15 Қараша, 2013

Қырықаяқ неге кешікті?

630 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы жол құрылысы жұмыстары туралы толғаныс

Маңғыстаудың сары даласы тоғыз жолдың торабы деп бекер айтылды деймісіз?! Ұшақтан түбектің сайын даласына көз тастағанда, айқұш-ұйқыш сан тарау жолдардың қайсысы қайда шақырып тұрғанын аса бір жершіл адам болмаса, ешкім білмейді. Жерінің астында құбыр жолдары күре тамырдай созылып, жерінің үстін көлік және теміржол сынды құрлық жолдары, зеңгірін әуе жолы, көк теңіз бетін су жолдары шимайлаған өңірде даңғыл жол тұрмақ, сүрлеу мен соқпақтар да ғасырлар бойы өз мәнін жойған жоқ. Жоймақ түгілі, тәуелсіздік алып, шет мемлекеттермен түрлі қарым-қатынас жасау экономикалық қажеттілікке айналған заманда маңызына маңыз қоса түсті.

Солай бола тұра, Маңғыстауда жол әшейінде сыздап ауыратын жанды, ал түртіп қалсаң қансорасын ағыза жөнелетін жаралы тақырып.

Үкімет

Маңғыстаудағы жол құрылысы жұмыстары туралы толғаныс

Маңғыстаудың сары даласы тоғыз жолдың торабы деп бекер айтылды деймісіз?! Ұшақтан түбектің сайын даласына көз тастағанда, айқұш-ұйқыш сан тарау жолдардың қайсысы қайда шақырып тұрғанын аса бір жершіл адам болмаса, ешкім білмейді. Жерінің астында құбыр жолдары күре тамырдай созылып, жерінің үстін көлік және теміржол сынды құрлық жолдары, зеңгірін әуе жолы, көк теңіз бетін су жолдары шимайлаған өңірде даңғыл жол тұрмақ, сүрлеу мен соқпақтар да ғасырлар бойы өз мәнін жойған жоқ. Жоймақ түгілі, тәуелсіздік алып, шет мемлекеттермен түрлі қарым-қатынас жасау экономикалық қажеттілікке айналған заманда маңызына маңыз қоса түсті.

Солай бола тұра, Маңғыстауда жол әшейінде сыздап ауыратын жанды, ал түртіп қалсаң қансорасын ағыза жөнелетін жаралы тақырып.Маңғыстаулықтар жолға жарып көрген жоқ. Аймақтың бүгінгі жол саласында отырған мамандарға айттырсаң «кеңес одағы кезінде салынбаған жолды біз қайдан саламыз?» деп ыршып түседі. Ал ауылдағыларды немесе үнемі жол үстінде жүретін жолаушы мен жүргізушілерді тыңдасаң «шенеуніктер баратын жеріне тікұшақпен емес, көлікпен, көлік болғанда да су шайқалмайтын джиппен емес, бұрынғыша «УАЗ-бен» барып көрсе ғой» деп арман мен өкпе-наз аралас әңгімесін суыртпақтайды. Ал, мен сол жолдарға үйренген «қойторы» «УАЗ-дардың» шыдап, сүйріктей джиптердің сай-сүйегі сырқырап, тігіс-тігісі сөгіле «қайдан келдімге» түсетініне сенімдімін. Бірақ, әңгіме көлікке бәс тігуде емес...

