Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Жылыжайларда озық технологияларды қолдану көлемі артып келеді

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы жылыжай шаруашылықтарын дамытуға көп көңіл бөлініп, бүгінде мұндай кешендердің көпшілігі заманауи технологияға көшкен. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы "Экопродуктплюс" жылыжайы түркиялық технологияны пайдаланып, автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Осындай озық тәжірибенің арқасында шаруашылық жылына 500 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жылыжайларда озық технологияларды қолдану көлемі артып келеді

Маусымаралық кезеңде көкөніспен өңірдің өзін өзі қамтуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  және көкөніс бағасын тұрақтандыруға ықпал ететін тиімді шараның бірі – жылыжай шаруашылығын дамыту. Бұл жағынан Ұйғыр ауданы жерінің құнарлылығы, табиғатының қолайлылығы жылыжай шаруашылығы үшін аса тиімді. Оған қоса автоматтандырылған жүйені енгізу, тамшылатып суару және тыңайтқыштарды қосу әдісі мен жылу жүйесін орнату сияқты озық технологияларға көшу шаруашылықтарға өнімнің сапасын жақсарту мен  мен табысты еселей түсуге жақсы мүмкіндік беріп отыр.  Жер астынан шығатын ыстық су мен күн сәулесінің қызуы да кәдеге асуда. Табиғат сыйы біраз шығынды азайтуға септігін тигізіп отыр.

Осы аудандағы "Экопродуктплюс" жылыжайының директоры, жергілікті кәсіпкер Р.Баситовтың айтуынша, кешенге Түркияның технологиясы қойылып, климатты бақылау жүйесі орнатылған. Аталмыш технология жыл бойы бірқалыпты температураны сақтауға мүмкіндік береді. 2019 жылдың сәуір айында салына бастаған жылыжай кешені сол жылдың қазан айында қолданысқа берілген. Кешеннің аумағы 1,5 гектарды құрайды. Негізгінен қияр, қызанақ, жуа өсіруге ден қойып отыр.  

Жалпы жоба жетекшілері жылына 500 тоннаға дейін өнім алуды межелеген. Өнімдердің басым бөлігі ел аумағына шығарылып, көршілес мемлекеттерге экспортталуда. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жалпы Алматы облысында бүгінде 101,1 гектар жерде 101 жылыжай тіркелген. Оларда 1 қазандағы мәлімет бойынша 24,5 мың өнім, яғни қияр мен қызанақ жиналды.