15 Қараша, 2013

Әлемді тербеген тенор

430 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Хосе Каррерас Астанада ән шырқады

Бойымыз үйреніп барады. Қазақстанның ЕҚЫҰ сынды аты жер жарған ұйымға төр­ағалық еткеніне де, сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген Саммитінің Астанада өткеніне де, Азиаданың ойдағыдай ұйымдастырылып, онда Қазақстан құрама­сының тамаша жеңіске жеткеніне де, еліміздің әлемдегі жоғары дамыған елу елдің қатарына жеткеніне де, Астананың дүние дидарындағы ең даңқты көрме – ЭКСПО-ны өткізу құқына қолы жеткеніне де, бокстан әлем чемпионатының Алматыда өткеніне де, жұдырықты жігіттеріміздің командалық есеп бойынша дүние жүзіндегі бірінші орынға жеткеніне де... қысқасы, бәріне де таңданудан қалып барамыз. Осының бәрі осылай болуға тиісті сияқты көріп барамыз.

Әрине, артық мақтан адамға да, мемлекетке де жараспайды.

Хосе Каррерас Астанада ән шырқады

Бойымыз үйреніп барады. Қазақстанның ЕҚЫҰ сынды аты жер жарған ұйымға төр­ағалық еткеніне де, сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген Саммитінің Астанада өткеніне де, Азиаданың ойдағыдай ұйымдастырылып, онда Қазақстан құрама­сының тамаша жеңіске жеткеніне де, еліміздің әлемдегі жоғары дамыған елу елдің қатарына жеткеніне де, Астананың дүние дидарындағы ең даңқты көрме – ЭКСПО-ны өткізу құқына қолы жеткеніне де, бокстан әлем чемпионатының Алматыда өткеніне де, жұдырықты жігіттеріміздің командалық есеп бойынша дүние жүзіндегі бірінші орынға жеткеніне де... қысқасы, бәріне де таңданудан қалып барамыз. Осының бәрі осылай болуға тиісті сияқты көріп барамыз.

Әрине, артық мақтан адамға да, мемлекетке де жараспайды.Сонымен бірге, қолда бардың қадірін, бастағы бақтың бағасын білген де жақсы. Мұның бәрі өздігінен келіп жатпағанын, біреу бізді жарылқап беріп жатпағанын түсінген де жақсы. Мұның бәрі еліміздегі ерен еңбектің арқасы. Далада да, қалада да төгілген тердің арқасы. Ата-бабамыздан мирасқа қалған кең-байтақ, асты да, үсті де байлыққа толы жердің арқасы, сол жерге иелік етіп, берекелі, тыныштықты, тату өмір сүріп жатқан елдің арқасы, сол елді бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақта ұстап, бір биіктен бір биікке бастап бара жатқан ердің арқасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың елдікті еңселенту, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолындағы қайратты да құтты қадамдарының бірі де бірегейі – ұлттық валютамызды енгізуі. Дәл бүгін сол оқиғаға – Қазақстан Республикасында теңгенің енгізілгеніне 20 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай алдыңғы күні «Астана Опера» сахнасында тамаша кеш ұйымдастырылды. Өзінің 90 жылдығын да қатар атап өткен Қазақстан Халық Банкі ол кешті «Халықтық мерейтой» деп атапты. Иә, шын мәнінде халықтық мерейтой болды «Астана Операда».

Осыдан жеті жыл бұрын Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы ашылып еді. Сол оқиғаға орай ұйымдастырылған «Әлемдік жұлдыздар Астанада» атты халықаралық фестивальде дүйім дүние примадоннасы, атақты опера әншісі Монтсеррат Кабалье ән шырқап еді. «Біле білген адамға бұл да біздің бір биігіміз. Жаңа өнер отауының салтанатты ашылуына әлемге әйгілі дүлдүлдерді, бұлбұлдарды шақыру ежелден бар дәстүр. Заманында Нью-Йорктегі Карнеги-Холлды ашқан күні оркестрге дирижерлік ету үшін америкалықтар жер түбіндегі Санкт-Петербургтен П.И.Чайковскийді алдыртқан. Қазір Карнеги-Холл өзінің дирижерлік пультіне тұрған алғашқы адам ұлы Чайковский екенін мақтаныш етеді, мұны бағдарлама қағаздарында еске салып тұрады. Уақыт алға жылжып, заман көші жалғасар, атам қазақ аңсаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын күндер де келер, әлі бас қаламыздың бас сахнасына әлем өнерінің талай-талай жұлдыздары көтерілер. Сонда олардың есіне Пирамида төрінде ән салған алғашқы әнші екінші мыңжылдықтың ұлы примадоннасы деп даусыз мойындалатын Монтсеррат Кабалье болғанын біз де салармыз», деп жазған екенбіз «Әлемге әйгілі әнші» айдарымен жарияланған «Кабалье» атты мақаламызда («Егемен Қазақстан», 2006, 5 қыркүйек).