Кенорындары орналасқан өңірде ауыр көліктердің толассыз жүруі жолдың ту-талақайын шығарып тас­тайды. Жөндеуге келгенде ол жолмен көліктері жүріп өтетін бірнеше кенорнының келісімге келе алмай қалған кездері де болған. Күтімсіздіктен ойдым-ойдым жолдар жазда мазаны алса, қыста көк мұзға оранып, жылмия қалатын. Дымын ішіне бүккен сұр жол ақыры «мінез көрсетті» – осыдан бірнеше жыл бұрын қақаған қыста мұнайшыларды тиеген автобус апатқа ұшырап тынды. Бұлардан да басқа Бейнеу-Ақтау арасы, Шетпе-Ақтау, Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен, Жетібай-Шетпе, өзге де аудан, қала орталықтарын қосатын жолдардың жоғы жоқ, барына «жал бітіп» көрген емес. Апат та көп, өкпе одан да көп болатын. Осы жағдайлар талайдың «есін жиғызғанына» шүкір, Маңғыстауда жол мәселесіне назар аударыла бастады. Күні бүгінге дейін саулаған жолы жолаушысына «айт, шу» деп сауырын төсеп, алысқа ала қашатын жағдайға жеткен жоқ, бірақ көңілге медеу қыларлығы – жасалып жатқан жұмыс жоқ емес. Тіпті, облыста осыдан бір ай бұрын іссапармен болған еліміздің Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев аймақтағы автожолдардың сапасы 2015 жылға қарай 76 пайызға жаңаратынын, өңірде біраз жолдардың құрылысы бас­талып, енді бір жолдар жөндеуден өтетіндігін айтып қуантты. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жолға қатысты жаңалықты естіп қуандық, бірақ «болады» дегенге қуана берсек пе екен, әлде «болды» дегенде бір-ақ қуансақ па екен деп те ойланатын болдық қазір...

Маңғыстау облысында көптің кө­кейін­де жүрген жолдың бірі – 300 шақырымнан астам қашықтыққа созыл­ған «Бейнеу-Шетпе» автокөлік жолы. Атырау-Доссор-Құлсарыдан бері құлап, Бейнеу мен Шетпені жағалай кеп Ақтау, Жетібай аралығын жалғайтын ұлы жол болғандықтан республикалық маңызы бар жол санатына еніп, оның құрылысының жай-күйі Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің құзырына қарайды. 21 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалған бұл жол бөлігіне асфальт төсеу жұмыстары 2015 жылы аяқ­талады деп күтіледі. Ақпараттарда «ми­нистрліктің бекіткен кестесіне сәйкес, жаңарту жұмыстары толыққанды жүргізілуде» делінетін жолда көлік қозғалысы 2014 жылдың соңына таман ашылмақ. Ал Шетпеге иек артқасын Ақтауға дейінгі аралықтағы автомобиль жолының жаңарту жұмыстары тұр. Маңғыстау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысы Ө.Бисақаевтың айтуынша, ке­лесі айда «Шетпе-Ақтау» автомобиль жолының жаңарту жұмыстарының мер­дігері анықталып, 2014 жылдан бас­тап құрылыс жұмыстары басталады. Оны да 2015 жылдың соңында аяқтау көзделген.

Осы жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлі­зі­не қосылуға мүмкіндік беретін 500 ша­қырымдық «Бейнеу-Шалқар» авто­жолының құрылысы басталады. Халықаралық, республикалық маңызы бар жолдар ертелі-кеш жасалатыны белгілі, ал ел арасы ше?

Құзырлы орындардың «басқа өңірлерге қарағанда» деп шүкір ететін тұсы бар, ол – 1553,2 шақырымды құ­райтын жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 65 пайыздан астамы асфальтбетонды жамылғылы болуы. Әйтсе де, 20 жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде жөнделмегендіктен бұл жолдардың пайдалану сапасы тө­мен. Маңғыстауда күрделі жөндеу жұ­­мыстарының жобалық құны 1 ша­қы­рым­ға 110-120 млн. теңгені құ­райды. Сапа­лы жол керек болса, қар­жыны аяма деген сөз. Қаржыға келгенде кібіртіктеп қалатын әдетке сай, қаражат көлеміне байланысты жұмыс көлемі де шектеулі болып шығады. Солтүстік Каспий мұнай жобаларын қолдау базасының Баутино кентінде орналасуы бұл бағыттағы жол сапасын жақсартуды күн тәртібіне қойды. Өкінішке қарай, қаржы мәселе­сі­не қатысты биыл қараша айында тапсырылуға тиісті «Ақтау-Форт-Шев­ченко» (Баутино) автомобиль жо­лының күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі таңда бар болғаны 8,7 шақырым жерді ғана қамти алған. 2014 жылы аталмыш автомобиль жолының 6 шақырымы ғана, ал 2014-2017 жылдар аралығында барлық 32 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Жол саласының қызметкерлері жол жөндеуде жамылғының беріктігін арттыратын заманауи технологиялық материалдар қолданылуда екендігін айтады.

