– Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Қоғамның жегі құртына айналған бұл дертпен күресу қиын екені түсінікті. Соған қарамастан, онымен күресу мақсатында іске асырылып жатқан жобалар да өз жемісін беріп отырғаны белгілі. Осы орайда агенттіктің жұмысына тоқталып өтсеңіз?
– Бүгінде әрбір азамат, қоғам қайраткері, оның ішінде журналистер де парасаттылық идеологиясын ілгерілетуде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда ерекше рөл атқарады. Өйткені жұртшылықтың белсенді қатысуынсыз сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес.
Агенттік мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмысты белсенді жүргізуде. Бүгінгі таңда агенттік жанынан құрылған консультативтік-кеңесші органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың негізгі генераторлары саналады.
Өздеріңізге белгілі, агенттік жанынан құрылған алғашқы қоғамдық институт – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша Арнайы мониторингтік топ. Ол 2015 жылы құрылып, 5 жыл ішінде азаматтық бақылау институтына айналды. Республикалық және жергілікті деңгейде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін дамытуға елеулі үлес қосты.
Арнайы мониторингтік топ мүшелері жүйелі түрде ҰБТ-ның өтуіне мониторинг жүргізу және магистратураға түсу кезінде гранттарды бөлу арқылы академиялық адалдық қағидаттарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізеді. Арнайы мониторингтік топтың бүгінгі проблемаларды неғұрлым нақты шешу мақсатында барлық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, әсіресе салықшылар мен кеденшілердің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған.
– Осыдан екі жыл бұрын құрылған «Адалдық алаңы» жобасы бүгінде қарқын алып келеді. Бағдарламаның қазіргі нәтижесі қандай?
– Иә, екі жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы елдік қозғалысқа айналған «Адалдық алаңы» бағдарламасы танымалдылыққа ие болды. Елбасының тапсырмасы бойынша елордада басталған жоба бүгінде бүкіл елді қамтыды. Бағдарлама тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытудың жалпыұлттық идеясын ілгерілетудің толыққанды брендіне айналды.
Бұдан басқа «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері шеңберінде мемлекеттік органдарды ауқымды трансформациялауға, олардың қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуге бастама жасады. Яғни, әртүрлі деңгейдегі 200-ден астам ашық сервистік әкімдік, шамамен 2 мың кедергісіз фронт-офис және open space ашылды. Соның арқасында мемлекеттік қызметшілер халықпен етене жұмыс істейді. Осылайша қызметтер ыңғайлы және түсінікті бола түсті.
– Сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бұл бағыттағы жұмыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту және тәрбиелеу маңызды рөл атқарады. Бірінші кезекте, азаматтардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша пәрменді шаралар қабылдай отырып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлінеді.
Осы бағытта Adal kómek еріктілер жобасы іске қосылды. Оған патриоттық және қоғамның тағдырына бейжай қарамайтын, құқықтың әртүрлі салаларында мамандандырылған білікті заңгерлер тартылған. Жобаға 2,5 мыңға жуық заңгер атсалысып, 18 мыңнан астам сұрақ бойынша түсініктемелер берілді.
Халықпен сындарлы диалог құрудың, парасаттылықты насихаттаудың және сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамаудың тағы бір құралы – республикалық және өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтар. Олар әлеуметтік желілерде жобалық кеңселердің қызметін кеңінен жариялау мақсатында құрылды. Биылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру тақырыбында 1700-ден астам тікелей эфир ұйымдастырылды.
– Кәсіпкерлікті, бизнесті құқықтық қорғау мақсатында да ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Осыларға да тоқтала кетсеңіз.
– Экономикадағы циклдік дағдарыс құбылыстары аясында отандық бизнесті де, сыртқы инвесторларды да қолдау және қорғауды қамтамасыз ету мәселелері өзекті.
Мемлекет тарапынан қолдау тапқан жобалардың бірі – Protecting Business and Investment. Бағдарлама бизнеске құқықтық тұрғыда көмектеседі. Жоба арқылы шамамен 12 трлн теңгеге 500-ден астам отандық және шетелдік инвестициялық жоба көмек алады.
Мемлекет басшысы 24 мың шақырым жолды реконструкциялау және жол сервисімен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Мұның бәрі республикалық маңызы бар жолдар. Осы міндеттерді іске асыру үшін агенттік «Сапалы жол» жобасын ұсынды. Соның нәтижесінде 12 млрд теңге үнемделді.
Біздің барлық бастамамыз ел басшылығы мен жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Бұған қосымша мысал ретінде азаматтардың бюджетті қалыптастыру және жұмсау процесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы мемлекетті басқаруға қоғамдық қатысуға бағытталған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасын» іске асыруды айтуға болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекеттік аппарат халық алдында барынша ашық болуы қажет. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Агенттік жанынан осы жылдың басында құрылған Қоғамдық кеңес маңызды рөл атқаруда. Кеңеске кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар беделді және құрметті қоғам қайраткерлер енді.
Кеңес мүшелері агенттік әзірлеген нормативтік-құқықтық актілерге сарапшылық баға берді. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте жұмыс істейтіндерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау және жүзеге асыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары бойынша нормативтік-құқықтық актілер бар.
Агенттік бүгінде Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықпен сындарлы диалогты қамтамтасыз етеді. Қоғам мен агенттіктің күш-жігерінің синергиясы өз жемісін берді десек қателеспейміз. Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірлеу және қабылдау туралы бастаманы қолдады. Оның қабылдануымен ашықтық, бақылауда болу, мемлекеттің қоғамға есеп беретін сапалы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің жаңа кезеңі басталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»