Міне, сол күн де келді. Астанада ғажайып театр салынды. Жақында, 21 қазанда «Астана Операның» әлемдік таныстырылымы өтті. Вердидің «Аттила» операсынан кейін бүгінде аты музыка әлемінде дүрілдеп тұрған хас шебер, дүние жүзіндегі ең атақты театрлардың оркестрлеріне дирижерлік еткен Валерий Гергиев Елбасымызға қаратып былай деді: «Ең алдымен, ардақты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге рахмет айтқым келеді. Сіз ерекше үлкен жұмыс тындырғансыз. Мен бұл елде мәдениетке қандайлық көңіл бөлінетінін білемін. Сіздердің бүгінгі өмірлеріңіз тамаша. Сіздердің ертеңгі өмірлеріңіз керемет болады. Мынау сұлулық, мынау сән-салтанат елдің рухының асқақтауына қызмет етсін. Мемлекеттің мәдени өрлеуі, рухани өрлеуі елдің экономикалық дамуымен бәсекеге түссін. Қазірдің өзінде солай болып та жатыр».

Қазірдің өзінде солай болып та жатқанының бір дәлелі – алдыңғы күні «Астана Опера» сахнасында әлемге әйгілі әнші Хосе Каррерастың концерт беруі.

Хосе Каррерастың қадір-қасиетіне жету үшін музыка маманы болу тіпті де міндет емес. Сонау 1990 жылы Римде, футболдан әлем біріншілігі күндерінде өткен үш тенордың концерті баршамыздың жадымызда. Концерт жазылған диск 13 миллион данамен тарап, клас­­­­си­калық музыкадағы ең көп сатылған диск атан­ған. Бүкіл дүниеге тікелей таратылған кон­цертті жүздеген миллион адам тамашалаған. Атақ­­тары жер жарған Лучано Паваротти, Пла­сидо Домингомен қосыла ән салған Хосе Каррерастың құрметіне ұйымдастырылған концерт еді ол. Содан сәл бұрын, 1989 жылдың ұзы­на бойында бүкіл Испания елі газеттерге көз тігіп, теледидарға телміріп, бір адамның тілеуін тілеген. Баспасөзде, телеарналарда сол адамның денсаулығының жайы бюллетень күйінде беріліп тұрған. Ол адам аяқ астынан ақ қан (лейкемия) ауруы­на шалдыққан атақты опера әншісі Хосе Каррерас болатын. Оны ауыр дерттен бүкіл Испанияның мінәжаттай ті­леуі алып шыққан еді сонда.

Испанияның ер тұлғалы, өр рухты талай перзентін дүниеге әкелген Каталония жерінде – Барселонада 1946 жылы 5 желтоқсанда туған Хосе Каррерас жастайынан ән десе ішкен асын жерге қоятын бала болып өседі. Басты рөлде атақты әнші Марио Ланца ойнаған "Ұлы Карузо" фильмін көргенде ол алты жас­та екен. Кинотеатрдан келген күннің кешінде-ақ кішкентай Хосе лентадағы әуендерді қағып алып, бірінен кейін бірін айтып, ата-анасын таң қалдырады. Робертино Лореттидің дауысына келетін дискантпен (бала жастағы биік дауыс) шырқаған Хосе 8 жасында Бар­селонаның муниципалды консерваториясында оқып, 11 жасында сондағы Үлкен опера үйінде "Богемада" бірнеше актіде ариялар да орындайды.

Соңғы ширек ғасырдың ішінде Хосе Каррерас есімі әлемдегі әнсүйер қауымға барынша кеңінен танымал бола түсті. 1975 жылға дейін әлемдегі барлық атақты театрлардың сахнасында ән шырқап үлгерген, 28 жасына дейін классикалық опера репертуарынан 24 бас партияны орындап шыққан басқа әншіні атау қиын. Бүгінге дейін әншінің дискографиясында толыққанды 150 жазба бар, оның 50-і – опералар, қалғандары – ораториялар, классикалық репертуардың жеке концерттері. Бұл – керемет көрсеткіш.

