Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Бастама баяндылығымен құнды

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау – қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайларымен көрікті. Өткеннің олқы түсірген жерін болашақ ұрпақ бүтіндеп отырса, қандай жарасымды!..

Бастама баяндылығымен құнды

Ел мен жердің тарихын екшеп, көкірегіне құйған көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, қаланың батыс жағындағы тойған қозыдай томпайып жатқан Бұқпа тауының баурайы ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс болған екен. Кейін әлденеше мәрте өрт шалған. Жылан тілі сумаңдаған қызыл өрттен аман қалған орманды кейін жергілікті жұрт аяусыз отап, әжетіне жаратқан. Қазір Бұқпаның арғы-бергі беткейі көсенің иегіндей жып-жылмағай.

Облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесінің ұжымы бағалы бастама көтеріп, «Көкшетау – көк қарағайлар мекені» акциясын өткізді. Облыс орталығындағы №4 орта мектептің жанына 30 түп қарағай екті. Алдағы уақытта көшеттерді суарып, күтіп-баптауды да өз мойындарына алып отыр. Енді осы игілікті іске қаладағы ұжымдар жұмыла кіріссе, жөн болар еді.

Бұған дейін де Бұқпаның баурайына талай мәрте көшет отырғызылған. Күнге бой салып, көктегені көп емес. Көшетті де көзбояу үшін отырғызу белең алып кетті ғой. Шыбық шанышқаннан кейін аттап баспаған соң қаншама көшет көктей солып қалды. Топыраққа көмілген қайран қаржы дейсіз де.

Бұл жолы ұжым көшеттерді өздері күтіп-баптамақ. Демек, жас көшеттің өзіндей үлбіреген үміт бар. Ел игілігі үшін, аруақ қонып, нар шөккен ата қоныстың көркі үшін бағалы бастама қолға алынды, ендігісі елге сын!  

 

Көкшетау қаласы