Кино • 16 Қазан, 2020

Онлайн кинотеатр келешегі

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылғы өзгерістен кино өндірісі мен кино көрсе­тілім индустриялары да тысқары қалған жоқ. Іргелес Ресейдегі бұқаралық кинотеатрлардың ашылғанына бір ай ғана уақыт болса, еліміздегі кинотеатрлар әлі де жабық. Бұл жағдай көрермендер тарапынан стриминг платформалар мен онлайн кинотеатрларға деген үлкен сұраныс туғызып отыр.

Онлайн кинотеатр келешегі

Жуырда Almaty Film Days шең­берінде «Стриминг плат­формаларындағы қазақстан­дық контент: мүмкіндіктері мен келешегі» атты дөңгелек үс­тел өтті. Ұлттық киноны қол­дау мемлекеттік орталығы мен ТМД-дағы ең ірі IVI онлайн кинотеатрымен бірлесіп ұйым­дастырған жиында стриминг плат­формаларындағы қазақстандық фильмдерге сұраныстың артуы мәселесі жан-жақты талқыланды. Отандық көрермендер шетелдік киноны ақылы платформаларда көруге дағдыланған болса, ал жергілікті кино өнімдерді көру үшін кинотеатрлық прокат, YouTube немесе пираттық платформалар секілді ашық алаңдарға жүгініп жатады.

Дөңгелек үстелдің басты спи­керлері ретінде «ҰКҚМО» КеАҚ басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Айдар Баталов, IVI команиясының контент бойынша директоры Мария Гречишникова, Terraline компаниясының бас директоры Әлібек Сәрсембаев және «100% Qazaqsha» компаниясының директоры Әлия Мұқашева сөз сөйледі.

Айдар Баталов бүгінгі күні кино көрермендерінің әдеттері айтарлықтай өзгергенін және кинотеатрлық прокаттың келе­шегі күмәнді екенін ескере оты­рып, стриминг платформа­ларымен диалог орнатудың ма­ңыз­дылығын атап өтті. Сондай-ақ Кино орталығының 50-ден астам жобамен жұмыс істеп жатқанын, оның ішінде тек Қазақстанның ғана емес, өзге де елдердің қызығушылығын ту­ғызған Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан», Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмдері бар екендігін атап өтті.

Ал Мария Гречишникованың айтуынша, IVI платформасында өткен бірқатар қазақстандық картиналар ресейлік нарықта өз көрермендерін тауып үлгер­ген. Ол ТМД-дағы ең ірі он­лайн кинотеатр саналатын IVI платформасының тәуелсіз кино компаниялар мен елдің ірі теле­арналарын қоса алғанда, отыз­дан астам қазақстандық өнді­рушілермен әріптестік қа­рым-қатынаста екенін және қазақ­стандық фильмдер мен сериал­дардың ұсынысын үнемі арттырып отыратынын айтты.

Әлемдік стриминг платформалары өздерінің бірегей контентін өндіру есебінен жазылушылардың санын арттыруға бағыт алғанын ескере отырып, онлайн алаңда релиз жасауға бағытталған фильмдер мен сериалдарды бірлесіп шығару бойынша қазақстандық кино өндірушілердің IVI-мен ынтымақтастық орнату мүм­кін­діктері де көтерілді. Бұл ретте Айдар Баталов пен Мария Гре­чиш­никова IVI өндіріс бөлімі қазақстандық және ресейлік кө­рермендерге бірдей қызықты бо­латын жобаларға өтінімдерді қа­рауға дайын екендігін мәлімдеді.

Ресейлік стриминг платформаларымен ынтымақтастық орнату мәселесінен басқа, дөңгелек үстел барысында түрлі онлайн-платформалар арқылы киноконтент­ті заңды түрде сатудың ішкі на­­ры­ғы талқыланды. Сондай-ақ Кино орталығының алдағы жос­парын­да үшінші питчинг өткізу тұрғандығы, ондағы мақсат үлкен коммерциялық әлеуеті бар жобаларды іріктеу екендігі де қаперге алынды. Бұл өз кезегінде тек кинотеатрлар үшін ғана емес, стриминг-платформалар үшін де жаңа мүмкіндіктер береді.