шыға алған фәлсафашы болған жоқ. Ол әуелі Иракқа келген соң, Бағдадта түпкілікті тұрып қалды. Халифа әл-Мұқтадырдың патшалық құрып тұр­ған кезінде (908–932), тыныштық қала­сында ғұмыр кешкен Йуханна бин Джиладтан фәлсафа ілімінен дәріс алды. Ол (Йуханна) ілімдер жайлы айтқан титтей де болса пайдасы зор мәселелерді санасына тоқи берді. Кейінірек әл-Фараби де ұстазына ұқсап өзінің ойын өте ұқыпты әрі жеңіл түсіндіретін дәрежеге жетті. Әл-Фараби көбіне логикаға түсініктеме жасады, оның құпия, жұртқа беймағлұм жақтарына қатты зер салып, жамағатқа ұғынықты етті. Логиканы көпшілік түсінетіндей етіп түсіндірме жазды.

Әл-Фараби өз ойларын өзгелерге өте қарапайым тілмен жеткізуші еді, тіпті кезінде әл-Кинди аяқтай алмаған мәселелерді де шешті. Ол кезде қазіргідей (XІІІ ғасыр – Ә.Д.) ғылымды талдап, жіктеп түсіндіру әдісі жоқ еді, ал әл-Фараби болса мұны бірінші болып тудырды. Логикаға түсініктеме жасады. Сондай-ақ бұл әдісті басқа да пәндерге қолдана білді. Ақыры, ол өз еңбектерінде ойлаған мақсатына жетті. Ұлағатты ғалым болып, зор қадір-құрметке бөленді.

Арада біраз уақыт өткен соң, ол тағы да өзінің «Ихса әл-улум уа-т тағриф би-аградаһа», яғни «Ғылымды жіктеу және мақсатты айқындау» атты белгілі еңбегін жазды. Бұл салада да (ғылымды жіктеуде) әл-Фараби бірінші еді, өйткені оған дейін ғылымның мұндай саласымен айналысқан ешкім болған жоқ. Сондықтан да ғылым, біліммен әуестенгендер оның кітабын жетекшілік етпей, яки еңбектеріне соқпай өте алмайтын. Кейінірек барлығы да оның (әл-Фарабидің) ізімен кетті.

Әл-Фараби «Платон мен Аристотель­дің мақсаты» атты кітабында олардың фәлсафа, құқық пен інжу-ой маржандарын сүзген сөз өнері хақындағы еңбек­терінің түпкі ой-мақсатын жіті аңғарды, оларға өз тарапынан зор баға берді. Өз кітаптарында ғылымның белгісіз болып келген пайдасы және олардың ара-қатынасы жайлы салиқалы ой айтты.

Сонан соң Платонның фәлсафасын зерттей бастады, оның еңбектеріне лайықты атаулар берді. Аристотельдің философиясын да солай етті. Ол Аристотельдің фәлсафалық еңбегіне алғы сөз жазды. Аристотель фәлсафасын бақайшағына дейін зерттеп, (жұртқа) ұғынықты етті. Сонан кейін барып Арис­тотельдің логикасы мен жаратылыстану ілімі жайлы кітаптар жазды.

Мен фәлсафаны соншалықты жеріне жеткізе талдап, әркез өте ұғынықты етіп түсін­дірген әл-Фарабидің кітабынан өзге еңбекті білмеймін. Ол сан алуан ғылым жайлы жалпы ойларын айта келе, ғылым­­ның әр түріне жете тоқталады. Әл-Фараби болмаса, Аристотельдің «Кате­гория­сының» мән-мағынасын, ойын түсіну қиын болар еді, тек әл-Фараби арқы­лы ғана Аристотель еңбектерінің мән-мағы­насын бажайладық. Бұндай жағдай ғылым тарихында болған бірінші құбылыс еді.

[Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-уазир.Тарих әл-хукама уа һуа мухтасар аз-Заузани әл-мусамма «әл-Мунтахабат әл-мултакатат би-«Ихбар әл-улама би-ахбар әл-хукама» – «Ғалымдар мен даналар жайлы хабарлар (туралы) кітап» Каир 2008,227-280 беттер].

