СУРЕТТЕ: Қалбатау ауылындағы Зере әже мен немересі Абайға арнап тұрғызылған ескерткіш
Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде Абай туралы жариялаған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келіп: «Өз әкесі Құнанбай жұрт аузына қараған қазақтың бас адамдарының бірі болған. Қазақты төрелер билеп, сұлтандар төрелерден қойылып тұрған заманда солармен таласып, қарадан сұлтан болған адам екен» деп оның заңғар тұлғасына жоғары баға береді.
Поляктың 25 жыл айдау жазасына кесілген демократ-революционері, халқының бостандығын арман еткен аяулы перзенті Адольф Янушкевич «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» атты сапарнамалық күнделігінде Құнанбаймен кездескен сәттегі оның қайраткерлік тұлғасы туралы: «Дала атақтыларының бірі Құнанбай бидің жасы Барақтан шамалы ғана үлкен. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес, жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да әр қиырдағы ауылдардан келіп жатады... Ал барлық байлар Құнанбайдың кебісін де кигізуге жарамайды» – деп ерекше сипаттайды.
«Алып анадан, тұлпар биеден туады» деген даналықты негізге алсақ, осындай дала данышпанын өмірге әкелген ұлы ана – Зере әже болатын. Ақылды, мейірімді Зере әже Құнанбайға ғана емес, өзінің сүйікті немересі Абайға да үлкен әсер еткен.
Міне, атадан алып туған Құнанбайдың анасы, ғұлама Абайдың әжесі Зере апамызды бүкіл Алаш жұрты мақтан тұтады, ұлтымыздың ұлы перзенттерін тәрбиелеген абзал ана рухына тағзым етеді.
Зере Бектемірқызы (азан шақырып қойған аты – Тоқбала) 1785 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауданының табиғаты әсем Қалба тауы бөктерінде туған. Матай руы ішінде Бақы деп аталатын атаның Қойгел табынан шыққан. Сол Қойгелден туған Бектемір өз кезінің атақты байы, еліне беделді азаматы ретінде танылыпты. Бектемірдің Құттықадам, Теңізбай деген балалары болған. Теңізбайдың қызы осы Зере апамыз. Әкесі Теңізбай өз шаруасын ғана білген орта дәулетті момын адам болса керек. Жастайынан сүйкімді, зерек болған Зере атасы Бектемірдің бауырында өскендіктен байдың қызы атанған. Сол себепті өз әкесінің аты ұмытылып, Бектемірдің қызы ретінде ел есінде қалған.
Абайдың талантты ақын шәкірті, немере інісі Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиевтің айтуынша, Бектемір жиені Құнанбайдың ауылына жылына екі рет келіп, амандасып қайтады екен. Бектемір бұйығы адам болғанмен, сөйлесе ретін тауып сөйлейді екен. Бірде Қаратай, Бөжей, Байсал тағы басқа тобықтының белді адамдары Құнанбай үйіне келе қалып, өздері бұрын көрмеген бейтаныс кісіден жөн сұрайды. Үндемей ғана сыр бермей отырған Бектемірдің қажының нағашысы екенін білген адуынды, өр кеуделі Байсал: «Е, пәленің бәрі айғырда екен ғой» деп момақан қонақты менсінбей, кекетіп тастаса керек. Сонда Бектемір нағашысы: «Ұқтым, Құнаш. Бәрі бір-бір рудың серкесі екен. Бірақ кейбіреуінің басының дымы кеппепті ғой» депті. Мұның мәнісін сұрағанда, қажының бұйығы нағашысы: «Ел басқаратын адам мақал-мәтелді жете білуші еді. Атамыз қазақ: «Алып анадан, тұлпар биеден» деуші еді. Ана мырзаның аузына айғыр түскенін көрмеймісің? Сол да білгені ме?» деп бастырмалатып келіп: «Шырағым, сөйлегелі тұрған екенсің, сөйлеп те жүрген екенсің, бірақ сөзіңе айғыр салған жоқ екенсің» деп біржолата қайтарып тастапты.
