Медицина • 16 Қазан, 2020

Бүгін наркоз арқылы ең алғашқы ота жасалған күн

655 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл сайын 16 қазанда  Дүниежүзілік анестезиолог-реаниматологтар күні атап өтіледі. Бұл дата кездейсоқ таңдалмаған: дәл осы күні 1846 жылы эфирлік наркоз арқылы алғашқы ота жасалған екен. Мұны тіс дәрігері Томас Мортон жүзеге асырды, оның есімі қазір барлық  анестезиологтарға белгілі.

Бүгін наркоз арқылы ең алғашқы ота жасалған күн

Содан бері «еш ауырмайды» деген түсінік ота кезінде де мүмкін болды.
Күрделі операция кезіндеai анестезиолог-реаниматологтың жұмысы өте маңызды. Осы сала мамандарының арқасында кез келген хирургиялық араласу кезінде науқастар ауырсынуды сезбейтін болды.

Анестезиолог-реаниматологтарды көбісі «анестезия жасау» үшін қажет дәрігер ғана деп қабылдайды. Бұл түсінік дұрыс емес. Анестезиолог-реаниматолог күн сайын адамдар өмірі үшін күреседі. Ол науқасты операцияға дейін, операция кезінде және одан кейін қарайтын дәрігер, ажалдан адамдардың жанын аман алып қалу үшін күресетін дәрігер.

Бұл туралы өзінің кәсіби мерекесінде, Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Сәбит Мадалиев не дейді?

Айтқандай, Алматы көшелері мен метрополитен бекеттерін безендірген медицина қызметкерлерінің портреттерінің арасынан оның да суретін көруге болады.

1

«Ең алдымен, мен әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтағым келеді. Әріптестеріме зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, шыдамдылық, жұмыста сәттілік және мол табыс тілеймін!

Пандемия кезіндегі жұмыс туралы айтатын болсам, мен де ауруханамыздың көптеген қызметкерлері сияқты коронавирус инфекциясын жұқтырып, бір жарым ай ауырып шықтым. Аурудың қалай өтетінін өз басымнан өткергеннен кейін біздің науқастарды да түсіндім. Ауруынан айыққаннан кейін еш ойланбастан жұмысқа кірістім, біздің аурухана ол кезде жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмысын бастап кеткен-ді.
Менен бұрын да әріптестерім айтқан, жазылған нәрселерді қайталамай-ақ қояйын. Иә, қиын болды, иә, медицина қызметкерлері жетіспеді. Құдайға шүкір, өтіп кетті.

Жалпы, менің еңбек өтілім ­- 9 жыл. Бірақ, меніңше, пандемия кезіндегі жұмыс тәжірибесін қалыпты уақыттағы еңбек өтілінің бір жылына теңестіруге болатын сияқты. Коронавирус кезінде көптеген күтпеген жағдайларға тап болдық. Біз сеніммен қараған науқастың жағдайы кенеттен нашарлаған, ал «ауыр» деп бағалаған науқас, керісінше, жақсарып кеткен кездер болды. Пандемия бізге мол тәжірибе бергені сөзсіз.

Қазір біз қайтадан КВИ-ге дейінгі режимде жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, реанимация бөлімшесінде дәрігерлердің жұмысы қашанда күрделі, көбіне стреске әкеп соқтыратынын атап өткім келеді. Ал стресс иммундық жүйені айтарлықтай әлсіретуі әбден мүмкін және мұндай жағдайда кез келген инфекцияны жұқтыру өте жеңіл. Біздің тәжірибемізде ұйқысыз түндер норма және біз ауыр халдегі науқастармен жұмыс істейміз...
Ең қиыны – адамның өлімін көру және оған көмектесе алмайтыныңды түсіну. Егер клиникалық өлім болса, адамның өмірін ұзарту үшін барлық мүмкін әдістерді қолдану – біздің басты міндетіміз. Қандай шаралар қолданылды, олар қандай нәтиже бергенін талдау да маңызды. Қолдан келгеннің бәрін жасадық па, жоқ па - осыны түсіну қажет. Біз, мамандығымыздың ерекшелігіне байланысты басқаларға қарағанда, өлімді жиірек, әрі жақынырақ көреміз.

трлр

Жақында америкалық ғалымдардың зерттеуін оқыдым, реаниматологтардың, басқа дәрігерлерге қарағанда, жұмыста күйіп кету қаупі жоғары екен. Жалпы , реаниматологтардың 80%-ы соңында өз жұмыстарына деген қызығушылығын жоғалтады дейді. Мен сол 80%-дың  ішінде болғым келмейді.
Пандемия дәрігердің, медициналық қызметкердің дәрежесін көрсеткен сияқты... Бізге қолдау көрсеткен барлық азаматтарға түрлі флешмоб, бейнеролик, жобалар үшін алғыс білдіремін. Мені «Алматы ынтымақтастығы» жобасы аясында портреттері метро станцияларындағы билбордтарда және қаладағы жарықдиодты экрандарда орналасқан 100 медициналық қызметкердің қатарында болу қуантады. Әрине, суреттерде қиын-қыстау кезінде азаматтарымыздың денсаулығы үшін күрескендердің аз ғана бөлігі екенін бәріміз түсінеміз.

Әңгімемді қорытындылай, мына нәрсені баса айтқым келеді. Біз қазір эпидемияның бәсеңдеуін көріп отырмыз, бірақ «босаңсып-демалуға» әлі ерте екенін түсінуіміз керек. Вирус мутацияға ұшырайды, ол одан да ауыр түрлерге ауысуы мүмкін, вакцина әлі жоқ және ауырып шыққан адамдардың иммунитеті қандай болатыны, ауруды қайта жұқтыру мүмкіндігі жөнінде нақты айта алмаймыз. Халықтың бәрі ауырып шыққан жоқ қой, сондықтан қазір айтылып жатқан эпидемияның екінші толқынының ықтималдығы жоқ емес. Қалай болғанда да, біз эпидемияны әлі жеңген жоқпыз. Сондықтан сақтық шараларын сақтау қажет. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыздар!», дейді Сәбит Нұрханұлы.

 

 

АЛМАТЫ