* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Төрт жыл бойы бітпеген емхананың құрылысы қашан аяқталады?
Бірде тілі тотияйындай ащы сатирашы-ақын Асқаржан Сәрсеков екеуміз көшеде келе жатқанбыз. «Інім, бір жұмбақ айтайын ба?» деді. «Айтыңыз». «Өзі биік, көзге күйік. Ол не?». «Түйе». «Таппадың». «Керік». «Жоқ, ол да емес». «Кран». «Бір табан жақындай түстің, бірақ...». «Онда ол он жылдан бері бітпей, қаңырап тұрған 8 қабатты қонақүй», деп ем, ағайымның жүзі жайнап, көзі күлімдеп: «Жарайсың, таптың!» дегені.
Асқаржан ағайым бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ әлгі бір ауыз сөзден тұратын «фельетон-жұмбағы» жадымда қалып қойды. Ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Өйткені, қай ауыл, қай қалаға барсам да құрылысы бітпей, кейбіреулері бітсе де пайдалануға берілмей, елдің көзіне күйік боп тұрған ғимараттарды ұшыратамын. Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы 250 төсектік аудандық емхананың «сақалы сапсиып» тұрғанына да, міне, төрт жылдың жүзі болды.
* Президент тапсырмасы қалай орындалуда?
Төрт жыл бойы бітпеген емхананың құрылысы қашан аяқталады?
Бірде тілі тотияйындай ащы сатирашы-ақын Асқаржан Сәрсеков екеуміз көшеде келе жатқанбыз. «Інім, бір жұмбақ айтайын ба?» деді. «Айтыңыз». «Өзі биік, көзге күйік. Ол не?». «Түйе». «Таппадың». «Керік». «Жоқ, ол да емес». «Кран». «Бір табан жақындай түстің, бірақ...». «Онда ол он жылдан бері бітпей, қаңырап тұрған 8 қабатты қонақүй», деп ем, ағайымның жүзі жайнап, көзі күлімдеп: «Жарайсың, таптың!» дегені.
Асқаржан ағайым бүгінде ортамызда жоқ. Бірақ әлгі бір ауыз сөзден тұратын «фельетон-жұмбағы» жадымда қалып қойды. Ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Өйткені, қай ауыл, қай қалаға барсам да құрылысы бітпей, кейбіреулері бітсе де пайдалануға берілмей, елдің көзіне күйік боп тұрған ғимараттарды ұшыратамын. Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы 250 төсектік аудандық емхананың «сақалы сапсиып» тұрғанына да, міне, төрт жылдың жүзі болды.
«Салған жерден неге құрылыс компанияларын кінәлай жөнелесіңдер осы? Бәлкім, оларға қажетті ақша дер кезінде бөлінбеген шығар», дер біреулер. Жоқ, Аса емханасы ақша тапшылығы жөнінен ешқандай қиындық көрмепті. Мына цифрларға қарасақ, оларға келгенде сұраған қаржысын, тіпті, санамай бере берген сияқты ма, қалай?.. Әңгімені әріден бастасақ, сонау 2008 жылы құрылыс жобасының өзіне 32,2 миллион теңге бөлініпті. Ал 2010 жылы жобаға «түзету» жасаймыз дегендер 1,0 миллион теңгені және жаратқан. Жоба авторы «ГАПП» ЖШС екен де, ал оның директоры Бақыт Медетов болыпты-дүр.
Түртінектеп тексеретін тексеруші болса, емханаға жұмсалған ақша көлемі осыдан былай қарай көбейе береді. Тек саусағыңызды бүгіп үлгеріңіз. Сонымен санайық, 2008 жылдың 7 қазанында жасалған алғашқы мемлекеттік экспертизаға 3 287 945, 43 теңге жұмсалыпты. Әйтеуір құдай жарылқап «оңтайластыру процесі» дегеннің барысында нысанға қажетті медициналық жабдықтардың шығыны 1 461 170, 96 мың теңгеден 290 133, 14 мың теңгеге түсіріліпті. Содан не керек, мемлекеттік экспертизаның «түзетуінен» кейін, яғни 2009 жылдың 27 қазанында ел күткен емхананың жалпы құны 1 826 774, 470 мың теңгеге тұрақтайды. Мұның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына – 1 030 626, 03 мың теңге, жабдықтарға – 227 947, 82 мың теңге, медициналық жабдықтарға – 290 133, 14 мың теңге, ал басқа шығындарға – 290 133, 14 мың теңге қаралған.
«Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт», демекші, бүгінде ерінбеген адамның аузындағы әңгімеге айналған емхананың құрылысы сөйтіп жүріп басталып та кеткен. Бас мердігер – Алматыдан «артынып, тартынып» жеткен «Стандарт Строй» ЖШС болатын. Директоры Илья Николаевич Тян деген азамат. Келісімшартта көрсетілген сома – 1 759 571, 763 мың теңге. Ақша санында айырмашылықтар болса, оны тексеру орындары анықтай жатар, ал қаржы көзінің республикалық бюджет екені айдан анық.
Сонымен, 2008 жылы Ильяға мемлекет қалтасынан 82 200, 0 мың теңге бөлінеді. Ол оны «түгел игердім» дейді. Сосын 2009 жылы қаралған 200 000, 0 мың теңгені де « толық жараттым» дейді. Осы қарқынмен 2010 жылы бөлінген 605 745,0 мың теңгені де толықтай игеріп тастайды. Бірақ емхана құрылысына 2011 жылы қаралған 903 826, 763 мың теңгенің 810 512, 839 мың теңгесін пайдаланса, ал 2012 жылы бөлінген 95 012, 952 мың теңгенің 90 262, 304 мың теңгесін игереді. Игерілмеген 4 750, 696 мың теңгені республикалық бюджетке кері қайтарады.
Бұл – Аса ауылының батыс жағында тұрған емхана ғимаратының ақша-қаражатқа қатысты елге «көрінбейтін жақтары», ал ел көріп, «бетін шымшып» жүрген жақтарын айтсақ, есімізге халқымыздың «жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» деген мақалы оралады. Өйткені, бас мердігердің жауапсыздығы мен бас мердігерге жалданған жалгерлердің салдыр-салақтығы салдарынан ішкі әрлеу жұмыстарының тиянақты атқарылмағаны мен сантехникалық жүйелерінің дұрыс орнатылмағаны анық көрініп тұр. Тіпті, «қыруар қаржы жұмсалған нысан еді», деуге ауыз бармайды. Оны айтасыз, қараусыз және күзетсіз қалған емхананың бүгінде жылу радиаторлары жұлынып, талан-таражға түскен. Дәліздердің төбесіндегі қаптамалар құлап, қабырғадағы сылақтары түсе бастаған. Терезелері сынған. Су өтіп, зәктенген бұрыштары да жетерлік. Жұмысшылардың айтуына қарағанда, «Стандарт Строй» ЖШС директоры Илья Тян мырза, тіпті, жұмысшыларына уақытылы жалақы да төлемепті. Өздері жалдаған ұйымдардың есепшотына тиісті ақшасын аударып беруді де керексінбеген. Жоғарыда айтылған, яғни медициналық жабдықтарға деп бөлінген 290 133, 14 мың теңгенің «МедАспапОптика» ЖШС есепшотына небәрі 59 395, 277 мың теңге ғана аударыпты. Ал өз кезегінде «МедАспапОптика» ЖШС-ы есепшотына түскен ақшаға жететін жабдықтарды ғана жеткізіп берген. Сонда қалған қаржы қайда кетті? «Стандарт Строй» мен оған жалданып жұмыс істеген «Комплекс Құрылыс Строй» компанияларындағы емханаға қатысты «жоғалған» ақша көлемі осы ғана ма?!. Әлде бұдан да көп пе?
2012 жылдың 30 шілдесінде нысанды уақытылы бермеуі себепті тапсырыс беруші мекеме, яғни облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Стандарт Строй» компаниясының жалгері «Комплекс Құрылыс Строй» ЖШС келісімшартты бұзғаны үшін кінәлі деп тауып, тиісті сот орындарына талап-арыз түсіреді. Сот болса сол жылдың қазан айында жалгерге емхананы бітіріп, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды толық жеткізіп беруге және 2 815 314 мың теңге 82 тиын мен көлемі 86 077 теңге болатын мемлекеттік баж салығын қоса өндіріп беруді міндеттейді.
Бірақ арқа сүйер «көкесі» мықты ма, әйтеуір, «Стандарт Строй» ЖШС жалдаған «Комплекс Құрылыс Строй» компаниясы соттың шешімін шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. «Жазған құлда шаршау жоқ», деген де бар, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Комплекс Құрылыс Сервис» компаниясымен келісімшартты бұзуға және жалпы көлемі 230 737 867 мың теңге 72 тиын болатын медициналық құрал-жабдықтарды толық жеткізбегені үшін сотқа тағы да талап-арыз берді. Мұның соты 2013 жылдың 5 сәуірінде өтіп, келісімшарт бұзылды. Көрсетілген сомаларды компаниядан өндіру де талап етілді. Сонымен бірге, облыстық қаржы полициясы емхана нысанына жауапты компаниялардың үстінен қылмыстық іс қозғап, жауапты жақтың мүлкін «тұтқынға» алды.
Сонымен, 4 жылдан бері сағыздай созылып келе жатқан емхананың шым-шытырық оқиғасы биылғы жылдың шілде айында шарықтау шегіне жетіп, емханаға қажетті қалған қаржыға, яғни медициналық құрал-жабдықтарды жеткізуге, оларды орнатуға тағы да мемлекеттік сатып алу (тендер) өткізіліп, оның «жеңімпазы» да анықталды. Ол «жеңімпаз» емхананы қараша айында бітіреміз деп уәде берген. Бірақ қараша айының да жартысы ауып барады. Алда – желтоқсан. Ал, Аса ауылының тұрғындары болса, көзге күйік болған емхана жақтан: «Біз ашылдық!» деген қуанышты үн қашан жетер екен деп күнде елеңдеп отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы,
Аса ауылы.