Аймақтар • 20 Қазан, 2020

Батыс Қазақстанда 300-ден астам мемлекеттік қызметшінің орны бос тұр

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылғы 1 қазанда жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысында түрлі деңгейдегі 304 мемлекеттік қызметшінің лауазымы бос тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда 300-ден астам мемлекеттік қызметшінің орны бос тұр

Бұл туралы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев хабарлады. Маман тапшылығы өңірдегі барлық штат кестесінің 7 пайызын құрайды. Атап айтқанда облыстық деңгейде – 103, аудандық деңгейде – 146, ауылдық деңгейде – 47 мемлекеттік қызметшінің орны бос тұр екен.

Жыл басынан бері өткен 9 ай ішінде жергілікті атқару органдарынан – 530 адам, орталық атқару органдарынан – 237 маман қызметін ауыстырған. Соның ішінде 226 маман мемлекеттік қызметті мүлдем тастап кеткен. Жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген сауалнама қорытындысына қарасақ, жұмыстан шыққандардың 73,1%-ы еңбекақысы төмен болғандықтан кеткенін айтыпты.

"Дипломмен ауылға"  жобасы ауылдық аппаратқа білікті мамандардың келуіне оң әсер етіп, маман тапшылығын қысқартып отыр, дейді Ғалым Сұлтанұлы.

Жыл басынан бері облыстағы мемлекеттік органдарда әкімшілік мемлекеттік бос лауазымдарға 1388 конкурс өткізілген. Осы байқауларға барлығы 1324 үміткер қатысып, 729-ы жеңімпаз атанған.

"Жергілікті атқарушы органдарда басшылық лауазымдарға тағайындау үшін биылғы 9 ай ішінде 240 конкурс өткізілді. Оған 191 адам қатысып, 151-і жеңімпаз болды. Соның ішінде басқарушы лауазымдарға 107 мемлекетті қызметші ілгерлету мақсатында жоғарғы басшылық лауазымға орналасты. Айта кетейік, бұл байқаулар ашық, әділ өтті. Конкурстық комиссия жұмысын байқаушылардың 80 пайызы – қоғамдық бірлестік өкілдері, дейді Ғалым Тұрсынбаев.