Жолдардың жайын қадағалайтын маңғыстаулық басқарма қолда бар асфальтбетонды жамылғылы автомобиль жолдарын сақтап қалу, яғни, бұзыла бастаған асфальтбетонды жамылғының беткі қабатын шұғыл түрде қалпына келтіру арқылы жолдардың толықтай бұзылуының алдын алып, қазіргі деңгей­де сақтап қалу мақсатында жұмыстануды қолға алыпты. Жөндеу жұмыстарының бағасы 1 шақырымға 20,0-22,0 млн. теңгені құрайтындықтан, бұл күрделі жөндеу жұмыстарынан 5-6 есе арзанға түседі екен. Тұрғындар тілегіне орай «Қызылсай-Шопан Ата-Оғыланды» және «Шетпе-Қызан-Ақшымырау» автомобиль жолдарын асфальтбетонды жамылғылы жолға өткізуге қатысты жобалау жұмыстары басталыпты. Жуырда облыс орталығына дейінгі қашықтықты 60-70 шақырымға азайтып, жолға кететін уақытты 3 сағатқа үнемдейтін «Жыңғылды-Шайыр» және «Қияқты-Тұщықұдық» автомобиль жолдары пайдалануға беріледі деп жұртшылық елеңдеп отыр. Ал күні бүгінге дейін дала жолына ыңғайлы «УАЗ»-дарымен сары құмға ышқына көтеріліп, жыра-жықпылдан қарғи өтіп, қос танап жолдың шаңын аспанға көтере заулайтын Самдағы ағайын «Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автомобиль жолы салынады екен деп гу-гу. 73 шақырымдық бұл жол құрылысының басталуы келер жылдың үлесінде. Келесі жылы деп айтатын тағы бір жаңалық – Ақшұқыр, С.Шапағатов, Жетібай кентінің жаңа тұрғын массивтері, Шайыр, Жыңғылды, Қызан елді мекендерінің көшелері асфальтталатындығы.

Маңғыстауда жол мәселесі қандай өзекті болса, бұл тұрғыдағы әңгіме де соншалықты маңызды. Өңірдің жол саласындағы жоспар-жобаларға тізбектей тоқталуымыздың себебі де сол. Жылдан-жылға созылған өсек-аяң жүріспен болса да, қыбыр-қозғалыс бар. Осы орайда мына бір әзіл еске түседі. Аңдар жиналып, кеңесе келе әлденені алып келуге аяғы көп болғандықтан айрықша сенім артып қырықаяқты аттандырады. Бәрі жабылып ұзақ күтеді, ол оралмайды. Жолына қарап, күте-күте күдері үзілуге шақ қалған аңдар, хабар алып келуге тасбақаны жұмсайды. Межелі жерге тырбаңдап таяй берген тасбақамен қырықаяқ қарсы жолығады. «Неге кешіктің?» деп дүрсе қоя берген ашулы тасбақаға қырықаяқ «есікке аяқтарыңды сүртіп кіріңдер» деп жазып қойыпты» деген екен.

Бұдан айтпағымыз маңғыстаулықтар да, келіп-кетімі көп жолаушылар да бұл өңірде сапалы жолды ұзақ күтті. Бұл күттіру жайбасарлық па, әлде «аяқты сүртіп кір» дегендей, таза, сапалы салынуының белгісі ме?

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар