*Қазақстан судьяларының VІ съезі қарсаңында
1996 жылдың желтоқсанында өткен судьялардың бірінші съезінде Судьялар одағының іргетасы қаланған болатын. Содан бері тарих үшін сот жүйесінде сан бедерлі қатпарлармен, айшықты да айқын бағыттарын белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістер өмірге келді. Бұл жылдар тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жылдары болды. Содан бері судьялардың бес съезі де өтті.
*Қазақстан судьяларының VІ съезі қарсаңында
1996 жылдың желтоқсанында өткен судьялардың бірінші съезінде Судьялар одағының іргетасы қаланған болатын. Содан бері тарих үшін сот жүйесінде сан бедерлі қатпарлармен, айшықты да айқын бағыттарын белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістер өмірге келді. Бұл жылдар тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жылдары болды. Содан бері судьялардың бес съезі де өтті.
Әр съездің өз алдына қойған биік мақсаттары болды және олар нәтижелі түрде іске асып отырды. Алғашқы съезден кейін судья этикасы қабылданды. 2005 жылғы маусым айында өткізілген Қазақстан судьяларының IV cъезіне делегат ретінде қатыстым. Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Президент: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Мұның мағынасы билік айтушы ешкімді алаламайтын адал, қара қылды қақ жарған әділ болуы керек дегенін, бұл ұлттық сот жүйесін тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастыруымыз қажет.
Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ» деген болатын. Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың біліктілігіне, судьяның ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиетіне байланысты.
Одан кейін, 2009 жылдың қараша айында Астанада Тәуелсіздік Сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде сот жүйесін одан әрі дамытудың жаңа басымдықтары белгіленіп, республикада сот реформасының жетістіктері мен барысы талқыланып, соттар алдында тұрған міндеттерді жүйелі шешу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бұл съезд өзіне дейінгі өткен съездердің заңды жалғасы десек болады. Өйткені, олардың қай-қайсысында да еліміздегі дербес сот жүйесін одан әрі барынша дамытып, алдағы уақытта оны реформалауда оң табыстарға қол жеткізудің жолдары көрсетілгені анық. Республикадағы сот құрылымының іс жүргізуін, оны оңтайландыру арқылы тиімділігін арттыру басты мәселеге айналды. Жұмысты оңтайлы ұйымдастыру арқылы соттардың халыққа жақындығын, ашықтығын, сот төрелігіне қол жеткізудің барлық мүмкіндігін реттеуге қабілетті, үш буынды сот жүйесі құрылды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған заң сот жүйесін жаңғыртуға бағытталды. Бұл сотқа жүгінушілердің ахуалын жақсартты. Атап айтқанда, азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру жөніндегі шаралар алынды. Сот өндірісін жетілдіру және істерді сотта қараудың мерзімін қысқарту жөніндегі жұмыстар жалғастырылды. Соттар мен судьялардың одан әрі мамандануын қамтамасыз ету, сот әкімшілігі жүйесін дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Құқықтану мен сот әкімшілігі міндеттерінің аражігін нақты айқындау қолға алынып, сот жүйесін жетілдіру процесі жаңартылған заңнамаға сәйкес жүргізілуде.
Ата заңымызда мемлекет адамның және оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына өзінің ең қымбат қазынасы ретінде қарайтындығы айқындалған. Соттар қызметінің тиімділігі, олардың шығаратын шешімдерінің әділеттілігі мен жеделдігі және толық орындалуы – кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі көрсеткіші. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігі қамтамасыз етіледі және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады.
Қазақстан – тәуелсіздікке жеткен алғашқы күндерінен бастап, өзінің құқықтық жүйесін белсенді қалыптастырып келе жатыр. Қол жеткізген нәтижелерге қарамастан, сот жүйесіндегі реформалар жалғасып, қоғамның сұранысына, экономикалық қатынастардың даму деңгейіне, азаматтардың құқықтық санасының қалыптасуына сәйкес өз жемісін береді деп сенеміз.
Өткен съезде судьялар арасында моральдық тазалықты, парасаттылық пен жоғары адамгершілікті, кәсіби біліктілікті жандандыру қажеттілігіне көңіл бөлінді. Демек, ашықтық пен жариялылық бізге қойылған басты талаптардың бірі. Мемлекетіміз озық әлемдік стандарттарға сай келетін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін ашық және мөлдір сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған көптеген шараларды жүзеге асырып келеді. Сондықтан алдағы өтетін Қазақстан судьяларының алқалы жиынында еліміздің сот жүйесінің жұмысын одан әрі жандандырып, сот жүйесі мен судьялардың алдына жаңа міндеттер қойылып, жауапкершілікті жоғарылатуға бағытталған ауқымды бағдарламалар белгіленеді деген ойдамыз.
Гүлжиһан САҒИТОВА,
Батыс Қазақстан облысындағы
Ақжайық аудандық №2
сотының төрайымы.