Атақты айтыс ақыны, сұңғыла шежіреші Қалихан Алтынбаевтың айтуынша, Бектемір бай: «Ұл ұрпақтарымнан үміттенбеймін. Шықса қыз ұрпағымнан шығады» деп айтады екен. Шынында да солай болды. Бектемірден өрбіген ұрпақтар ішінен Тоқбала ақылдығымен, көсемдігімен дүйім елге танылды. Шыңғыстаудағы атақты Ырғызбай би ауылына ұзатылып барғанда жас келін Тоқбала мұрнына алтын шығыршық әшекей – зере тағып жүргендіктен қайын жұрты оны Зере атап кеткен екен. Зереден Құттымұхамед (жастай қайтыс болған), Құнанбай, Тайбала туған. Өскенбайдың Зереден басқа төрт әйелі болған. Сонда ел берекесін ойлаған аса зейінді, ақылды Зере ана отбасының бірлігін сақтап, күндестікке бой бермеген, өте бауырмал болған. Құнанбайдың жалғыз өспеуін ойлап, Өскенбайдың Таңшолпан деген тоқалынан туған Майбасарды, ақсақалының аталас ағайыны Ералының баласы Бөжейді, бозбала кезінде барымтада қаза болған Болсамбекті және өз қызы Тайбаладан туған Ізқұттыны бауырына салып өсірген.
Құнанбай қажы алған бетінен қайтпайтын қатал би, болыс болғанымен анасының алдынан өтпеген. Жұрттың айтуына қарағанда, «Құдайдан да қорықпайды» дейтін Құнанбайдың именетін жалғыз адамы – өз анасы Зере болған. Қанша қатал болғанымен Құнанбайдың шешімін Зере ғана бұза алған. Сол себепті Құнанбайға ісі түскен кісілер ең алдымен оның шешесіне жолығады екен.
Дала данасы Құнанбай дүниеге келгенде өте ірі, толық, зор болады. Ол туарда анасы түс көреді. Сол түсінде ері Өскенбай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы ол алтын сақа – Құнанбай деп жориды. Зере ана Құнанбайды нәресте кезінде бір күн емес, бір сәтке де омырауын жумай, тазалап сүртпей, дәретін алмай емізбеген. Зеренің өзі бертінде: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісмілла айтпай емізген мезгілім болған жоқ» деп айтыпты. «Олай істемесем, сүтім арам болады, адал ақ сүт емген баламның бойы да, ойы да адал болады» деп зерделі ой түйген. Сол адалдықтың, парасаттылықтың айқын белгісіндей Алаштың арда азаматы Құнанбай туса, одан пәктік пен адалдық негізіндей ұлы Абай өмірге келді.
Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі. Ол кісі көп жасап, қартайған кезінде өмірден озыпты. Ырғызбай тұқымдары, бүкіл Шыңғыстау жұрты Зерені құрметтеп «кәрі әже» деп атаған. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.
Ұлы ақынның азан шақырып қойған есімі ‒ Ибраһим. Бірақ бүкіл Алаш жұртына және дүние жүзіне Абай деген атпен белгілі. Зерттеушілер мұны әжесі Зеренің Ибраһим деген араб сөзіне тілі келмегендіктен Абай атапты-мыс деп түсіндіреді. Бұл дәлел бола алмайды. Ауызекі айтуға Ибраһим есімі соншалықты қиын емес. Қазақы түсінікпен Ыбырайым, Ыбырай деп те атауға болатын еді ғой. Біздің бала кезімізде ауыл ақсақалдары Абай туралы сөз бола қалса: «Қажының Ыбырайы немесе Құнанбайдың Ыбырайы» десетін. Олай болса Зере әженің Ибраһимді басқа немерелерінен айрықша бөліп Абай деуінде не құпия бар?
Ақиық ақын ғана емес, зерделі зерттеуші де болған Қалихан Алтынбаев бұл есімнің сырына «Орыс – қарайым» сөздігін оқыған соң қанығыпты. Сол сөздікте «Абай, Абайлы, Абай бала» деген сөздерге: «сүйкімді, сүйікті бала» деп түсінік беріліпті. Сонда бұл сөздер Зере өмір сүрген заманға дейін қазақ ортасында да кеңінен қолданылған сияқты. Кейін келе қолданыстан шығып қалған. Анық-қанығын зерделесек, қазірдің өзінде елесті іздері байқалады. Бұған «Абай гүлім-ай» деген халық әнінің аты дәлел болса керек. Тіпті елге кеңінен танымал бесік жырындағы:
Әлди-әлди, Абайым
Атқа тоқым жабайын
Шешең, сенің кезеген
Қайдан іздеп табайын, –
деген өлең жолдарын еске түсірейік. Осы екі әнде де «Абайгүлім-ай», «Абайым» сөздері сүйікті, сүйкімді мағынасын беріп тұр ғой. Ендеше Зеренің сүйікті немересін тілі келмегендіктен емес, ерекше жақсы көргендіктен осылай атауы көкейге әбден қонымды дей аламыз.
Мейірбан әже осылайша немерелері ішінде Абайды ерекше жақсы көріп еркелеткен, оны бала күнінен өлең-жырға шыңдап, ақынның болашағына үлкен әсер еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере бейнесін өте мейірімді, қамқор ана ретінде шынайы сомдаған.
