Аймақтар • 20 Қазан, 2020

Алматы облысында дәрілік заттардың екі айлық қоры бар

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында жалпы пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13 млрд теңге бөлінді, оның 8,1 млрд теңгесі екінші толқынға дайындық үшін бөлінген. Облыстың медицина мекемелерінде жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, дәрілік заттардың екі айлық қоры бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысында дәрілік заттардың екі айлық қоры бар

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, атап айтқанда 6,2 млн бетперде, 2,5 млн қолғап, 74,6 мың бір рет қолданылатын қорғаныш костюмдерінің жиынтығы бар. Ал дәрілік заттардың екі айлық қоры қалыптастырылған, нақтылап айтсақ, стационарларда 1,4 млрд теңгеге 204 түрлі дәрі, амбулаторияларда 101 млн теңгеге 5 түрлі дәрі қоры бар.  

Тұрақтандыру қорына қосымша 800 млн теңге бөлініп, қаржы көлемі 1,3 млрд теңгені құрады. 500 млн теңгеге дәрілік заттардың 30 түрін сатып алуға "INKAR" ЖШС бірыңғай дистребьютерімен келісім шарт жасалған. Сондай-ақ, "СК Фармация" арқылы дәріханалар үшін 33 түрлі дәріге 63 млн теңгеге өтінім берілді, 1 млн бетперде сатып алынды. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтары да назардан тыс қалған жоқ. Олар үшін жергілікті бюджет есебінен 92 млн.теңгеге вирусқа қарсы препараттардың 4 түрі сатып алынды.

Облыста жеке қорғану құралдары өндірісі жолға қойылған.  "Долче", "СП "Абди Ибрахим Глобал Фарм", "Келун-Казфарм" компаниялары - осы саладағы ірі кәсіпорындар. Маска тігуге 5 тігін кәсіпорны бейімделді, Талдықорған қаласында маска тігетін үш қабатты цех жұмыс істейді. Жалпы тәулігіне барлығы 250 мыңнан астам бетперде шығарылады. Облыс дәріханаларында сатылатын масканың бөлшек саудадағы орташа бағасы 40 теңгені құрап отыр.