Қоғам • 19 Қазан, 2020

Құтқарушылар қызметі заманауи бағытта дамып келеді - Серік Әубәкіров

585 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде Қазақстанның төтенше жағдайлар ұйымының құрылғанына ширек ғасырдай уақыт өтті. Қаншама адам өміріне араша түсіп,  көмекке мұқтаж жандардың алғысын арқалаған алматылық құтқарушылар әрдайым көмекке дайын. Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар қызметі жылына мыңдаған шұғыл дабылдарға шығып, 600-ден астам адам қауіпті аймақтардан құтқарылған. Шұғыл қоңырауларға орай 500-ден астам оқиға орнында жедел медициналық көмек көрсетілген. Кез келген апатты жағдайлардың алдын алуда штаттағы құтқарушылар құрамымен ғана жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан азаматтық қорғаудың аумақтық ішкі жүйесі қалыптасқан. Бүгінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 19 қызмет түрлерінен азаматтық қорғау жүйесі құрылып, әртүрлі профильдегі 1,5 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істейді. Шұғыл қызметке 350-ден астам құтқарушы мен 150 бірліктен астам техника тәулік сайын қала қауіпсіздігінің қырағы күзетінде. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, Өрт сөндіру қызметінің генерал-майоры Серік Әубәкіровпен әңгімемізде оңтүстік астананың өрт сөндірушілері мен құтқарушыларының қызметіне қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

Құтқарушылар қызметі заманауи бағытта дамып келеді - Серік Әубәкіров

Серік Ғабдолұлы, кез келген апаттың алдын алуда, шұғыл көмек көрсетуде құрылым мамандармен, заманауи техникамен толыққанды жарақталған ба?

– Төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау, өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету департаменттің негізгі жұмысы. Мұнымен қоса азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, қаладағы азаматтық қорғау жүйесінің дамуын қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылау (тексеру), өрттің алдын алу және сөндіру де мекеменің негізгі міндеті. Бүгінде департамент өрт сөндірушілерді, сүңгуірлерді, альпинистерді, кинологтар мен апаттар медицинасы, селден қорғау бойынша мамандарды, азаматтық қорғаныс әскери қызметкерлерін біріктіріп отыр әрі өз авиациясы бар. Төтенше жағдайда қала полициясы, Ұлттық Ұлан, медицина қызметкерлері, коммуналдық және қаланың авариялық қызметімен бірлесе жұмыс істейді.  Осы орайда Алматы біздің күшімізбен коммуналдық "109- Құтқару қызметі" құрылған жалғыз қала екенін айта кеткім келеді.

Өрт қауіпсіздігі туындағанда қандай құралылғылар пайдаланылады? Алматы гарнизонында заманауи тұрғыдан техникамен жарақталған ба?

– Атап өтетін басты мәселе,  Алматыдағы төтенше жағдайлардың 98 пайызы өрт салдарынан туындап жатады. Қалада жылына орта есеппен 600-ге дейін өрт шығады. Салдарынан адам өлімі орын алып, жекелеген мүліктер мен құрылыстар қирап жатады. Өрт сөндіру қызметінің Алматы гарнизоны еліміздегі ең озық мекеме десем артық емес. Жабдықтау және дайындық тұрғысынан гарнизон бір уақытта екі немесе одан да көп өрт сөндіре алады. Кез келген ірі мегаполис архитектуралық жағынан күрделі құрылымдармен, адамдар шөп шоғырланған биік ғимараттары, жолдағы кептелістерімен ерекшеленеді. Осы орай халықаралық тәжірибені, заманауи жетістіктерді ескере отырып, тиісті министрлікке және қала әкімдігіне техникамен жарақтандыру бойынша ұсыныстар енгіземіз. Гарнизонда кез келген ғимараттың 30-қабатынан зардап шеккендерді құтқара алатын (91 м) еліміздегі ең биік көтергіш, барлық аудандарындағы өрт сөндіру бөлімшелерінде жұмыс биіктігі кемінде 32 метр (10 қабат) болатын автобаспалдақтармен қамтылған.  Алматының шет аудандарындағы су тапшылығы бар. Сондықтан да сыйымдылығы 30 тонна автоцистерна "жылжымалы резервуар" жұмыс істейді. Су бүркетін немесе ұсақ дисперсті көлік құралдары да бар. Кей жағдайларда қала көшелерінің тарлығы шұғыл қызметке кедергі болып жатады. Сондықтан да Алматы  мотоциклді өрт сөндіру экипажы енгізілген еліміздегі алғашқы қала болып табылады. Олардың әзірге 6-уы жұмыстар қолданыста. Үш жылда мотоэкипаж құтқарушылары 328 бағытқа шығып, 6 адамның өміріне араша түсті.  Сонымен бірге гарнизон балшық сорғыларымен жабдықталуда. Гарнизон мамандары көпфункционалды өрт сөндіру көліктерімен жабдықтау курсынан өтіп жатырмыз. Мысалы, гарнизонда екі автокөлік бар, олар өртті сөндірумен қатар, жылу жүйесінде апат болған жағдайда, коммуналдық бригадалар өртті сөндірген уақытта орташа көп пәтерлі орташа екі үйді өзінің жылу жүйесіне ауыстырып, балабақшаға немесе шағын мектепке уақытша электр қуатын бере алады. Қаламызда күн сайын дайын күйінде тік және көлденең сөндіру жүйелерімен жабдықталған 3-тен 5-ке дейін әскери кезекшіліктегі тікұшақтар бар. Соңғы бес жыл ішінде гарнизон 60-тан астам өрт сөндіру және арнайы авариялық-құтқару техникаларымен толықтырылды.