Құнанбай қажы өз кезінің алдыңғы қатарлы, озық ойлы адамы ретінде 1853 жылдың күзінде Жидебайдың терістік шығысындағы Найзатас деген жерден мұсылманша оқытатын мектеп ашып, татар Ғабитхан молданы алдырған. Міне, осы Ғабитханнан Абай алғаш сауатын ашқан. Немерелерін жанындай жақсы көріп, бағып-күтіп отырған шешесі Зеренің жасы сол кезде сексенге таяп қалғандықтан Құнанбай анасына суық тимеу жағын ойластырып, қыстауы Жидебайға жақын Найзатас күзегін мектепке лайық көрсе керек.
Немересі Абайдың молда алдына сабаққа барғанына ең бірінші қатты қуанған әжесі Зере ана болған. Ғабитхан молдадан әріп танып, сауатын аша бастаған немерелерін қадағалаған кәрі әже балаларға оңаша киіз үй тіккізіп, оның жылы болуын әр кез қаперінде ұстаған. Абайдың оқуға зеректігін байқап, оған жете көңіл бөлген Ғабитханды қажы баласының үйінің төріне отыратын ең сыйлы адамының дәрежесіне жеткізген де зерделі Зере әже еді.
Абаймен бірге оқыған балалардың бәріне де бірдей қараған қарт әже немересін бұрынғыдай бөлек тамақтандыруды ыңғайсыз көріп, бәріне де ортақ дастарқан жайғызған. Қара суық түскен кез – күзде үнемі киіз үйде сабақ оқитын балалардың тоңатынын байқап жүрген Зере әже Құнанбайға Найзатас күзегінен жеке там үй салып беруді тапсырады.
Анасының айтқанынан шықпайтын қажы арада бір жыл шамасында үш бөлмелі мектеп үйін салдырған. Асты-үсті тақтайланған там үйдің екі бөлмесі шәкірттердің сабақ оқуына арналса, бір бөлмесінде Зере әже тұрыпты. Осылайша өз немерелері ғана емес, көршілес ауылдардың балалары оқыған Ғабитхан молда мектебінің ашылып, өнімді жұмыс істеуіне, сөйтіп Шыңғыстаудағы оқу-ағарту ісіне Зере әже де өзіндік үлесін қосқан.
Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана болған кәрі әже Зере мен сүйікті немересі Абай арасындағы ыстық ықыласты «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» тарауынан оқып білеміз.
«Зере ел шабысын әңгіме еткенде, сол істердің бәрін ел басына әлек салған, ұлардай шулатқан, кесел күндей айтатын. Кішкентай күнінен ертек-әңгімені көп сүйетін бала, осы күндерде, осы жазды тіпті көп есітіп, көп біліп алған сияқты». Бұл үзіндіден бала Абайдың дана Абайға айналуына әсер еткен мысалдың бірегейі деуге болады. Абай ақындығына ықпалын тигізген екінші бір үлкен оқиға – бұл осы «Қайтқанда» тарауында Құнанбай ауылына қонақ болып келген атақты төкпе ақын Дулат пен жыршы Байкөкше еді. Сұңғыла әже Зере аталас ағайыны Дулат бауырын немересі оның ақындық, жыршылық талантынан үйренсін деп Ақшатаудағы қонысынан арнайы алдырып шақыртқан.
«Ал ел айығып, оңаша қалғанда, Дулат өз жырларын өзі құрбы – Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын айтқан жырларды термелеп кетеді.
Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұңын айтатын сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Дулат біреуді мақтап, біреуден сұрап айтатын ақын емес.
Абай мен шешелерінің кешкі уақытта тыңдаған жырларының көбі Дулаттың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелер болады. Мұндай кезде Дулат Абайға күндізгі Дулаттан тіпті басқа боп көрінеді. Қызықты қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкіші, сауықшыл Дулат емес. Кешкі кездерде ол бір үлкен өсиетші, кейде шерлі де қарт сияқтанады».
1942 жылы алғаш жарық көрген «Абай» тарихи романында ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі өкілі, Абай туып-өскен Шыңғыстау өңірімен көршілес Жарма мен Аякөз аудандары түйіскен жерде өмірге келген эпик ақын Дулат Бабатайұлының аты осылай өз есімімен осы басылымда ғана аталған. 1947 жылдан бастап кеңестік сыңаржақ саясат Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деп теріс бағалады да, соған байланысты М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында Дулат есімін Барлас деп еріксіз өзгертті.
