15 Қараша, 2013

Азаматтық форум – мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басты үнқатысу алаңы

2820 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ­станның VI Азаматтық форумы өз жұмысын баста­ды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ­стан­ның Азаматтық альянсы бірлесіп өткізіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы аясындағы азаматтық қоғам және заманауи сын-қатерлер» деп аталады.

Форумға еліміздің барлық аймақтары­нан келген ірі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкіметтің бірқатар мүшелері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың және халық­аралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысқан делегаттар мен арнайы шақы­рылған қонақтардың жалпы саны 600 адамға жуықтайды. Ал жиынның жалпы отырысына Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Нұрлан Ерімбетов модераторлық етті.

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ­станның VI Азаматтық форумы өз жұмысын баста­ды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ­стан­ның Азаматтық альянсы бірлесіп өткізіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы аясындағы азаматтық қоғам және заманауи сын-қатерлер» деп аталады.

Форумға еліміздің барлық аймақтары­нан келген ірі үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкіметтің бірқатар мүшелері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың және халық­аралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысқан делегаттар мен арнайы шақы­рылған қонақтардың жалпы саны 600 адамға жуықтайды. Ал жиынның жалпы отырысына Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Нұрлан Ерімбетов модераторлық етті.

Екі жылда бір өткізілетін Азаматтық форумдар еліміздің басты демократиялық дәстүрлерінің бірі болып табылады әрі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын үнқатысу алаңы саналады. Сондықтан болса керек, форумда алғашқы болып Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев сөз алып, еліміздегі «үшінші сектордың» даму барысына, оларға Үкімет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдау-көмектер жайына тоқталып өтті. Үкімет басшысының бірінші орынбасарының атап өткеніндей, бүгінге дейін үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге бағыт­талған құжаттар әзірленіп, соның нәтижесінде Қазақстанның Азаматтық альянсы құрылды. Сондай-ақ, Азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы дайындалды.

Бұдан екі жыл бұрын «үшінші секторға» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру мәселесін алты министрлік дайындаған болса, бүгінде осы мәселемен сегіз министрлік айналысып келеді, деді Б.Сағынтаев. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындаудан ауыл-селолардағы үкіметтік емес ұйымдар да сырт қалып жатқан жоқ. Биылғы жылы ауылдық жерлерде үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан бөлінген қаржы көлемі 6 миллиард теңгеден асып түсті. Азаматтық қоғам секторлары­на қолдау көрсету алдағы жылдары да жалғасатын болады. Дайындалған «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын талқылауға «үшінші сектор» да белсене қатысады деген сенімдемін.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев бұл форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жүйелі жұмыс істеуіне жаңаша серпін беретінін де атап өтті. Қазіргі кезде көптеген проблемалық мәселелерді шешуді көздейтін осы заң жобасын форумға қатысып отырған тиісті министрлік басшылары мен өкілдерін осы жиын алаңында кеңінен талқылап, қажет болған жағдайда үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныс-пікірлеріне назар аударуға шақырамын, деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Бұлардан бөлек, ол елімізде кез келген нормативтік құжатты дайындауға ҮЕҰ-ның қатысуы міндетті екеніне, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыру, «жасыл экономиканы» дамыту, шекара маңы ынтымақтастығын кеңейту сияқты ұлттық жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдеріне үкіметтік емес ұйымдардың ресурстарын тарту маңызды фактор болатындығына да тоқталды.

Президент Әкімшілігі Басшысының орын­басары Бағлан Майлыбаев құт­тықтау сөзінде Елбасының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға Азаматтық қоғам шет қалмайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын іс жүзіне асыруға Азамат­тық қоғам да сүбелі үлес қоса алады, деді Б.Майлыбаев осы жөнінде. Стра­тегияның Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуында көздейтін басты міндеті – мемлекет пен қоғамнан тең жауапкершілік пен жемісті ынтымақтастықты талап ететіндігінде жатыр.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар еліміздегі ең қарқынды дамушы институттардың бірі болып табылатынына тоқталды. Шешеннің атап өтуінше, мемлекет өзінің азаматтық сектордағы өкілеттілігіне байланысты нақты құқықтарға ие. Әрі ол мемлекеттік тапсырыстың сапалы орындалып, ойдағыдай жүзеге асырылуын талап етуге құқылы. Қазіргі кезде елімізде 27 670 үкіметтік емес ұйым бар.

Жетекші сарапшылардың бағалаулары бойынша, үкіметтік емес сектор еліміздегі ең қарқынды әлеуметтік институттардың бірі болып саналады. Бұл – Қазақстан хал­қының үштен бірі жұмыс істейтін, яғни 1 мил­лион еңбек адамының әлеуметтік желісі. Жүргізілген сауалдамаға қараған­да, қазақстандықтардың 60 пайыздан астамы үкіметтік емес ұйымдардың қыз­меті жөнінде біледі. Ал тағы 40 пайыздайы үкіметтік емес ұйымдарды және олардың қандай салада, нендей жұмыстармен айналысатындарын нақты атап бере алады.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары бүгінгі күні «үшінші сек­тордың» алдында тұрған негізгі мін­деттерді де атап өтті. Оның айтуын­ша, бүгінде және алдағы уақытта үкімет­тік емес ұйымдардан сатып алынатын қыз­мет түрлерінің сапасын арттыру қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс жүйесін жетілдіріп, олар­дың орындалу барысына мониторинг жүргізілуі тиіс.

Бұдан кейін сөз алған ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы орталығы жетекшісінің орынбасары Жаннет Клетцер азаматтық қоғамды дамыту демократияның басты көрінісі екеніне тоқталды. Шешеннің атап өтуінше, Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар қарқынды дамып келеді. Олардың қызметін жандандыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұған мысал ретінде ол үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша ойдағыдай жұмыс істей бастағанын келтірді.

Шығысқазақстандық делегат Виталий Куликовтың айтуынша, Қазақстанда 2014-2020 жылдары үкіметтік емес ұйымдарды дамыту жөніндегі тұжырым­да­малық құжаттың бұрынғы құжаттарға қарағанда көп ерекшеліктері бар. Осы құжатты дайындауға көптеген салалардан 150-ден астам сарапшы қатысты. Ұсыныстар мен пікірлер мұқият талдаудан өткізілді. Соның нәтижесінде құжат жобасы әзірленді. Онда үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың барлық мәселелері көрініс тапқан. Енді біздің қызметімізді жандандыруды көздейтін «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» заң қажет.

Келесі кезекте делегаттарға үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы айту үшін сөз берілді. Онда бірінші болып Маңғыстау облысы альянсының төрайымы Жақсыгүл Маханбетова сөз алып, үкіметтік емес ұйымдардың жұ­мысын жандандыру бойынша өз ойларымен бөлісті. Үкіметтік емес ұйым­дарды дамыту – өте маңызды мәселе. Біз­дің жұмысымыз «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында көрі­ніс тапқан. Осы құжатта қоғамдық ұйым­дардың маңыздылығына қаншалықты көңіл бөлінгенін көруге болады, деді ол. Осылай дей келіп, ол стратегиялық маңызы зор құжатта көрсетілген қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету кез келген проблемаға немқұрайлы қарай алмайтын әрбір азаматтың міндеті әрі парызы екенін атап өтті.

Осы жерде шешен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын одан әрі дамыту бойынша өзінің бірнеше ұсынысын жасады. Ж.Маханбетова алдымен қоғамдық ұйымдардың қызметінің ашық және жария түрде болуы керектігін, егер бәрі жабық түрде және астыртын жасалса, жергілікті халықтың оған сенімі жоғалатынын атап көрсетті. Осыған байланысты ол ҮЕҰ мақсаты мен міндетін толықтай айқындап, қоғамдық ұйымдар жанынан кеңестер құрып, солардың жұмысы арқылы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылауды ұсынды.

Егер ҮЕҰ жанынан қоғамдық кеңестер құрылса, мемлекет және басқа да ұйымдарға бөлінген қаржының қаншалықты деңгейде жұмсалғанын бақылауға болады. Бұл кеңестер ұйымдардан ашық есеп беруді талап етсе, халық та ақшаның қандай мақсатқа жұмсалғанын білетін болады, деді ол. Сонымен бірге, ол қазіргі кезде ҮЕҰ-ның жұмысы тек Астана мен Алматы және облыс орталықтарында жүргізілсе, аудан және ауылдық жерлерде мүлдем көрінбей келе жатқанын жеткізді. Осы мәселеге қынжылысын білдіріп, алдағы кезде республикалық бюджеттен әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін лоттарды ауылдық аймақтарға көбейтуді ұсынды.

Қазір республикалық бюджеттен ҮЕҰ жұмысына бөлінетін қаржының жартысы Астана мен облыс орталықтарында қалып қоятынын жасыра алмаймыз. Ал ауылдық аймақтарға ол тіптен жетпейді десем болады. Сондықтан халық арасында қоғамдық ұйымдардың жұмысын көрсету үшін бізге алдымен ауылдық жерде ҮЕҰ-ның қызметін жетілдіруіміз керек. Сонда ғана мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың халыққа қызметі көрінеді, деді ол.

Осыдан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер одағы төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев үкіметтік емес ұйымдарды қолдауда аталған одақтың атқарып жатқан жұмысы ту­ралы айтып берді. Ол қоғамдық ұйым­дарды қолдау және дамыту еліміз үшін өте маңызды мәселе екенін, сон­дықтан «Атамекен» одағы ҮЕҰ-ның қызметін бірнеше жылдан бері қолдап, көптеген ұйымдармен бірігіп жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Осы рет­те­ «Атамекен» одағы, ең бастысы, білім беру, соның ішінде кәсіптік-техникалық білім беруге назар аударып, шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтарға қолұшын созып отырғанын жеткізді.

Форумда саясаттанушы Дос Көшімнің сөзі әсерлі де қызықты шықты. Ол да өзінің бірнеше ұсынысымен бөлісті. Мұнда Д.Көшім әуелі ҮЕҰ-ның атауына өзгеріс жасауды ұсынды. Үкіметтік емес ұйымдар деген атаудан гөрі, қоғамдық ұйымдар десек жақсы болар еді. Өйткені, қоғамдық дегеннің өзі мемлекеттің көмегінсіз, өз күшімен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына, басқа да мәселелеріне қолдау көрсетіп жатқан ұйым дегенді білдіреді, деді ол. Содан кейін қазіргі кезде ҮЕҰ-ның жұмысы көбіне орыс тілінде жүргізіліп, мемлекеттік тіліміз мүлдем ескерусіз қалып келе жатқанын, осыған байланыс­ты үкіметтік емес ұйымдардың қызметін таза қазақ тілінде жүргізу үшін арнайы бағдарламалардың болуы керектігін айтты. Осы бағдарламалардың жасалып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратып берілуін ұсынды.

Мысалы, елімізде бітімгершілікті оқытатын 10 бағдарлама болса, қазір біз соның біреуін де мемлекеттік тілде жүргізетін мамандарды таппай келеміз. Егер дәл қазір еліміздің барлық өңірлерін аралайтын болсаңыздар, қоғамдық ұйымдар белсенділерінің бәрі де жұмысын тек мемлекеттік тілде жүргізу керек деген талаптарын айтар еді. Сондықтан мен де ҮЕҰ-ның қызметі қазақ тілінде де жүргізілуі керек деген ұсыныс айтамын, деді ол.

Д.Көшім өзінің тағы бір ұсынысын білдірді. Онысы бұған дейін форумда айтылған қоғамдық кеңестер құру туралы мәселеге сайды. Осыған байланысты шешен қоғамдық кеңестердің маңыздылығы туралы мынадай мысалдар келтірді. Мұнда ол қазіргі кезде жергілікті әкімдер ҮЕҰ-ның жұмысына өздерінің бір өкілдерін жібере салуды дәстүрге айналдырғанын, сол себепті қоғамдық ұйымдардың қызметі көбіне әкімдіктің көңіліне қараумен өтетінін, олай болмауы үшін бізге дамыған елдердегі сияқты ашықтық пен жариялылық қажет екендігін, әрі осы мақсатта қоғамдық ұйымдарға әкімшілік қызметкер емес, кез келген елдің жағдайын жақсы білетін адам керек екендігін атап айтты.