Географиялық жағдайына байланысты қалада жер сілкінісі мен сел қатерінің қаупі жоғары. Қауіпсіздік бөлімшелері селге қарсы тұруға дайын ба?

– Алматы үшін сейсмикалық қауіп пен сел жүру қатерінің болуы  таулы аумақта орналасқандығымен байланысты. Күшті жер сілкінісі Алматыдан жоғары төрт шатқалдың жоғарғы ағысында орналасқан морена көлдерінің туындауы мүмкін. Біздің тауларда осындай 47 көл бар, оның 7-уі "Қазселденқорғау" мекемесінің мұқият қадағалауында. Бұл бөлімшенің мамандары жыл сайын судың толып кетуіне жол бермеуін бақылайды. Дренажды арналар тазартылып, тереңдете және кеңейтіледі. Жаз бойы еріп ағып жатқан қардың мөлшерін қадағалап, ағын судың түсу қарқындылығын да бақылайды. Мысалы, биылғы жылдың жаз айының басында барлық 7 көлдің жалпы көлемі 1,2 миллион текше метр суды құраса, 5 миллион текше метрден астамы төгілді. Егер мұздықтардың еруінен болатын салалар болмаса, барлық көлдерді 5 рет құрғатуға болатын еді. Бүгінде маусымдық жұмыстармен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен сел қауіпсіздігі мәселелері жүйелі түрде шешілуде. "Аюсай" мен "Ақсай" шатқалдарында селден қорғайтын сел жүретін бөгеттер тұрғызу қажет. Сонымен қатар, Ақсай шатқалында ешқашан бөгет болған емес, сел қаупі қаланың Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарының едәуір бөлігін қамтуы мүмкін. Департамент үш жыл бойы Үлкен және Кіші Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел қаупінің автоматтандырылған мониторингін жүзеге асырады. Алдымен География институтының ғылыми әлеуетіне сүйене отырып, бақылаулар жүргізуге арналған параметрлер мен аспаптар (әдістер) анықталған және ғылыми негізделген, стансаның орналасқан жерлері, өлшеу кезеңі мен жиілігі тексерілген әдіс жасалды. Жобалық бөлігі жасалып, бірінші кезеңде былтыр және ағымдағы жылы 31 бақылау бекеттерінің 10-ы пайдалануға берілді. Өткен жылдың тамызында Қарғалы шатқалындағы № 1 көл бекетінің бақылаушысы суда ернеуіндегі өзгерісті таңғы сағат 6-ларда байқаған. Көл 7 метрге дейін төмендеген. Бұл судың қысыммен топырақты бұзып, ернеуінен асатынын білдіреді. Мұндай ағындар жол бойында тастар мен ағаштарды ағыза отырып жинап күш алып, көлемі 10-20 есеге дейін ұлғаяды. Осы кезден бастап сел 1-1,5 сағатта елді мекенге жетуі болжанады.

Цифрландыру кезеңі қаладағы барлық жүйелердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде. Бұрындары сағаттап күтетін ақпараттарды шұғыл алуға болады. Бұл өз кезегінде құтқарушылар қызметін де жеңілдеткен болар.

– Әрине. Бүгінде бақылау жүйесі автоматты режімде онлайн бақылау жасайды. Әрбір параметр жазылып, мәліметтер базасына енгізіледі, бұл болашақта қауіпті жағдайларды болжауға мүмкіндік береді. Оқиға болған кезде, жүйе "Қазселденқорғау" мен ТЖ Департаментінің диспетчерлік бөліміндегі адамға сигнал береді және ескерту сиреналарын қосу туралы өтініш жасайды. Егер арнайы бағдарланы "Ақылды қала" жүйесіне қоссақ, су басуы мүмкін жерлерде электр қуаты мен газды автоматты түрде өшіруге болады. Сейсмология институтымен бірге жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту жүйесін құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кірісті. Жер сілкінісін болжау мүмкін емес. Алматыда жылына эпицентрі 500 шақырымға жететін 200-дей жер сілкіністері болып тұрады. Эпицентрден шыққан әрбір толқын 8 секундта 100 шақырымды қамтиды деп есептесек, сейсмикалық датчиктерді қаланың айналасына дұрыс орналастыру арқылы жер дүмпулерін жазып, бірнеше ондаған секунд ішінде олардың жақындағанын ескертеді. Мұны автоматты режімде "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Шартты түрде алсақ, смартфон арқылы 30 секунд ішінде 5 баллдық жер сілкінісі болатыны туралы хабарлама алады. "Ақылды қала" жүйесінің интеграциялануы метродағы пойыздарды бірнеше секунд ішінде тоқтатып, қаупін азайтуға болады. Сонымен қатар газбен жабдықтауды өшіріп, үйінділер арасындағы ірі өрттен сақтануға болады.

Әңгімеңізге рахмет.