Сол «Қайтқанда» тарауында Дулат ақынмен кездескен тебіреністі сәттер суреттелетін шақтан бастап Абайдың поэзия әлеміне құлай берілгені белгілі. Ең алғашқы өлең қалін баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулат, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың өзін осылайша бала күнінен естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Бұл жайттан Дулаттай жыр алыбы ұлы Абайдың алдындағы үлгі-өнегесі болды, оған жаңа ақындық бағыт сілтеді, сөйтіп рухани ұстазы болды деп айтуға қақымыз бар. Мұның өзі бәзбіреулер ойлағандай, Абайды төмендету емес, оның ақындық даралығын, даналығын айқындаған ой деп білу керек.
Бұл тағылымы мол тәрбиеде Дулат ақынның Байкөкшемен бірге дәл бір айдай Құнанбай ауылында болып, Абайды өлең, жырмен сырқатынан құлантаза арылуына әсер етуіне жағдай жасаған зерделі Зере әже мен ақылды Ұлжан ананың өрісті өнегесі болса керек. Даңқты батыр, қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында «Абай» романын оқығанынан алған әсерін «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген» деп жоғары бағалапты.
Ұлы Абайдың санасына сәуле түсіріп, көңілінің аспанын ақылымен арайландырған рухани ұстазы Зере әже көп жасап, тоқсанға жетіп қайтыс болған. Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне келіп, зиярат етушілер Қазақ елінің қағбасы атанған осы қасиетті орынға барар жолдағы ұлы ақынның әжесі Зере мен анасы Ұлжанның зиратына бірінші болып тәу етіп, құран бағыштайды.
Данышпан Абайдың жүрегінде ізгіліктің шырағын жаққан, өмірдің ізгілік жолына бастаған Зере әженің туған жері – Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында 2016 жылы ұлы анаға ескерткіш қойылып, үлкен құрмет көрсетілді. Өте игілікті, тағылымды шара. Осы салтанатқа «Құнанбай» көркем фильміндегі Зере әженің рөлін шебер ойнағаны үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған Жарма ауданының тумасы,
театр әртісі Нұрсипат Салықова құрметті қонақ ретінде қатысып, өзінің құттықтау сөзінде: «Зередей әжелеріңнің аруағы әрқашан қолдап жүрсін! Пенде болған соң адам басына түрлі тағдырлар жазылатыны белгілі. Қысылған, қиналған сәттеріңде осы Зере ананың басына келіп ес жинап, зерек болып есейіңдер, қарақтарым!» деген ізгі тілегін айтқан болатын.
Сонымен бірге Зере апамыздың ұлы есімін мәңгілік есте қалдыру қамын да ойластырсақ. Бұл ретте Жарма аудандық мәслихатының сессиясы сол 2016 жылы Жаңаөзен деп аталған ауылды Зере ауылы деп өзгерту туралы шешім шығарып, бұл ұсынысты жоғары билік орындарына жіберген болатын. Өте орынды ұсыныс деп ойлаймыз.
Ал Жаңаөзен атауына келсек, бұл қайдағы Жаңаөзен? Осы ауылдың тура ортасымен ағатын Жанама өзені алқабын, бүкіл Қалба өңірін ежелден қазақтар жайлап, қоныс еткен. ХІХ ғасырда осы маңға көшіп келген келімсек қарашекпенділер бұл аймақты өздерінше жаңа жер деп ойлап, Новореченское деп ат берген. Ешқандай да жаңа жер емес. Зере әжеміз шыққан Бақы матайлардың жаз жайлауы, қыс қыстауы болған ата қоныстары. Соның айқын белгісіндей осы Жаңаөзен деп аталатын ауылдың терістік жағында Зере апамыздың аталас туысы Есберді батырдың зираты бар. Бір кезде балшығын қымызға илеп, жүн қосып соққан зират қазір құлап жатыр.
Сондықтан тоғыз жолдың торабында халықаралық маңызы бар, оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан «Алматы-Майқапшағай» және солтүстікке қарай жалғасқан «Алматы-Омбы» күре жолында орналасқан ауыл Зере ауылы деп аталса құба-құп болар еді. Әрлі-берлі өткен жолаушы «Ұлы Абайдың әжесі Зере атындағы ауыл» деген ескерткіш белгіні көріп, тағзым етер еді. Біз де осы есімді қош көреміз. Зере ауылы арқылы ұлылар мекені – Абай, Шәкәрім, Мұхтар шыққан Шыңғыстау өңірімен де тығыз байланыс орнығып, Зере апамыздан басталған өнегелі тәрбие мектебі өз жалғасын табады деп кәміл сенеміз. Бұл халық анасына, ұлт ұстазы Абайдың әжесіне көрсетілген үлкен құрмет белгісі болар еді.
Серікқазы Қорабай,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор