Газетіміздің биылғы 9 сәуір күнгі санында “Кеден одағынан кедергі келмейді” деген тақырыппен Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен сұхбат жарияланған болатын. Осы сұхбатта министр білдірген пікірлер көптеген оқырмандар ойларына қозғау салған сыңайлы. Оған редакциямызға келіп жатқан лебіздер дәлел.
Төменде түрлі көзқарастар білдірілген осындай хаттардың бірқатарын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ
Жаңа жылдан бастап Қазақстанның Ресеймен және Белоруссиямен Кеден одағына кіруі еліміздің экономикалық әлеуетін арттыра түсетіні әуел бастан-ақ айтылып келеді. Бұл сондай-ақ өз кезегінде елімізге жаңа технологиялардың келуіне ықпал етері сөзсіз. Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге бағыт ұстаған елдің шекарасын жауып алып, томаға тұйық өмір сүре алмайтыны да бесенеден белгілі. Десек те Кеден одағының Кеден кодексі күшіне енетін үстіміздегі жылғы 1 шілдеге дейін осы бағыттағы өзекті мәселелерді ықтияттап алғанның артықтығы жоқ.
Бұл бағытта Кеден одағына енген елдер арасында біраз шаруалар тындырылып жатқаны да рас. Қазақстан да осы тұрғыда жұмыс істеп, бірқатар мәселелердің оң шешілуіне қол жеткізді деу орынды. Осы жүйеге көшкенде ең бастысы, біздің кәсіпорындар мен кәсіпкерлер өндіретін өнімдерді өткізудің мүмкіндігі молаяды. Мұның өзі кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді. Сонымен бірге елімізде Ресей мен Белоруссияның бірлескен кәсіпорындары ашылып, жаңа технологиялар енгізіледі. Кеден одағы ақжарылқап күн туғызады деп қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Өнімдеріміз бен тауарларымызды бәсекеге қабілетті, сапалы етіп шығару күн тәртібіне қойылуы керек. Сонда ғана біз Қазақстанның 16 млн. адамдық рыногын 170 млн. адамдық рынокқа ұлғайта аламыз. Қазіргі келісімдер осыған жетуге қызмет ететін шараларды қабылдауға алғышарт жасауы тиіс. Сол себепті Кеден одағының артықшылықтарын жете түсіну қажет. Бұл бағытта көптеген кәсіпкерлердің көңілінде Ресей мен Белоруссияның бізге қарағанда сапалы да арзан өнімдері қазақстандық өнімдерді ішкі рыноктан ығыстырып шығармас па екен деген күдіктің болып келгенін жасырудың да реті жоқ. Осы күмәнді ойдың тұманын “Егемен Қазақстан” газетінің үстіміздегі жылғы 9 сәуірдегі санында жарық көрген Сауытбек Абдрахмановтың Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен жүргізген сұхбатындағы пікірлер сейілтіп-ақ тастады десем артық айтқандық болмас. Кеден одағы, бірыңғай экономикалық кеңістік, еркін сауда аймағы және экономикалық одақ сияқты аражігі ажырамайтын дүниежүзілік даму талаптарының тәуелсіздікке ешқандай нұқсан келтірмейтіні, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру қағидаларымен үндестігі тайға таңба басқандай түсіндірілген екен. Сұхбатта 400-ден астам кедендік импорт салығын қолдану үшін 3-5 жыл өтпелі кезеңдер белгіленгені, қандай тауарларға 0 пайыз импорттық баж салығы қолданылатыны да анық айтылған. Кәсіпкерлер емес қарапайым халықтың өзіне түсінікті де жатық жеткізілген Кеден Одағы мәселелері туралы пікірлерді оқыған адам оның ел экономикасын дамытуға ықпал ететініне кәміл сенетіні белгілі.
Асқар САДЫҚОВ, “Атамекен”одағы” ҚҰЭП Ақтөбе филиалының директоры. Ақтөбе.
ТЕК ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТІП ОТЫРМЫЗ
Алдымыздағы 1 шілдеден бастап Кеден одағының Кедендік кодексі күшіне енетін болады. Осы күннен бастап Ресей, Белоруссия және Қазақстан елдері арасында кедендік ресімдеу алынып тасталады. Содан кейін жағдайдың дәл қалай боларын мен нақты айта алмаймын. Бірақ осы үш елдің Кеден одағына бірігуінен біздің елге тек жақсылық болады деп күтемін. Алдымен Кеден одағынан еліміздің тәуелсіздігіне келер қауіп жоқ. Кеден одағы ортақ қазан жасау емес қой. Бұл елдердің алыс-беріс жасауда бір біріне деген сенімін күшейту деп білемін.
Министр Жанар Айтжанова Кеден одағы арқылы Қазақстан рыногы ұлғаяды деп дұрыс айтады. Сырттан келетін өнім түрлері көбейеді, біздің өнімдер кедергісіз экспортталатын болады. Өндірген өнімді сыртқа шығару үшін жеңілдіктердің келетініне де сенімдімін. Ең бастысы, Кеден одағы қазақстандық кәсіпкерлерге серпін береді, сапа үшін әр өндіруші атсалысатын болады. Негізі томаға тұйықтық экономиканың дамуына кедергі болмаса, жол ашпайды. Кәсіпкерлер мен өнім өндірушілер еркін араласады, бұл озық технологиялар мен тәжірибенің келуіне мүмкіндік жасайды.
Кеден одағы экономикадағы шынайы бәсекелестікке түрткі болады. Біздің кәсіпорын өндірген сүт өнімдері Қазақстанның көптеген облыстарына жіберіледі. Ресей де біздің өнімнің дәмін біледі. Енді Кеден одағы күшіне енгенде біз өндірген сүт пен сары майға, ірімшік түрлеріне сұраныс сырттан көбейе түседі деп ойлаймын. Ал ол артық табыс табу, артық жұмыс орны деген сөз.
Азық-түлік түрлерін өндіретін кәсіпорындардың барлығы да ауылмен, ауыл шаруашылығымен байланысты. Сондықтан оның дамуына біз мүдделіміз. Кеден ашылғанда етке, жүнге, дәнді, майлы дақылдарға сұраныс артып жатса бұл ауыл шаруашылығының дамуына жол ашпай ма? Ауылға инвестиция мол тартылса, жұмыс болады, жұмыс болған жерде ауылдағылардың да жағдайы жақсарады. Мысалы, министр айтқандай, біздің елімізде ветеринарлық-санитарлық талаптардың барлығы жолға қойылып, сапалы ет өндірілсе іргедегі Ресей одан неге бас тартсын? Еліміздің кең байтақ даласында қанша мал өсірсек те мүмкіндік ашылар еді.
Евгений ДРУЖИНИН, “ДЕП” ЖШС директоры. Қщстанай.
БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ БЕЙІМДЕЙДІ
Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері арасында құрылған Кеден одағына бастапқы кездері түрлі көзқарастардың, тіпті түсінбеушіліктің де болғаны рас Соңғы уақытта пікірталастар саябырсып, жұртшылық Кеден одағының артықшылықтарын түсінген сыңайлы. Оған түрлі басылым беттерінде жарияланған сараптама, талдама материалдардың да әсер еткенін жасырмаймыз. Мәселен, “Егемен Қазақстан” газетінде “Толғандырар тақырып” айдарымен жарық көрген “Кеден одағынан кедергі келмейді” атты сұхбатта Кеден одағы жайлы жан-жақты әңгімеленіп, артықшылықтары қолмен ұстатқандай баяндалған. Әрине, 170 миллион адамдық рынок кеңістігіне шығу Қазақстан үшін беріліп отырған зор мүмкіндік болғанымен, экономикалық бәсекелестікке төтеп беру, халықаралық стандарттарға сай өнімдер шығару оңай емес. Бұл орайда Үкімет тарапынан ұлттық мүддеге еш нұқсан келмейтін шаралардың жасалып жатқаны қуантады. Кез келген жаңа істің басы қатты болғанымен аяғы тәтті келетіні секілді одан күтеріміз көп. Мемлекеттік тұрғыдан алғанда, мән-маңызы тіпті айрықша. Осы жөнінде Экономикалық даму және сауда министрі өз әңгімесінде жан-жақты айтып берген. Ендігі істің түйіні Кеден одағы аясында қабылданған шешімдердің нақты жүзеге асуына келіп тіреледі.
Біз кәсіпкерлікпен көптен бері айналысып келеміз. Ол сан-саланы қамтиды. Соның бір түрі колбаса өндірумен шұғылданамыз. Оның елуге жуық түрін еліміздің облыстарына жіберіп жүрміз. Мұндай үлкен сұранымға өнім сапасын арттыру арқылы ие болсақ, ендігі мақсат Ресейдің шекаралас өңірлеріне жеткізу болып отыр. Ол — өз қолымызда. Бізде жақсы жабдықталған, ветеринарлық-санитарлық нормаларға сай келетін мал сою цехтары бар. Демек, көрші елдің сұранысын талаптағыдай қанағаттандыру, экспортқа лайық ет өнімдерін жөнелту соншалықты қиындық тудырмайды деген сөз.
Бір сөзбен айтсақ, үш ел арасындағы Кеден одағынан пайда көрмесек, зиян тартпасымыз анық.
Асқар ҚАПЕЗОВ, “Фрегат” ЖШС директоры. Петропавл.
ӨЗІҢЕ СЕНІМДІ БОЛСАҢ МҮМКІНДІК ТЕ МОЛ
Кеден одағының құрылуы туралы қазір де көптеген әңгімелер, пікірталастар айтылуда. Жалпы, жаңа бір нәрсе өмірімізге енерде жақсылық болсын, өзгеріс болсын, жан-жақты ойлар айтылуы заңды да.
Кеден одағы күшіне толық енген соң, әрине, шетелдік өнімдер біздің елге қаптап келе бастайды. Ол бұрын да солай болды ғой. Мысалы, біздің облысқа көптеген заттар, азық-түлік болсын, бәрі де Ресей жағынан келіп тұрды. Енді бұрынғыдан да көп келе бастайтыны белігілі. Осыдан кейін біздер сияқты кәсіпкерлерге, яғни жергілікті тауар өндірушілерге бәсекеге қабілеттілікті көтеруді ойластыруымызға тура келеді. Мысалы, мен өзім басқаратын “Сүт” акционерлік қоғамында, атының өзі айтып тұрғандай, сүт өнімдерінің түр-түрі, 26 түрлі өнімдер шығарылады. Тәулігіне 250 тонна сүт өнімдерін шығарамыз. Акционерлік қоғамда 300-дей адам жұмыс жасайды. Жалғыз бір облысты ғана емес, басқа да өңірлерге, мәселен, Астанаға, Екібастұзға, Семейге өнімдерімізді апарамыз. Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында “Өмір талабына бейімделіп, шыңдала түсеміз. Біліктілікті арттырамыз. Өнімдеріміздің сапасын жақсартамыз. Өзімізді өзімізді қамшылаймыз”, депті. Бұдан артық ел дамуына үлес қоспақшы кәсіпкерге не керек. Сүт өнімдерін өндіру саласының алпауыттары саналатын Ресей, Беларусь секілді елдер біздің рынокты жаулап алады деп қорқудың да қажеті жоқ. Біздің зауытта қазір модернизациялау жұмыстары жүргізілуде, жаңа технологиялармен жұмыс жасауға да кірісе бастадық. Бұл ретте қазір бізге “Лактолис” атты әлемдік ірі сүт компаниясының мамандары келіп, көмектесуде. Мысалы, біз жаңа технологиялардың арқасында Ресейге былтыр 200 тонна құрғақ сүт экспорттаған болсақ, биыл оның көлемін тағы да 30 пайызға арттырмақ мақсатымыз бар. Кеден одағы өңірлік рынокты кеңейтіп және оны әлемдегі барынша тартымды рыноктардың біріне айналдыра алатынына сенімім мол.
Сәуле ДҮЙСЕНБАЕВА, “Сүт” АҚ директоры. Павлодар.
ЕМДІК ШӨПТІ ШЕТЕЛДІКТЕР ТЕРІП ЖҮР
Ешқандай елдермен байланыспаймын, томаға тұйық өмір сүремін дейтін мемлекеттердің сырт көзге ұпайы түгел көрінгенімен түбінде экономикалық ауыр зардаптарға ұрынатындығы сөзсіз.
Біз бұл байламға “Егемен Қазақстан” газетінде Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен жасалған “Кеден одағынан кедергі келмейді” деген сұхбаттан кейін одан әрі беки түстік.
Мамандығымыз провизор, бірнеше дәріханаларымыз бар болғаннан кейін бізге жақсы таныс жайттарды әңгімелейін. Дәрі-дәрмектердің бағасы қымбаттауы мүмкін екені айтылып жүр. Оны уақыт көрсетеді. Тіпті солай болған күнде де мұны Кеден одағына кірумен тікелей байланыстырудың жөні жоқ. Инфляция – нарыққа тән құбылыстардың бірі. Бүкіл әлемде баға нарықтың өз заңдылығымен өсіп отырады. Мәселе ел азаматтары табысының өсуі бағаның өсуінен жоғары тұруында. Оны болдырмау үшін Елбасымыз дәрі-дәрмектердің жартысын өзімізде өндіру міндетін алға қойып отыр, елдің бірнеше қаласында фармацевтика кәсіпорындары іске қосылады.
Дермене деген қасиетті шөп бар. Әлемде Канада мен Қазақстанда өседі. Елімізде, дәлірек айтқанда, Оңтүстіктің бірнеше ауданында ғана. Жусанның осы бір түрінің дәнегі жазда ащы болғанымен күзгі жаңбырмен жуылғаннан кейін керемет жұғымды шөп болады. Мал тез оңалады. Дермененің шипасын байқаған патшалық Ресейдің орыс көпесі соның негізінде Оңтүстікте дәрі-дәрмек зауытын ашқан. Қазір оның орнында Қазақстандағы ең ірі зауыт “Химфарм” отыр.
Байқап жүрміз, жаз шыға Оңтүстікке ауған азаматтары келеді. Жергілікті адамдарды жалдап, қурай түбін қазады. Әртүрлі жолмен алып кетеді. Естуімізше, емдік дәрі жасайды екен. Қытайға мүйізін өткіземіз деп сайын далаға сыймай жүретін киіктерді қырып салдық.
Жылдың төрт мезгілі сақталатын кең байтақ Қазақстанда түрлі ауруларға ем болатын шипалы шөптер көп. Өзгелердің жинап алуын күтпей, неге өзіміздің зауыттар өңдеп, дәрі шығармайды? Кеден одағы Қазақстанға үлкен рынок ашты. Жанар Айтжанованың “түбі керек дүниені өзімізде өндірмесек, оның бағалары өзгермей тұра береді деп үміттенудің керегі жоқ” дегені фармацевтика мамандарын қатты ойландыруы керек.
Нұржан ТӨЛЕКОВ, “Нұр фарм” ЖШС директоры. Шымкент.