 * * *

Ибн Әби Усайбиға (1203-1270)

 Дәрігерлердің өмірбаяндық сөздігінің авторы

Шамнан шыққан дәрігер

Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Узлағ бин Тархан Фараб (Отырар) шаһарынан шыққан. Бұл қала Хорасан жерінде, түркілер елінде. Оның әкесі түркі текті әскер қолбасшысы болатын. Әбу Насыр біраз уақыт Бағдадта тұрғанымен, кейінірек Шамға (Сирияға) қоныс аударды, сонда ғұмыр кешіп, кейін сол жерде шаһид болды. Ал Алла тағаланың рахымы түскір кемеліне келген фәлсафашы (файласуфан камилан), мейірімді имам (имаман фадилан), мұсылман құқығының нағыз білгірі ретінде танылды. Математика саласында (әл-улум ар-риадиа) да білгір ретінде көрінді. Шынында да, ол өз дәуірін жеке жарып шыққан адам-ды. Мұның өзі оның дәуірі үшін таңғажайып ғаламат жайт еді. Аса қатты қадірлегендіктен әмір Сайф ад-Даула оны қастерлеп, сарайынан орын беріп, өзіне жақын тартты. Әбу Насыр оның сарайындағылардың ішіндегі ұлы­лардың ұлысы еді.

Оның фәлсафаны оқуына мына бір жағдай себеп болды деседі. Бір кісі Аристотель еңбектерінің ішінен бірнеше кітапты сақтай тұруды өтініп әл-Фарабиге қалдырып кетеді. Ол алып қалады да, әуелі бірсыпыра қарап шыққан соң, кейін құнығып оқи бастайды. Содан ол кітаптардың мағынасын түгел түсініп (кейінірекке дейін), нағыз фәлсафашы болғанша оқи берген көрінеді. Әл-Фарабидің «Фәлсафа» деген сөздің мағынасы қандай?» деген сауалға берген жауабын келтірейік. Ол былай деген: «Философия – грек сөзі, арабтар оны өзге тілден (грек тілінен) қабыл алған, бұл сөз арабтарда (әуелі) «файласуфан» деп аталып кетті. Осы сөздің «даналықты сүйемін» деген мағынасы бар.

Алла тағаланың рахымы түскір Амми Рашид ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Халифа маған былай деп еді: «Әл-Фараби 339 жылы раджаб айында Сайф ад-Даула бин Хамданның қолында қайтыс болды. Ілім-білімді халифа әл-Мұқтадырдың билік құрып тұрған тұсында күн кешкен Йуханна бин Хайланнан Бағдадта үйренген... Сол кездегі ғұламалардың бірі – Әбу-л Мубашир Матта бин Йунис Әбу Насырден жас жағынан үлкен-тін. Әбу Насыр негізінен оның сөйлеу және ойлау тәсілдерін қабыл алған. Әбу-л Мубашир Матта Ибраһим әл-Марузиден оқыған да, халифа ар-Радидің тұсында 323/934, яқи 329/940 жылдары көз жұмған...

 Әбу Насырды мәшһүр еткен алғашқы еңбектерінің бірі – «Ихса ал-улум уа-т тағ­риф биаградаһа» («Ғылымды жіктеу және мақсатты айқындау») деген туын­дысы. Өйткені оған дейін осындай тақы­рыпта кітап жазған ешкім болмаған. Ғы­лым­мен әуестенгендер осы кітапты бас­шы­лыққа алмай, бұл кітапқа соқпай кете алмаушы еді.

[Ибн Әби Усайбиға. Уйун әл-анба фи табақат әл-атибба – «Дәрігер топтары жайлы мағлұматтардың қайнар көзі. Бей­рут (жылы көрсетілмеген), 603-309 беттер].

 * * *

Ахмед Ибн Халликан (1211-1282)

Арабтың өмірбаяндық тарихшысы

Философ әл-Фараби

Әбу Насыр Мұхаммед бин Тархан бин Узлаг әл-Фараби – логика, әуезтану және басқа да ғылымдар бойынша көпте­ген ең­бектердің авторы. Ол – аса ірі мұсыл­­ман фәлсафашыларының (акбар фала­сифа) бірі. Солардың (яғни мұсыл­ман ға­лым­дарының) ешқайсысы да оның өре­сіне жеткен жоқ. Әбу Әли ибн Сина шы­ғар­маларын жазу үстінде оның еңбек­­терін пайдаланғанын, сол арқылы мәш­­һүр­лікке қолы жеткенін еске алады. Әл-Фараби түркі еді, өз елінде дү­ниеге келді, сонда өсті, оның туып-өс­кен шаһары хақын­да Алла мұрсат берсе, ма­қала соңын­да айтамыз. Әл-Фараби өз елі­нен тыс­қары шығып, Бағдадқа жеткенше саяхат шегеді. Бұл кезде ол түркі тілін білу­­ші еді, араб тілін кейін үйренді де, осы тіл­­дің нағыз білгірі болды. Бағдадқа кел­ген соң, арада біраз уақыт өткеннен кейін, ол фә­л­сафамен (әл-улум әл-хикма) шұғылданады.

Аристотельдің барлық еңбектерімен танысты. Оның идеяларын тез түсінетін қабілетке жетті. Естуімше, Әбу Насыр әл-Фараби өз қолымен: «Мен бұл кітапты жүз рет оқып шықтым» деп Аристотельдің «Жан туралы» кітабына жазыпты.

...«Әл-Хариданың» авторы Имад оны­мен 561 жылдың раджаб айында жұма күні (21 мамыр 1166 жыл) кез­дес­кенін, кейінірек оның қайтыс болға­нын хабарлайды. Ол (әл-Фараби) өзі­нің қолжазбасында «Тархан» деген сөз­дің «Турхан» деп емес, «Тархан» деп оқы­ла­тындығын айтады. Бұл – түркі есімдері. Ал әл-Фараби ныспысы Фараб шаһарына байланысты алынған, қазір Атрар деп аталады (Отырар болуы керек, арабтар «Атрар» деп жазып, оқиды, өйткені оларда «о» әрпі жоқ – Ә.Д.). Бұл қала Шаш шаһарының арғы жағында, Баласағұнға таяу жерде. Тұрғындарының барлығы имам аш-Шафиғи мазһабын ұстанады. Алла тағала оған риза болсын. Бұл өзі – түркілердің астана қалаларының бірі. Парсы жерінің шекарасына таяу жатқан тағы бір сыртқы Фараб қаласынан айыру үшін бұл шаһарды олар (түркілер) «ішкі Фараб» деп атаған. Сейхун өзенінің арғы жағында Қашғар қаласына жақын, яғни түркілердің шекарасына тақау Баласағұн шаһары бар. Ал Қашғар – Син (Қытай) елімен шекаралық аралықта жатқан үлкен қалалардың бірі, әрине, құдіретті Алла тағалам мұны бізден артық білсе керек.

[Әбу-л Аббас Шамс ад-дин Ахмед бин Мухаммед бин Әбу Бәкр бин Халликан. Уафайат әл-ағйан уа анба абна аз-заман – «Ұлы адамдардың қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар». Бейрут (жылы көрсетілмеген), 5 том, 153-157-беттер].

 * * *

950 жылы ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің үлкен жүрегі соғуын тоқтатты. Бұл бір орталыққа бағынған араб халифатының ыдырауы негізінен аяқталып, тақ үшін қырықпышақ болған алабүлік, аламан-тасыр басталған кез-ді. Аббас халифатының қираған жұртына ие болған буәйһтер, хамдан, саман, қарахан тұқымдары билік еткен бірлестіктер құрылды. Бірақ Аббас халифатының ыдырауы мұсылман шығысындағы мәдени өмірдің тоқырауға ұшырауы деген сөз емес. Қайта араб империясының көбесінің сөгіліп, тауының шағылуы оған бағынған елдер үшін оңтайлы болды. Ғылым, білім, өнер дами берді. Закавказьеден Бахманияр, Гизами Ганджауи (1140–1202), түркі, иран халықтарынан Фахр ад-дин ар-Рази (т.ж.б.–1210), Омар Хаййам (1040–1202), Джалал ад-дин ар-Руми (1207–1273), Орта Азиядан Әбу Әли Ибн Сина (980–1037), Әбу Райхан әл-Бируни (973–1048), Махмұд әл-Қашғари (XІ ғ.), Жүсіп Баласағұни (XІ ғ.) сынды замана дүлділдері шықты.

 Ал қазақ сахарасындағы рухани орталық Отырар ше?

Отырар тек Аббас Жауһари мен Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана берді ме? Фарабтан басқа ғалымдар шыққан жоқ па деген сауалдарды жиі естиміз. Шынында да, ол заңды сұрақ. Отырар Аббас Жауһари (XІ ғ.) мен Әбу Насырдан басқа талай-талай ғалымдарды дүниеге келтірген. Тек әл-Фарабиден басқасы зерттелмей келеді. Күні кешеге дейін бізге өз еңбектерін араб тілі мен әдебиеті мәселелеріне арнаған Әбу Ибраһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби мен Әбу Насыр Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари секілді отырарлық филолог ғалымдардың аты ғана белгілі еді. Өйткені араб әдебиеті тарихын зерттеген шығыстанушылардың еңбектерінде де олардың шығармашылығына терең талдау жасала қойған жоқ-ты. Десек те, екеуі де сан ғасырлар парағын судырлатқанымен, мән-маңызын жоғалта қоймаған, араб тілінің өзекті мәселелерін сөз ететін өлмес, өшпес еңбектер қалдырған.

 

Әбсаттар қажы Дербісәлі,

ҰҒА академигі