Интернетті шұқылап отырсаңыз, "Хосе Каррерас – песнь, льющаяся из глубины души" деген ғұмырбаяндық хикаяны тауып, оқи аласыз. Хикая парақтарынан Каррерастың өнерге арналған өмірі, талантына серік еткен табандылығы, ауыр дертті жеңіп шыққан өр көңілі, жақын адамдарына жанашырлығы сізді таңдандырмай, тәнті етпей қоймайды. Хосе Каррерас өз дауысының аса бай, өте табиғи лиризмінің арқасында опера сахнасына алабөтен сезімталдық ала келген әнші. "Астана Опера" сахнасынан Россинидің, Доницеттидің, Пуччинидің, Дворжактың, Пенниноның, Гименестің, басқа да композиторлардың тамаша туындыларын тамылжыта шырқағанда жасы жетпіске жуықтаса да дауысы сол баяғы сұлулығынан онша айырыла қоймаған талантқа тамсанумен отырдық. Не жасырары бар, әнші өз репертуарындағы әлемге барынша танымал шығармаларды да неге орындамайды екен деген ойда болғанымыз да рас. Шіркін, әншінің "Күнім менің", "Соррентоға кел қайтып" сияқты Неаполь әндерін шырқауының жөні тіпті бөлек қой. Тұманбай ақынға "Италия дәптерінде" "Соррентоға кел қайтып, кетпе мені мұңайтып", деген әнді ортада бір қара көз тұр айтып. Мұндай қыздың тілегін қалдыру да мүмкін бе, Жүз кеп кетер едім-ау Соррентоға бір күнде" деп келетін әуезді жолдарды жазғызған ондай туындылар Хосе Каррерас репертуарында мол-ақ.

Әнші таланты бүкіл әлемде мойындалған.

"Ол, сөз жоқ, данышпан тұлға. Оның бір бойында дауыс, музыкалық қасиет, тұлға тұтастығы, еңбекқорлық пен керемет сұлулық сирек тоғыс тапқан. Соның бәрі бір өзіне бұйырған. Мен осындай гауһарды алғаш байқағаныма, оны әлемге танытқаныма бақыттымын", дейді Монтсеррат Кабалье.

"Біз отандастармыз, мен оның өзімнен гөрі әлдеқайда испандық екенін түсінемін. Бәлкім, мұның сыры оның Барселонада, ал менің Мексикада өскендігімде шығар. Бәлкім, оның өзінің қызба-қызулығын бельканто мектебінің дәстүріне бағындырып, басып ұстамайтындығында да шығар... Қалай дегенде де біз екеуміз "Испанияның ұлттық символы" атағын тамаша бөлісіп келеміз, мен бұл атақ өзімнен гөрі оған көбірек тиесілі екенін жақсы білемін", дейді Пласидо Доминго.

"Ғажайып дауыс. Мүмкін, менің өз өмірімде естіген ең сұлу, ең құштар үн­ді тенор осы шығар", дейді Герберт фон Ка­раян.

Әнші туралы әсерлі бағаларды осылай жалғастыра беруге болады.

«Бойымыз үйреніп барады» деп бастап едік мақаланы. Қадірін білер болсақ, ұлы испан тенорының Астанадағы концерті «келіпті ғой», «концерт беріпті ғой» дей салатын жай емес.

Хосе Каррерастың Астана төрінде өнер көрсетуі арқылы біздің театрымыз мына дүниенің дидарындағы ең танымал өнер отауларының қатарына қосылу жолын бастады деп сеніммен айта аламыз. Неге? Негесі сол, енді осы арқылы "Астана Опера" театры сахнасында Хосе Карре­­­­рас ән шырқаған театрлар сапына тұрды. Бүкіл әлемдегі театр атаулының даңқына, деңгей-дәре­жесіне негізгі өлшем – оның сахнасында кімдер­дің ән шырқағаны, кімдердің би билегені, кімдердің оркестрге дирижерлік еткені, кімдердің спектакльге режиссерлік еткені, кімдердің қойылымды безендіргені. Соған қарайды, солай бағалайды.

Алдын ала келісіп қоймаған соң бізбен сұх­баттасуға уақыты жоқтығын білгендіктен де "Егемен Қазақстан" оқырмандары үшін қол­таңба беру жөніндегі өтінішімізді әйгілі әнші ықы­ласпен орындады. Әлемдік вокал тари­хын­дағы ұлы тенорлардың бірі Хосе Каррерастың ағыл­шын тілінде қалдырған қолтаңбасында: "Еге­мен Қазақстанның" оқыр­мандарына ең игі тілектермен. Астана Опера. 2013" деп жазылып, қолы қойылған.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

Соңғы жаңалықтар