Бұдан кейінгі кезекте сөз тізгінін еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандар­дың «Жаңа өмір» белсенділікке бейімдеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Дабылов алды. Ол өзінің үкіметтік емес секторға қалай келгенін, қазіргі уақытта қандай жұмыстар ат­қарып жүргенін айтып берді. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын жол-көлік оқиғасына тап болдым. Соның салдарынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қоларбаға таңылдым. Көп уақыт үйде отырдым. Кейін ойлана келе, үкіметтік емес ұйымдарға барып, өзім секілді қамкөңіл жандарға қолұшын беріп, қолдау көрсетуім керек деген шешімге келдім. Біз, міне, осылайша, бастамашы топ құрып, қоғамдық бірлестігімізді өмірге әкелдік. Біздің бірлестігіміздің аты – «Жаңа өмір». Мүмкіндігі шектеулі жандар кез келген қамқорлыққа, мейірімге зәру екенін білесіздер. Жақында Тұңғыш Президент Қорының бастамасы аясында біздің қоғамдық бірлестік арнайы жоба бойынша жеңімпаз атанды. «Жаңа өмірде» 5 клуб жұмыс істейді. Оларда мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған түрлі үйірмелер бар. Жалпы алғанда, 37 адам бұл үйірмелерге аптасына екі-үш рет барады, деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, қоғамдық бірлестік өкілі жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған «Ең үздік әлеуметтік жоба» байқауын жеңіп алғандарын жеткізді. Құрылған жылдардан бері біздің ұйым жақсы нәтижелерге қол жеткізді деп ойлаймын. Алдағы уақытта да өзіміздің жұмыстарымызды жалғастыра бермекпіз, деді ол сөзінің соңында.

Жиын кезінде сөз алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев саясаткер Дос Көшім көтерген үкіметтік емес ұйымдар саласындағы қазақ тілі мәселесі туралы өз ойын жеткізді. Бұл – бізді де толғандырып жүрген мәселе. Биылғы жылдың аяқталуына екі ай ғана қалды. Келесі жылдың басынан бастап, үкіметтік деңгейдегі арнайы бағдарлама болмаса да, шынында белгілі бір нәтижеге жеткізетін жоба жасайық. Біз өз деңгейімізде, мүмкіндігінше оған қолдау көрсетеміз, деді А.Қырықбаев.

Ал Азаматтық альянс ұйымының басшысы Нұрлан Ерімбетов жиынға қатысушылардың назарын елдің қауіпсіздік мәселесіне аударды. Бүгінде әлемде, Жер шарында түрлі жағдайлар мен оқиғалар белең алуда. Ондай жағдайларды Африкадан, Азиядан, Еуропадан көруге болады. Бұлардың барлығы әлемнің құбылмалы жағдайды бастан кешіп отырғанын байқатады. Ал мұндай елге сырттан кез келген қауіптің төнуі оңай. Сондықтан, мұндай жағдайларда азаматтық қоғамның орны орасан. Біз бүгін, міне, осы мәселеге айрықша назар аударуымыз керек. Елімізде түрлі әлеуметтік тапсырыс­тар жүзеге асырылуда. Яғни, мемлекет үкіметтік емес ұйымдарға көңіл бөлуде. Бірақ, біз осының барлығын игере аламыз ба, бізде қоғамға қажетті нақты жобалар бар ма, оларды жүзеге асыратын мықты азаматтар қаншалықты көп деген сауалдар туындайтыны да жасырын емес. Демек, осыған сәйкес, біздің жауапкершілігіміз де артуы керек, деді Н.Ерімбетов.

Сондай-ақ, ол үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын алдымен қарапайым халық қолдау, бағалау қажеттігін, халық қолдаған кезде ешкімнен қорықпауға болатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, біз бүгін өзін өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың ортасына көңіл бөлуіміз керек. Олар не істеп жүр, қалай өмір сүруде деген сауалдар төңірегінде де ойлануымыз керек. Яғни, біз Қазақстан отбасыларында не болып жатыр, қандай жағдайлар бар дегенге назар аударуымыз керек. Себебі, түрлі зорлық-зомбылықтың, суицидтің белең алуы қоғамды еріксіз ойландырып отыр. Мемлекет біреудің үйіне кіре алмайды. Оған құқы жоқ. Бірақ, үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігі бар. Біз, міне, осы мәселе турасында ойлануымыз қажет. Жауапкершілікпен қарауымыз керек. Азаматтық қоғам көп жағдайда осы үшін қажет, деді Азаматтық альянс ұйымының басшысы.

* * *

Қазақстанның VI Азаматтық форумы­ның аясында үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері, делегаттар еліміздің министрліктері мен ведомстволарының басшыларымен де кездесті. Кездесу сұрақ-жауап түрінде өтті.

Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өткен секциялық отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева қатысып, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сұрақ және жауап пішінінде өткен отырыста еліміздің жер-жерінен келген делегаттар министрліктің жауапты хатшысына қоғамдық ұйымдардың жұмысына байланысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Ал Ж.Құрманғалиева оларға нақты жауап қайтарып, мәселені шешу жолдарын айтып отырды.

Мәселен, «Сухарушка» халық ансамблінің жетекшісі Зинаида Волкованың ансамбльді қаржыландыру мәселесіне қатысты қойған сұрағына жауап­ты хатшы бұл жергілікті әкімдердің құзырындағы мәселе екенін, десек те, министрлік әкімдерге ансамбльді қолдау туралы арнайы хат жіберетінін айтты. Сол сияқты ол Ақтөбе облысы делегаттарының өзге ұлт өкілдеріне сабақ беретін, оларға мемлекеттік тілді үйрететін оқытушыларды қолдауға байланысты қойған сұрақтарына Ж.Құрманғалиева қазіргі кезде елімізде 100-ге таяу тіл үйрететін орталықтардың бар екендіктерін, 2020 жылға дейінгі бағдарлама бойынша олардың бәріне министрлік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап айтты. Дегенмен, Ж.Құрманғалиева бүгінде мемлекеттік тілді үйрететін оқытушылардың саны аз болғандықтан, мәселенің әлі де толықтай шешілмей жатқанын жасырмады.

Осыдан кейін де министрліктің жауап­ты хатшысына өзге де көптеген сұрақтар қойылып, тиянақты жауаптар қайтарылды. Олардың бәрі дерлік мәдениет және ақпарат салаларына арналды.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен өткен кездесуде ол: «Жақында Үкіметте білім және ғылым саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы мәселе қозғалғанын білесіздер. Бұл мәселе министрліктің кеңейтілген отырысында да талқыланды. Осы орайда, бұл форумның біз үшін маңызы зор. Себебі, біздің ведомствоның негізгі бағыттары – ашықтықты қамтамасыз ету, қоғамдық ұйымдармен, қоғаммен өзара үнқатысуды дамыту. Себебі, білім мен ғылым мәселесі барлығымызды, әрбір отбасын толғандырады. Демек, кез келген мәселе елдің ұзақ мерзімді дамуына әсер етіп отырады. Олар үлкен ауқымдағы мәселелер, жүйелі түрде шешуді қажет ететін мәселелер болып бөлінеді. Бұл орайда, біз үшін үнқатысудың, кері байланыстың, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен байланыс орнатудың маңызы зор. Біздің бағдарламаларымызды, олардың мазмұнын, көтерген мәселелерімізді қоғамдық пікірді ескере отырып жүзеге асырамыз. Сондықтан, үнқатысуға мүмкіндік беретін мұндай алаңдар біз үшін маңызды. Алдағы уақытта мұндай мазмұндағы үнқатысулар үзілмейді деп ойлаймыз, деді Білім және ғылым министрі.

Делегаттар ведомство басшысының сөзінен кейін өздерін толғандырған сауал­дарын қойып, жауаптар алды.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

Дастан КЕНЖАЛИН,

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар